Weekend

Шымкентт қандай археологиялық жұмыстар жүргізілді?

2200 жылдық тарихы бар қала

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Археологиялық дереккөздер Шымкент қаласына, кем дегенде, 2200 жыл толғанын жан-жақты дәлелдейді.

Шымкент қаласының тарихи жасын айқындау жөнінде Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты да, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де әжептәуір, елеулі жұмыстар жүргізгені мәлім. 2005 жылы республикалық баспасөз беттерінде Шымкенттің жасы, ең кемі, 2200 жылға толып отырғаны едеуір жазылды. Ал 2008 жылы облыс орталығында «Еуразияның ежелгі және ортағасырлық урбандануы және Шымкент қаласының жасы туралы» деген тақырыпта басқосу өткізілді.

Шымкент қаласын археологиялық тұрғыдан зерттеуде 2003-2008 жылдары біршама тындырымды шаруалар атқарылды. 2012 жылы Алматы қаласынан тарих ғылымдарының докторы, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаевтың «История Шымкента. 2200 лет по археологические источникам» деген кітабы жарық көрді. Кітап сегіз тараудан тұрады.

Алғашқы тарауда Шымкент қаласын зерттеудің тарихы, екіншісінде қытай, араб, парсы, орыс, ағылшын дереккөздері зерделенеді.

Келесі тарауда Шымкенттің негізгі Нуджикенттен басталғаны байыпталып, нақты дәлелденеді.

Төртінші және бесінші тарауларда Шымкенттің стратиптографиясы мен хронологиясы қазба материалдар арқылы айқын түсіндіріледі.

Кейінгі тарауларда шаһардың түрлі бөліктері мен арнайы аумақтары және айнала төңірегі туралы деректерге толы.

Қазба материалдарының, оның ішінде керамикалық кешендердің осыдан 2200 жыл бұрынғы шаһардың ақиқат қалдықтары екені, Нуджикенттің, оның маңайындағы Сайрамның, тағы басқа да елді мекендердің алқаптары жан-жақты сараланып сарапталады. 

– Шын мәнісінде Түркістан қаласына да 2200 жыл толып отыр. Оны марқұм археолог-ғалым Ерболат Сманқұлов Күлтөбенің астынан қазған тарихи деректерімен, дәйектерімен дәлелдеп кеткен. Ал Шымкенттің Нуджикент және Исфиджаб деген екі тарихи атауы болған, – дейді бұған қатысты археолог-ғалым Б.Байтанаев.

Аталған кітап бойынша Шымкент шежіресіне шолу жасайтын болсақ, қаланың негізгі Нуджикет екені анық.

Араб, қытай, орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының еңбектерін жан-жақты талдай келе қазақ археологтары, соның ішінде Бауыржан Байтанаев Испиджаб (Сайрам) шаһарының батыс қақпасы әуелгіде Нуджикет қақпасы, кейіннен Шымкент қақпасы аталғанын көптеген дәлелдер арқылы анықтаған. Жалпы, ол уақытта Шымкенттің Бас қақпасы болған. Олардың екеуі Түркістан қақпасы, қалғандары Әулиеата қақпа, Күміс қақпа, Ташкент қақпа деп аталған.

Шымкент рабатының аумағында, Қошқарата мен Қарасу өзендерінің аңғарларында археологиялдық қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде жүргізілген археологиялық қазбалар көп дүниені байқатты, талай-талай нәтижелерге әкелді. Мәселен, керамикалық дүниелердің орта ғасырлар мен кейінгі орта ғасырлар кезеңіне тән екендігі анықталды. Орта ғасырлық керамика кешендері құрамында асүйлік және асханалық ыдыстар, атап айтқанда, құм, құмыралар, қазандар мен қыш құмыралар, қақпа, леген, шаралар, шылапшындар, басқа да табақ-аяқтар бар.

Шымкенттің кейінгі ғасырларда қандай болғанын, тұрғындардың немен айналысқанын айғақтайтын археологиялық қазба қазыналар аз емес. ХІХ ғасырдағы кенттің кейбір бөліктерінің суреттері бірқатар басылымдарда жарияланған. Тіпті, АҚШ Конгресінің кітапхана қорында «Түркістан альбомы» дейтін дүниенің сақталғаны, онда Шымкенттің 1871 жылдардағы көріністері бейнеленген суреттердің бар екендігін Бауыржан Байтанаевтың «История Шымкента. 2200 лет по археологические источникам» атты кітабында қайталай еске алып, бірқатар көшірмелер жариялаған.