Экономика

4 ай жалақы алмаған 80 адамның назы (видео)

Маңғыстау облысы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мырзаның назарына!

Маңғыстау облысының прокуроры Ерлан Абаев мырзаның назарына!

 

- Жұмысшының жалақысын оның маңдай тері кеппей тұрып беріңдер,- дейді өз хадисінде Мұхаммед Пайғамбар.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 22 бабына сәйкес, жұмысшыға уақытылы және толық көлемде жалақы төленуге міндетті.

Елбасы Н. Назарбаев бір сөзінде жұмысшылардың жалақысын уақытылы беруді қамтамасыз ету - мемлекеттің әлеуметтік қорғауының кепілі екендігін айтқан.

Алайда, Маңғыстау облысының мемлекеттік мекемелері Құдайдың заңына да, өкіметтің Заңына да, Елбасының тапсырмасына да пысқырмайтын сияқты!

Олай айтуыма дәлел – Маңғыстау облысының құм басу қаупі туған Тұщықұдық, Шебір, Сенек, Ұштаған ауылдарын экологиялық сауықтырумен айналысатын «Жасыл әлем Маңғыстау» ЖШС мекемесінде жұмыс жасайтын 80-ге тарта қызметкердің 4 айдан бері жалақысын алмағаны!

Төрт айдан бері жалақысын ала алмай, әбден ашынған бір топ жұмысшы бүгін өздеріне тапсырыс беруші басқарма – «Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының» бастығы Дүйсен Құсбековке өз беттерімен кірген. Алайда, Құсбеков мырза мәселені тез шешіп берудң орнына жұмысшылардың мекемесіне жылдық қаражаттың 80 пайызын аударғанын айтып, қазіргі уақытта қаражаттың бір себептерге байланысты түспей тұрғанын, түскен бойда аударатынын айтып, жұмысшыларды өз басшыларына кері қайтарып жіберген. Аталған «Жасыл әлем Маңғыстау» ЖШС басшысы Қошқарбай Мәтіков деген азаматқа хабарласқанымызда, ол жоғарыда айтылған басқарманың шілде айынан бері жасалған жұмыстарына тиесілі 38 млн. теңгеге жуық қаржының аудармай жатқанын, соның салдарынан жұмысшыларына айлығын бере алмай отырғанын айтты.

Сонда сексен адамның жалақысыз төрт ай сандалуына кім кінәлі болып шықты?!

Шілде айынан бері атқарған жұмысына тиісті қаражатын ала алмай жүрген «Жасыл әлем Маңғыстау» ЖШС директоры Қ. Мәтіков пе?

«Жасыл әлем Маңғыстау» ЖШС-не құм тоқтату жұмыстарын жүргізуге тапсырыс беруші Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының» бастығы Д. Құсбеков пе?

Әлде Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қаражат бөлдірмей отырған Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов па?

Біздің сұрайтынымыз – облыстық қаржы саласына жауапты басқармалар тарапынан туындаған бюрократиялық кедергілер кесірінен не себепті қарапайым жұмысшылар зардап шегуі керек?!

Құрметті Ералы Тоғжанов мырза! Облыс әкімдігіне бағынысты басқармадан тапсырыс алып отырған жұмысшылардың мәселесін тікелей өз бақылауыңызға алып, тез арада шешіп беруіңізді сұраймын.

Құрметті Маңғыстау облысының прокуроры Е. Абаев мырза! 
«Жасыл әлемнің» 80 қызметкерін сенделтіп қойған, міндеттемеге сай, өз міндеттемелерін уақытылы орындамаған, Еңбек және Сатып алу заңнамалары талаптарының бұзылуына тікелей жауапты басқармаларға қызметтік тексеріс жүргізіліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылсын!

Жаңа Жылды жұмысшылар жақсы көңіл-күймен қарсы алсын!

P. S. Сөзіме дәлел ретінде жалақысын сұрап келген жұмысшылардан алған қысқа бейнеинтервьюімді назарларыңызға ұсынамын.

Уайс Ерсайынұлы