Саясат

Түсіністікке не кедергі?

Ұлттың толлеранттылығын жоғалтуы немесе "барлығына батыс кінәлі"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Басқа ойға, көзқарасқа деген төзімділік пен жұмсақтық көрсете білу қасиеті, яғни, толлеранттылықтың көрсеткіші қазақ бойында қандай дәрежеде екен? Халқымыз ежелден сыйластық пен сыпайылықты ұяттың діңгегі деп санап, кез-келген жағдайға түсіністікпен қарайтын сияқты еді. Бүгінде сол түсіністіктің ауылы алыстап, кереғар көзқарастар салдарынан сыйластық пен құрметке сызат түсіп жатыр. Менталитет шекарасынан шыға алмайтындар өз миының қамауына түсіп, былықтың бәрін батыстың мойнына артып жатыр. Ешкім де кінәратты өз бойынан іздейтін емес. Қайран елім, бәрін ұғатын кең жүрегің қайда кетті?

Менталитеттен аттап, сырттан келген дүниені сіңіре берген дұрыс емес те шығар. Дегенмен, жаңашылдықтарды сүзгіден өткізіп, алға жылжуға мүмкіндік беретіндерін неге қабылдамасқа? "Қазақпыз ғой, бұл біздің салтымызда жоқ" немесе "Еліктеуіштер" сынды сөздер қазақты өткен шақта қалып қойған халық ретінде көрсетеді. Әрине, салтымызды жоғалтпауымыз керек, бірақ оның ішінде тек іске татырлығын алып қалған жөн.

Біздің ұлт жаңа үрдіске үнемі "найза ала жүгіргенді" жақсы көретіні айтпаса да түсінікті шығар. Қарапайым, қара домалақ балалар елін әлемге танытқысы кеп, талмай еңбек етіп жатса, біздің еш еңбегіміз сінбей жатып, "диванда отырып" даттауға шеберміз. Солардың шаш бояғанынан сенің де шашыңды бояғың келді ме, әлде шашының түсіне бола олар қыздарға тән қылық жасап жүр ме? Неге еркектік тек сырт келбетпен өлшенеді? 

Бұдан бөлек, "жалған намыстылар" біреулерге орыс тілінде сөйлеуге тыйым салып әуре болып жүр. Қашаннан бері патриоттық сезім тек тілге байланысты бағаланатын болды? Тарих сабағын жүргізетін ағай қазақша бір ауыз сө білмейтін танысы туралы айтқан еді. Ұлтының бөлектігіне, тілінің өзгешелігіне қарамастан, ол кісі қазақ елін біздің "патриотсымақтардан" жүз есе артық жақсы көреді екен. Дегенмен, біз сыртқы факторлардың әсерімен сынауға үйреніп қалғанбыз, түп-тамырына жетіп не керек?

Сонымен қатар, көпұлтты елміз дейміз, ұлттардың барлығы тату-тәтті өмір сүріп жатыр деуден жалықпаймыз. Осы бетперде татулықтың ішінде қандай қырғын жатыр десеңші! Ұлтқа, нәсілге бөлу, кемсіту, артықшылығын жариялау сынды оқиғаларға күнделікті өмірде амалсыз куәгер боласың. Кеңес дәуірінде болған өшпенділіктен айырыла алмай келе жатқандар да жетерлік. "Кеңес Одағы бізді бір ыдысқа қамап қойды, біз одан әлі күнге шыға алмай келеміз" деу-қате түсінік. Баяғыдан-ақ өзімізді өз шырмауымызға салып қойған тек қана өзіміз, басқа ойдың болуы да мүмкін емес.

Бәрін айт та, бірін айт, бұлар мұхиттай мәселенің тамшылары ғана. Егер халқымыз біреудің таңдауына сыйластықпен және түсіністікпен қарауды үйренбейтін болса, құрып жатқан "Мәңгілік Елімізден" бір тиын пайда болмайды. Ата Заңымыздың он төртінші бабында: "Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды" деп анық және нақты көрсетілген. Бұл заң-адамдардың таңдау еркіндігінің дәлелі. Өзге біреу қандай шешім қабылдаса да, әрқайсымыз бұл таңдауға толлерантты тұлға ретінде қарауымыз міндетті. Ең бастысы-сенің пікіріңнен бөлек, өзгеше пікір бар екендігін үнемі есте сақтау. Егер, әрбір азамат ең алдымен өзін толлерантты болуға тәрбиелесе, дамыған елдердің қатарына кіріп қана қоймай, сол тізімде көшбасшы боларымызға нық сенімдімін.