Bugin

Алтын Орданың ұрпағымыз: басыңды көтер!

2019 жылдан үміт көп

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Біз Алтын Орданың ұрпағымыз. Мойындасақ та, мойындамасақ та бұл ақиқат.

Алтын Орда кімге бағынышты болды? Кімге тәуелді болды? Ешкімге тәуелді болған жоқ. Керісінше өзгелер бабаларымызға салық төлеп тұрған жоқ па?! Ендеше, біз бодан емеспіз, біз төмендеуге тиісті ұлт емеспіз. Кеудесін көтеріп, басын тік ұстайтын бабалардың жалғасымыз.

Тарихта: «бір-бірін сатқан, қызғаныштан өлтірген, алдаған» деген түсініктер бар. Бұл әңгіме таққа таластан, билікке құмарлықтан өрбіді. Ашығын айтқан кезде, бүгінде қазақ ортасында кім-кімді сатпай жатыр? Кім адалынан ас ішіп, кім өзінің құдығына түкірмей жүр? Арамызда өткенді сынап отырып, өзі сол былыққа батып жүргендер де жоқ емес.

Арасы 70 жылға созылған соңғы Совет үкіметіндегі бодандық қамыты қысып жібергені болмаса, дәл сол күнге дейін мүддесінен, идеологиясынан айырылмаған қазақтың бір ғасырға жетпейтін уақытта алған жарасы неге бітпей кетті?

Оның өзінде толық жетпіс жылды қамтыды деп айта алмаймыз. Ортадаға Алаш Орданың жемісті еңбегін, олардың тегеурінін ескерсек, біз ортада қайта бір сілкініп оянып алған ұлтпыз. Не кедергі? Бүгінгі елдің дамуына, өсуіне қандай факторлар кедергі болып отыр?

Кешегі және бүгінгі қазақ әдебиеті «Нобель» алған жоқ дейміз. Шындығында алуға лайық еңбек толып жатыр. Азғын қоғамды суреттеп, соған жақтасып жазған авторлардың қасында, қазақтың дала заңын сақтап, дәстүріне сай еңбек жазғандардың еңбегі неге бағаланбауы керек? Бағаланады. Тек аударма, профессионалды аударма жетіспейді. Одан бөлек, жанрлық ерекшеліктердің де кенжелеп жатқанын алға тарта аламыз. Фэнтези және детектив жанрларындағы еңбектерді жазуға не түрткі? Біз қиялдасақ, біздің қоғам күледі. Ал бізден тыс қоғам, сол қиялмен өмір сүріп жатыр. Оларға сол қызық. Олар материалдық құндылық пен рухани азықтың арасындағы байланысты баяғыда-ақ тауып, ажыратып қойған. Бастың күйін күйіттеп жүргеніміз болмаса, бізде бәрі бар.

Билік қолынан келгенше тырысты. Халықтың жағдайын жасауға барынша мүмкіндік жасады. Тек разы болған емеспіз. Шындық шырылдап жүріп ештеңе шеше алған жоқ. Өтіріктің өктемдігі өтті. Не істемек керек?

Бізге биліктен бөлек, өзімізге де өзгеріс керек. Ешкім халықты «тобыр» демейді. Тек тобырдың ісін жасап жүрген жоқпыз ба?!

Мектеп қабырғасында білім беретін ұстаздар ендігі жерде балаға мектеп бағдарламасын оқыта беруін қою керек. Бағдарлама ортақ жасалады. Ол әрбір жеке тұлғаның өсуіне әсер ете алмайды. Маман бізге осы үшін керек. Әр мұғалым оқушыларға «Мемлекетті қалай дамытуға болады?» дейтін сұрақ қоя отырып, нақты жоспарлы жауап алуға үгіттеу керек. Оқушының уақытын алатын, оның қаламайтын дүниесін жаздыратын жауыр болған тақырыптардағы шығармаларды беруді тоқтату керек. Себебі, бала шығарма жаза бергеннен өспейді, бала жақсы дүниелерді оқығаннан, көргеннен, практикадан өседі.

«Служба новостей» дейтін сериал бар. Бұл сериал ЖОО-да көрсетілмейді. Мейлі, тіпті журналистика факультетінде оқитын студенттерге үгіттелмейді. Аталған сериал нағыз қайнаған журналистердің ортасы. Калька аударма арқылы адам түсінбейтін оқулықтарды оқуға шақырғанша, пайдасы бар дүниелерді ұсынып отыру керек. Дайын бағдарламамен шәкірт тәрбиелеу дегеніміздің өзі оларды роботтандыруға бағытталған нәрсе.

Аталған мысалдар дамуға кедергі келтіретін факторлардың 0,0001% үлесі ғана. Толық қоғам даму үшін ол мемлекет идеал болуы керек. Өмірде идеал дейтін нақты құндылық жоқ. Себебі, ол Хаққа тән түсінік.

Шырылдап келген дүниеге шырылдап өтудің қажеті жоқ. Халық түсінігі тек көлік пен үй, жақсы тұрмысқа шектелген кезде тұрмыс толыққанды сананы билейді. Мың жерден шешен тілмен идеология туралы, рухани жаңғыру туралы ақпарат берсеңіз де әсер етпейді. Қарны аш адамның намаз оқуының өзі дұрыс емес. Алдымен денінің саулығын жасамай жатып, ол қалайша Құдайды есіне алады. Дәл сол секілді, алдымен халықтың өресін ояту үшін ортақ мүдде мен мақсат әрі нақты жоспар керек.

Ары кетсе 1 немесе 5 жылын ғана жоспарға алып өмір сүретін біздің халыққа: «50 немесе 100 жылдан кейін не болады?» деп сұрақ қойып көріңіз. «Құдай біледі!» деген жауап аласыз. Хақтың білетіні ақиқат қой. Неге ойланып көрмеске, неге жоспар жасап, 1 ғасырдың мақсатын орындамасқа? Ешкім және ешнәрсе кедергі емес. Кәсіпкерлердің толассыз «өзіңді ояты» деп кітап жазып жатқаны осында. Мотивациялық, психологиялық кітаптардың бәрі тек кәсіпкер болуға ұмтылған жандарға арналмаған. Ол әр жеке тұлғаға бағытталған. Адам шынымен де өзіне есеп беріп, өзінің санасымен күрспейінше, оған мың болып жабылып әсер ете алмайсыз.

Қазақтың болашағына үңіліп, оның дамуына ат салысатын тағы бір жаңа жыл есігін қағып келеді. 2018 жылы қуанатын да, жылайтын да, қайғыратын да сәттерді бастан кештік. Ешкім де ұмытылмайды. Себебі, олардың қоғамға сіңірген үлесі бар. Жақсылар көрге кетіп, жамандар төрге шыққан күнді де көрдік. Ең бастысы бейбіт өмірдің тұтқасын әлі ұстап келеміз. Ол біздің жеңісіміз.

2019 жылды Елбасы «Жастар жылы» деп атауды тапсырды. Жастардың алды 30-ға жақындап қалды. Бұл жаңа ұрпақ, жаңа буын ауысып келді деген сөз. Барлық ерік-жігерді, күшті мемлекеттің мүддесі үшін сарп ететін мүмкіндік туды.

Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы еркін авторлар ортасын құра отырып, келер жылдан үлкен үміт күтеді. Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын әрі құт әкелсін! Алтын Орда, Алаш Орда бастаған азат елдің іргесі қаланды. Дамығанын, гүлденгенін қаласақ бүгіннен бастау керек!