Weekend

Атақты Андреа Мантенья

Әлемнің ұлы суретшілері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Андреа Мантенья 1431 жылы Виченцқа жақын маңдағы Изола ди Картура мекенінде, құрылысшының отбасында дүние есігін ашты. Ол шамамен, 1442 жылы, он бір жасында, падуандық кескіндемеші Франческо Скварчоненің шәкірттігіне қабылданып, оның өкіл баласы атанады. Талантты балаларды асырап алу, сол замандағы итальяндық суретшілердің дәстүрі болатын. Бірақ, Мантеньяның шәкірттігі 1448 жылы, оның өз ұстазымен жанжалға баруымен аяқталады. Ол өз жұмыстарынан түскен табысты Скварчоненің иемденетініне келісе алмаған еді. 1448 жылдың 28 қаңтарында жасөспірім Мантеньяның өз ұстазынан қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізген сот отырысы болып өтеді. Бірақ, жас суретші мұнымен тоқтап қалмады: ол, сот төрешілері Виттеро Негро мен Улисс дельи Алеоттиға, Скварчоненің «бала еңбегіне» өмір сүріп, 400 дукат табыс тапқанын және сол қаржының қайтарылуын талап ететіндігін жеткізеді. Осы сот отырысынан сақталып қалған құжаттарға сенсек, сол кездің өзінде, 17 жасар Мантеньяның еңбектері оның өкіл әкесінің кескіндемелік жұмыстарынан жоғары бағаланған.

Өкінішке орай оның бұл кезеңдегі еңбектері жайлы ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз, себебі, ол жұмыстардың ешқайсысы біздің заманымызға дейін жетпеген. Мантеньяның сақталып қалған ең ескі жұмысы, ұстазының шеберханасынан кеткеннен кейінгі кезеңге тиесілі. Ол Жованни д’Алеманья, Антонио Виварини және Никкола Пиццоломен біріге жасаған «Оветари капелласы» аталатын еңбегі еді. Бұл жұмысты атқару жайлы келісім 1488 жылдың 16 мамырынан бастап Антонио Оветаридың жесірі Оветари патшаймының қол қоюуымен күшіне енген болатын. Антонио Оветари өлер алдында капелланы алтынмен қаптау үшін 700 дукат алтынды өсиетке қалдырған еді. Бірақ, Мантенья тым жас болғандықтан, келісімшартқа ол үшін тігінші ағасы Томазо қол қояды. Келісімшартқа сәйкес, падуандық Эремитани шіркеуіндегі әулие Христофор капелласының суреттері фреска техникасында орындалып, ең жақсы бояулармен салынуы керек болды. Келісімшарттың аяқталу мерзімі 1450 жылдың желтоқсаны болып белгіленді. Алайда, бұл мерзімде аяқтау мүмкін болмады. 1450 жылы Жованни д’Алеманья өмірден өтті, 1452 жылы Пиццоло жұмыстан бас тартты. 1452-53 жылдары бұл капелла жайлы құжаттардың сақталмағанына қарағанда, Мантенья да бұл кезде басқа жұмыстармен айналысқан секілді. Кескіндемешілердің жайбасарлығы Оветари патшайымның сараңдығымен түсіндірілді (немесе оның сурешілерге төлейтін ақшасы шынымен де болмады). Қалай болғанда да Мантенья Эремитани шіркеуіндегі жұмыстарға тек 1454 жылы қайта оралды. Дәл осы уақытта ол венециандық Жованни Беллинидің қарындасы Николосии Беллиниге үйленіп, ең танымал әрі тамаша кескіндемешілердің отбасысымен байланыс орнатады. Мантенья мен Беллинидің өзара ықпалы жайлы көп айтылған. Суретшілер бір-бірінің шығармашылығына зор ықпал берді: Беллини Мантеньиді жаңа түстік шешімдерді іздеуге итермелесе, ал Мантеньи, өз кезегінде, Беллиниге нетривиальдық композицияларға денген құштарлығын жұқтырды.

1456 жылы (1457 жылдың басы болуы да мүмкін) Андреа Мантенья мантуандық маркиз Лодовико Гонзагадан хат алады. Герцог жас шеберге Мантуяға көшіп келіп, өзіне қызметке тұруға ұсыныс жасайды. Ұсыныс өте тартымды болған еді. Бірақ, Мантенья екіұдай ойда қалады. Бір жағынан, Гонзаганың қол астында қызмет ету тұрақты табыс пен «ертеңгі күнге сенімді» қамтамасыз етсе, екінші жағынан қызуқанды болмыс пен еркін мінездің иесі, өзінің бостандығын жоғалтып, «ауланың қызметшісі» атанудан сақтанды. Алайда, 1459 жылы, көптеген шегерулер мен сылтаулардан кейін, Мантенья ақыры Мантуяға аттанады. Лодовико Гонзаганың сарайына келгеннен кейін кескіндемеші өзіне айрықша артықшылықтарды иемденеді. Ол ай сайын «алты ауызды тамақтандыруға жетерлік» төлем алып отырды. Онымен қоймай, жаңадан келген суретші өзінің аула қызметшілерімен бір үйде тұра алмайтындығын айтып, оның отбасына бөлек үй тұрғызуды талап етеді. Ол, сонымен бірге бөгде тапсырыстарды да алуға құқылы болды, әрине, Лодовико Гонзаганың рұқсатымен. Мантеньяның мантуандық сарайдағы қызметіне келер болсақ, ол өте, өте көп еді. Ол маркиз үшін тұрақты түрде кескіндемелік туындылар жасаумен ғана емес, сонымен қатар, спектакльдер мен мейрамдарды безендіру, гоблендердің эскизін жасау, зергерлік бұйымдар мен костюмдерді дайындау сынды жұмыстармен айналысты. Өкінішке орай, Мантеньяның 1460 жылдары жасалған монументалдық туындылары бізге тек құжаттар бетінде ғана жетті. Бізге оның осы кезеңде салынған кішігірім картиналары ғана белгілі. Мантенья үшін 1460 жылдардың орта тұсы саяхатқа толы болды. Әуелі, 1466 жылы, Мантенья жарты жыл Флоренцияда болып қайтты, ал 1467 жылы ол Пизаға аттанды. Ол осы «тоскондық сапарларынан» көптеген таңданыстармен қайтты.

1465 жылы Мантенья Гонзагадан Палаццо Дукаледегі Дельи Спози Камерасында (жұбайлардың жатынжайы) фрескаларды орындауға тапсырыс алады. Дегенмен, шебер тапсырысты орындауға 1471 жылы ғана кіріскен. Ол бұл сәтте өзінің кезекті бір атақты туындысын жасағалы тұрғанын сезбеген еді. Сурет 3 жылдан кейін аяқталып бітеді. Оған: « Бұл қарапайым жұмысты, Мантуяның екінші маркизі, патшалардың ішіндегі ең қайырлысы әрі сенімінде селкеу жоқ даңқты Лодовиконың құрметіне және оның жары, әйелдердің ішіндегі теңдессіз даңқты Барбараның құрметіне, олардың падуандық Андреа Мантеньясы 1474 жылы аяқтады» деген жазу жазылған еді. Гонзаганың бұл ерекше «даңқ павильоны» Мантуяға Лодовика Гонзаганың екінші ұлы, кардинал Франческо Гонзагоның келуіне арналған еді. «Даңқты» туыстардың кездесуі 1472 жылдың 24 тамызында болады. Ал осы оқиғаның аз-ақ алдында, Мантеньяны, оның антикварлық сирек коллекциясын тамашалау үшін, Порете қайнарларында емделіп жатқан кардинал шақыртқан болатын. «Ежелгі мотивтер» енді ғана салына бастаған дельи Спози Камерасының фрескаларында қолданылады деген болжамдар да жасалынған еді.

Шебердің 1470 жылдардың аяғы мен 1480 жылдардың басындағы шығармашылығы бізге тіпті белгісіз десек те болады. Бұл кезең оның өміріндегі ең қайғылы кезең болды. Лодовико Гонзага мен оның жары Барбара бірінен соң бірі өмірден өтті, артынша өз жары да о дүниелік атанды, 1480 жылы Мантеньидің өз ұлы, ал 1484 жылы Лодовика Гонзаганың үлкен ұлы, әрі мұрагері қайтыс болды. Мантуяның маркизі болып, Мантеньи «Дельи Спози Камерасында» жеті жасар бала етіп бейнелеген, Лодовиканың немересі Франческо Гонзага тағайындалды.

Ол қайырымдылыққа аса мән бермейтін еді. Сол себепті, Мантеньяның өмірі жаңа маркиздің атасының тұсындағыдай қызықты бола қоймады. Мантенья тіпті, 1483 жылғы Мантуяға сапарлатып келіп, оның жұмыстарына қызығушылық танытқан Ғажайып Лоренцоның қол астына қызметке тұруды да ойлады. Не дегенмен, суретшінің 1476 жылы іргетасы қаланған үйін салып бітіру үшін Лоренцоның көмегіне жүгінгені белгілі. Бұл ғимарат біздің күнімізге дейін жеткен, бірақ шебердің әуелдегі ойы қандай болғанын енді байқау мүмкін емес. Себебі, уақыт ғимаратқа өз дегенін жасаған. Мантенья өзінің жеке үйінің болуын қатты қалаған еді. Оған бұл тәуелсіздіктің символындай көрінетін. Алайда өз үйіне ол тек 1490 жылдары кірген болатын, ал 1505 жылы ол үйді Гонзаганың сатуына тура келеді. Үйді ұстап тұру оған тым қымбатқа түскен еді.

1490 жылы Франческо Гонзага жас әрі білімді феррарлық ханшайым Изабелле д’Эстеге үйленеді. Сарайдың интеллектуалдық өмірі енді жас ханшайымның қолына өтеді. Өйткені күйеуі мұндай істерге аса қызығушылық танытпайтын еді. Ханшайымның тапсырысы бойынша Мантенья екі матаға аллегориялық сюжеттер жазады (1497 және 1504). Ал, үшінші аллегориялық жұмысты аяқтауға суретшінің өлімі кедергі болады. Ол 1506 жылдың 13 қыркүйегінде о дүниеге аттанады.

Тостаған туралы дұға

Бұл жұмыс Мантеньяның бұдан бірнеше жыл бұрын салған «Тостаған туралы дұғасы» секілді аса танымал емес, әдетте оны Беллинидің «Тостаған туралы дұғасымен» салыстырып отырады. Дегенмен , бізге бұл жұмысты Беллинидің жұмысымен салыстыру қисынды көрінеді, себебі екеуі де бір уақытты салынған туындылар. Екі шебердің жұмысын салыстырмай-ақ: Мантеньяның туындысы Беллинидікіне қарағанда өзінің композициялық шешімімен аса тартымды , ал Беллинидікі көрермен назарын түстік эффектілермен баурап алады деген төрелік жасасақ та болады. 

ХV ғасырға қарай евангелия тарихының сюжеттерін бейнелейтін белгілі бір шектегі кескіндемелік дәстүр қалыптасып біткен болатын. Бұл дәстүрге сол замандағы барлық суретшілер бағынған. «Тостаған туралы дұғада» тізерлеп тұрған Христостан бөлек, ұйқыдағы үш апостол – Петр, Иаков және Иоанның болуы міндетті еді. Олардың «ұйқыдағы бейнесі» құтқарушының жердегі өмірінң соңғы сәтінде жалғыз болғандығын көрсетеді. Онымен қоса, сол заманның көптеген суретшілері, Иуданың басшылығымен жақындап келе жатқан әскер жасағын бейнелеп отырған. Бұл көрініс картинаға белгілі бір дәрежедегі қызулықты сыйлаған.                              

Ғибадатханаға тарту

Бұл ұстамды әрі мінсіз компазиция шамамен, 1460 жылдардың орта тұсында салынған. Кейбір пайымдаулар бойынша Мантенья бұл картинаны салуды өз баласы дүниеден озғаннан кейін бастаған. Дәл осы қайғылы ойлар «Ғибадатханаға тартудың» бойына мұңды ұстамдылықты сыйлаған еді. Тіпті, сюжет те суретшінің өміріндегі қайғылы оқиғаларға байланысты таңдалған болса керек. Бұл жағдайда «Ғибадатханаға тарту» мағынаға, терең сырлы ойға ие болады (қара жамылған, бірақ тақуа ата-аналар Құдайға, Оның әділеттілігіне шек келтірместен , өз балаларын тарту етеді). Картинаға айрықша ерекшелікті оның қарапайым қараңғы фоны береді. Ол бір жағынан картина мағынасын тереңдетсе, екінші қырынан көрерменді назарын алдыңғы планға аударуға мәжбүрлейді. Бұл туындысында Мантенья сөзге сараңдау болған. Назар салған кезде пайда болатын әсерді ол тек Құдай ананың, әулие Иосифтің және әділ Симеонның бет әлпеті арқылы ғана берген.

Әулие Георгий

Өзінің қарапайым көлеміне қарамастан бұл картина, көрерменге әлдебір ұлылықтың әсерін қалдырады. Оның мәрмәрдан жасалған көмкермесі Альбертидің атақты «Кескіндеме жайлы» трактатындағы: «Картина, шынайылыққа ашылған терезе секілді болуы керек» деген сөздерін еске түсіреді. Мантеньяның жұмыстарындағы мұндай көмкермелер Ян ван Эйктің туындыларынан алған өнегесі болуы мүмкін,себебі бұл суретші де «кескіндемелік жақтауларды» өз жұмыстарына бірнеше мәрте пайдаланған. Нидерландылық суретшінің Италияда аса танымал болғандығын есепке алсақ, бұған күмән келтірудің өзі орынсыз болып қалады. Тағы бір дәлел, 1455 жылы Италияда шыққан «Атақты адамдар жайлы кітаптың» авторы Бартолемео Фационың Ян ван Эйкті «біздің дәуіріміздің ұлы суретшісі» деп атауы.Көмкерменің арқасында әулие Георгияның бейнесі триумфаальді арканың ұшында тұрғандай сезіледі. Бұл әулиенің бейнесіне жаңа реңдер береді. Ол жеңістің гуманистік идеясын әйгілейді, адамның табиғаттың тылсым күштерінен үстемдігін көрсетеді.

Парнас

Бұл жұмысты Мантенья 1497 жылы Франческо Гонзаганың жары Изабелле д’Эстенің тапсырысы бойынша салған. Изабелле сарайда ерекше музейді ұйымдастыруды ойлап, барлық картиналарда аллегориялық астар болуы керек деген концепцияны шығарады. Оның мұндай қатаң талабы, қызықты бастамаға кедергі келтірген де болатын. Себебі, оның үддесінен шыққысы келегендер сәтсіздікке ұшырап отырды. Мәселен, Перуджиноның Изабеллеге арнап салған «Даналық пен құштарлықтың шайқасы» атты картинасы тартымсыздау болып шыққан. Ал, Джованни Беллини Изабелленің ұсынысынан ,тіпті, бас тартқан. Беллини Изабеллеге жазған хатында: «Сіз ұсынған программа нақты нұсқауларды талап етеді, ал мен өз қиялыма еркіндік беріп үйренгенмін» деп жазады. Дегенмен, Изабелленің ойындағы картинаны Мантенье сәтті орындап шығады. Бұған таң қалуға да болмас, себебі, «аллегориялық программаны» жасауға Мантенья да қатысқан болатын. Ал «Парнастың» өзіне келетін болсақ, бұл жердегі мағына Сұлулық пен Маххабаттың Күшті жеңуі секілді. Кейбір өнертанушылар осыған байланысты бұл жұмыстың атауы «Парнас» емес «Венераның патшалығы» болу керек еді дейді. 

Жансыз Христос

Жәй ғана «Мантеньяның теңдессіз туындыларының бірі» деу, бұл картина жайлы ештеңе айтпағанмен тең. Мантеньяға дейін ешкім бізге жансыз құтқарушыны мұншалық батыл суреттеп берген емес. Тасқа айналған Христостың денесін суретші аса қиын ракурста салған. Оның денесі өзі жатқан керуеттің перспективасымен сәйкес келмейді. Бұл, әрине, Мантеньяның дарынсыздығын көрсетпейді. Қайта өрлеу дәуірінің көптеген шеберлері , белгілі бір ракурсте адам бейнесін бейнелегенде сызықтық перспективадан ерікті түрде бастартып отырған. Оның орнына перцептивті перспективаны қолданған.

Түстік қатынастардың шешімімен бірге перспективалық шешімнің табылуы «Жансыз Христосқа» айрықша қосарлылық сыйлаған. Бір жағынан қарағанда , Мантенья шынымен Христос өлді деп бізді сендіргісі келеді , бірақ құтқарушының денесінен шығып тұрған, күміс түсті жарықпен жүйесіз берілген күлгін-қызғылт сәуле , оның жақын арада қайта тірілетіндігін сездіреді.

Оветари капелласы

Оветари капелласының картиналары Мантеньяның бізге жеткен ең ескі жұмысы. Алғашында капелланың оң қабырғасын венециандық Жованни д’Алеманья мен Антонио Виварини, ал сол қабырғаны падуандық Николо Пиццоло мен Андреа Мантенья жасауы керек болатын. Бірақ, жұмыс барысында капелланың аумағын бөлуде үлкен өзгерістер орын алады. Мантеньяға келер болсақ, ол бұл жұмыстағы әулие Петр мен әулие Христофор бейнелерінің, сонымен қатар кіреберіс аркадағы картиналар мен капелланың сол жақ қабырғасындағы әулие Иаковтың өмірінен алынған циклдық көріністердің авторы. Мұнымен қоса капелладағы «Әулие Христофордың азапталуы» және «Ассунта» (бұл картинаны Пиццоло бастағанымен, аяқтау Мантеньяның еншісіне тиді) картиналары Мантеньяның қылқаламынан шыққан.

Дельи Спози Камерасы

Мантуандық Палаццо Дукаледе осы уақытқа дейін сақталып келген Дельи Спози Камерасының картиналары Ренессанс дәуіріндегі монументалды кескіндемелік өнердің теңдессіз туындысы болып табылады. Бұл бөлменің жабық интерьері мен әлсіз жарықтандырылуы суретшінің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіргендігін атап айтқан жөн. Жұмыстың айрықша назар аударуға тұрарлық бөлімі «аспандағы терезе» ретінде жасалып, қосымша жарық туындататын Камера плофоны болып табылады. Дельи Спози Камерасының түстік шешімін өз дәуірінің теңдессіз колористі Джованни Беллини тапқан. Мәселен, картинадағы Лодовика Гонзаганың билігін әйгілейтін фрагментті Мантенья алтын және күлгін түстермен берсе,ал оның өз ұлы кардинал Франческо Гонзагамен кездесуін, уақыт өткен сайын ашық сары және таза сары түстерді араластыра отырып ,біршама нәзік әрі жұмсақ: ашық көк , күміс және ашық күлгін сынды «отбасылық» түстермен беруге тырысқан.

 

художественная галерея

Runa academy