Bugin

Рэпер Akon Сенегалда өз қаласын салатындығын жариялады

Akon City

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Akon лақап атымен танымал америкалық рэпер және бизнесмен Эйкон Тиам Сенегалда қала салатындығын твиттер парақшасында жазды, деп хабарлайды РИА Новости.

- Жаңа ғана біз Сенегалда Akon City қаласын салу туралы келісімге қол қойдық. Болашақта сіздерді сол қалада қарсы алуға қуанышты боламыз, - деп жазды хип-хоп орындаушысы.

Қала 2025 жылға қарай теңіз жағалауындағы Мбодьен ауылының маңында пайда болады деп болжам жасалуда. Сенегал президенті Маки Салл кәсіпкерге 800 гектар аумақты сыйға тартқан көрінеді.

Akon City әуежайдан бес минуттық қашықтықта орналасады және ол барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады. Тұрғындар мен қонақтар AKoin арнайы сандық валютасы арқылы төлем жасай алатын болады.

Эйкон Тиам жеті жасқа дейін Сенегалда тұрған, кейін ата-анасы АҚШ-қа көшіп кетеді. Рэпер ұзақ уақыт бойы жаңа әндерін жарыққа шығармаған еді, соған қарағанда бар уақытын бизнеске арнап жатқан сияқты.

2013 жылы ол үнемі Африкадағы өмірді жақсартқысы келетіндігін, сондықтан оның құрлықта бірнеше қайырымдылық жобалары бар екендігін айтқан болатын.

- Менің ойымша, миллиардтаған доллар бола тұра, оны банкте сақтау – ақымақтық, себебі айналамызда көмекке мұқтаж адамдар өте көп, - деп түсіндіреді рэпер.