Саясат

Дос Көшім: Парламентке «оппозициялық ой-пікір» айтатын 5-6 адамның келуі ештеңені өзгерпейді, бұл үшін...

«Бұл – биліктің «біз ғана білеміз» дейтін ақымақ ауруы»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаңа 2020 жыл табалдырықтан аттағалы бері елдің әлеуметтік-саяси өмірі айтарлықтай өзгере қойған жоқ. 

Астана мен аймақтарда тұрмысы нашар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналардың баспана мәселесімен көшеге шығуы жиіледі; оңтүстік астанадағы Қытай консулдығының алдында Қазақстан азаматтарын қайтаруды талап еткен пикеттер көбейді; «АӘК-ті алушылардың қатарын азайту үшін әдейі тағайындалды» дейтін жаңа жәрдемақыға наразылық өсті; парламент сайлауы туралы ресейлік БАҚ әртүрлі бейресми ақпарат таратты. Осы жөнінде саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, қоғамдық белсенді Дос Көшімнің пікірін біліп едік.

– Қаңтардың басынан бері астаналық әлеуметтік жағдайы нашар, отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар бірнеше рет бас көтерді. Тіпті кеше, қаңтардың 21-і наразы әйелдер баспана мәселесі бойынша Тоқаевты іздеп, Абай тойының тұсаукесере концерті өтіп жатқан опера театрына барды. Бұлай қашанға дейін жалғаса береді?

– «Мұндай жағдайлар» өмір бойы жалғаса береді. Өркениетті, адам құқықтары берік ұсталған Америкада да, Францияда да, басқа елдерде де осындай жағдай үзбей болып тұрады. Меніңше, бұл – демократияның нақты көрінісі. Жоғарыдағы елдерден біздегі бас көтерулердің басты ерекшелігі біреу-ақ: ол елдерде осы проблемаға (мүгедек балаларды тәриелеп отырған аналардың әлеуметтік жағдайы) қоғам да, атқарушы билік те, заң шығарушы билік те көңіл аударып, арнайы орындар бұл мәселені зерттеп, парламент заң шығарып, немесе президент тез арада үкім шығарып, барынша шешуге тырысады. Олар алаңға шықпасын деп шешуге тырыспайды, олардың көтеріп отырған мәселесінің әділ екендігін көріп, біліп шешуге тырысады. Біздің билік, өкінішке орай, бұған үйренбеген. Олар көзге бадырайып көрініп тұрған мәселені шешудің орнына сол мәселені көтерушілермен соғысуға дайын тұрады. Бұл – биліктің «біз ғана білеміз» дейтін ақымақ ауруы. Сондықтан осындай теке тірес жалғаса береді...

– Дос аға, қазіргі билікті сынаушылар көп. Бірақ, сіздіңше, баспана мәселесін шешудің қандай тиімді жолы бар? Тұрмысы төмен, пәтер аралап жүрген отбасылар «тегінге емес, қалтаға лайықты сомада бөліп төлеуге» үй-жай сұрайды. Мұны шешудің тетігін ұсына аласыз ба?

– Бұл мәселенің шешу жолы әлемде де, біздің елдің тарихында да жетерлік. Әңгіме – шын ниеттің болуында. Кезінде, 60-жылдары Кеңес өкіметінің басшысы Хрущев жолдас барлық қалаларға екі қабатты үйлер салып (бөлмелері құрқылтайдың ұясындай) баспанасыздардаң жағдайын біршама шешкен болатын. 80-жылдары жастар кооперативі деген бастама көтеріліп, Алматыда талай азаматтар өз үйін салуға кіріскен. Шетелдердегі муниципалитеттердің салып, жалға беретін үйлері де баспана мәселесін шешудің ұтымды жолы болып табылады. Меніңше, баспана мәселесін пайда табу үшін құрылған құрылымдарға берсек – ештеңе шықпайды. Бұл әлеуметтік жоба болуы шарт. Бұл бағытта да әлемдік тәжірибе жетерлік. 

– Соңғы екі жылдан бері биліктің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатына көңілі толмай, сынаушылар қатары көбейе түсті. Ресейде «ана капиталына», яғни «біржолғы жөргекпұл» есебінде бірінші балаға 2,8 млн, екіншісіне 3,8 млн теңге берілмек. Қазақстанға қарағанда 25 есеге артық. Мұны кейбір сарапшылар «масылдыққа алып келеді, бізді қайталап жатыр» деп пікір білдірді. Сайлау қарсаңында тағайындалған «21 мың теңге АӘК-ті алушылар қатары отбасылық табысты ескерусіз берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақының кесірінен сирей бастады» деген аналар көпбалалы отбасыдағы әр балаға 10 мың теңге берілуіне қарсылық танытып келеді. Әлеуметтік төлем жүйесі қайткенде айқай-шусыз қоғамдық келісіммен жолға қойылады?

– Әр ел өз көрпесіне қарай көсіледі. Ресейдің берген жөргекпұлын біздің қазына көтере ме, немесе Швецияның жұмыссыздарға беретін жәрдемақысы неліктен біздің профессордың айлық жалақысынан көп деген сұрақтарға да жауап осы сияқты. Алайда қазіргі жәрдемақыгың өте аз екендігі бәрімізге белгілі. Экономикалық дағдарыс кезінде ауырпалықты халықтың барлығы бірдей көтеруі керек. Әлеуметтік мемлекеттің алтын заңы да осы. Меніңше, халыққа әділетті бөліс керек. «Самұрық-Қазына» немесе тағы бір банктің басшы қызметкерлері мыншама бонус (ақша) алғанда бізге берген мына тиын-тебен не болады» деген сұрақ болмауы керек.

– Осы тұста өте өзекті тақырып жайына тоқталсаңыз. Парламент сайлауының алғышарты деп нені айтасыз? Ресей медиаресурсы жариялағандай, сайлау жазда өте қалса, оған кімдер өтуі мүмкін? Жаңа парламент бұрынғыша ескі кадрлардың тек позициясын өзгертуімен жасақтала ма әлде жаңа кейіпкерлермен толы,а ма?

– Меніңше, сайлау өзінің уақытында өтетін сияқты...Тоқаев мырза Назарбаевтің істеген істерін (сайлауды мерзімінен бұрын өткізу) қайталай бермейді деп ойлаймын. Ол оған ешқандай абырой әкелмейді. Екіншіден, қазақ еліндегі сайлау жүйесін толық өзгертпейінше (сайлау заңы, сайлау комиссия жасақтау, т.б.), сайлау өткізбеген дұрыс. Үшіншіден, саяси партиялар туралы заң да толық өзгеруі шарт. Бұның бәрі Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламаларында нақты айтылған мәселелер. Әңгіме, бүгінгі билік осы түбегейлі саяси  реформаларға бара ала ма, мәселе сонда ғана сияқты. Өздері отырған бұтақты өздері кесе ала ма? Төртіншіден, парламентке «оппозициялық ой-пікір» айтатын бес-алты адамның келуі ештеңені өзгерпейді, жаңа саяси топ келуі керек. Әйтпесе, біздің биліктің технологтары кез келген саяси партиядан «парламенттік оппозициялық күш» жасай салады...

– Уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге рақмет!