Weekend

Олжас Сүлейменов қызының сотталушыны кешіретініне сенім білдірді

Ақынның тағы бір хаты оқылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін Астанада Ескендір Сүлейменовтің қазасына байланысты Малика Мұхитованың аппеляциялық шағымы қаралған сот өтті. Ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің сотта тағы бір хаты оқылды. Ақын соттан Малика Мұхитованы бас бостандығынан айырмауды сұрап, өз қызын сотталушыны кешіруге шақырды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Олжас Сүлейменовтің хаты Астана қалалық сотына 9 қаңтар күні түсті. Ақынның мұның алдында жазған хаты 26 желтоқсанда оқылған еді.

Жаңа хатында Сүлейменов соттан Малика Мұхитованың жазасын жеңілдетуді тағы бір мәрте сұрады.

"Ескендірдің ата-анасы мен әжесінің жағдайын менен артық ешкім түсінбейді. Қабырғаны қайыстыратын ауыр қаза кезінде адамдар діннен жұбаныш табады. Құран мен Библия рақымшылдық пен кешірімге шақырады. Осыған сүйене отырып, отбасының үлкені ретінде, сотқа Мұхитованы салғырттығы үшін соттап, бірақ бас бостандығынан айырмау туралы хат жолдадым", — деп оқып берді ақынның хатын судья Әсем Рамазанова.

Олжас Сүлейменов қызы Лейланың Маликаны уақыт өте кешіретініне сенім білдірді.

Ақынның хаты жеке адамның пікірі ретінде іс материалдарына қосылды. Дегенмен, зардап шеккен тараптың ресми өкілдерінің позициясы өзгерген жоқ. Олар соттан Малика Мұхитоваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Бұл позицияны мемлекеттік айыптаушы да қолдады.

Еске сала кетсек, жол апаты 2018 жылдың 22 маусымында Астанадағы Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болды. Белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің жиені мотоцикл жүргізіп келе жатқан. 27 жастағы  Ескендір Сүлейменовтің мотоциклі Hyundai жеңіл көлігімен соқтығысады. Көлік рөлінде Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова отырған. 29 жастағы қыз солға бұрылу кезінде мотоциклшіге жол бермей, салдарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды