Weekend

Отырардың қақпасын ашқан Қарашоқы ма?

Отырар дастаны мен тарихи деректердегі айырмашылық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тарихшы Махмұд Қашқаридың "Диуани лұға ат-түрк" еңбегінде: "Фараб - түрікше "Қарашоқы"" дейтін мағынаны білдірген. Ал "Фараб" атауы біз әңгімелейтін "Отырар" атауының бір нұсқасы. 

 

Даңқың қайда төске өрлеген? 

Екі жүз мың әскерменен 
Алты ай боы кіп-кішкентай Отырарды ала алмау, 
Алты ай бойы Отырардың осал тұсын таба алмау – деп, жырға қосатын белгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Отырар қаһармандығы немесе жеңілген жеңімпаз туралы дастан» жырын білмейтін қазақ баласы жоқ. Адуынды, рухты жырларымен бүкіл түркі әлеміне танылған ақынның өлеңінде кездесетін мынандай жолдар бар: 
 
Екіншісі – қара мұрты қара түн, 
Қара түнде қаққан қара қанатын. 
Шағатайға Отырардың қақпасын, 
Ашып берген Қарашоқы болатын. 
 
Ақын өлеңіндегі Қарашоқы есімі мектепте оқып жүрген кез келген оқушы үшін сатқын ретінде елестейді. Әрине, кез келген қоғамда сатқындық пен әділдік қатар жүрген. Алайда тарихи деректерге сүйенсек кейбір мәселенің байыбына бару керек екен. 
 
Осы жылдың 18 ақпанында «Ана тілі» газетінде ақын Болат Шарахымбайдың "Отырар қасіреті: Қаһармандық танытқан Қайырхан" атты мақаласы жарық көрді. Мақаланы оқып отырып, іштей «шынымен осылай шығар» деген ойға келесіз. 
 
«Осылайша отырарлықтар тығырыққа тіреліп, үміт кесілген шақта ендігі қарсыласуды бекершілік деп түсінген түменбасы Қараджа – Қажым (Қараша – Хажып деп те жазылады) қорғанысты тоқтатып, кеңшілік сұрап, жауға берілу туралы ұсыныс жасайды. Алайда Отырар әкімі келтесінен қайырады: «Егер өзіміздің сұлтанымызға опасыздық жасасақ, қарабет боламыз және бүкіл мұсылман қауымының қарғысына ұшыраймыз» деп жауап береді. «Қараджа – Қажып қарсы уәж айтпастан, тек қараңғы түсуді күтті. Сосын күн ұясына батып, төңіректе қара түнек басқан шақта, тосыннан көтеріліп, Сұпы – Қан (Суфи-Хан) қақпасынан шыға берді» деп баяндайды деректе. Сол сәтте аңдысын аңдып жатқан моңғолдар Қараджа-Қажыпты тосыннан тұтқынға алады. 
Осы тұста айта кету керек, бірқатар зерттеушілер Қараджа опасыздық жасап, моңғолдармен астыртын келіссөз жүргізді, ақыр соңында Сұпы – Қан қақпасын ашып берді деп айғақтайды. Алайда осы оқиғадағы ең негізі дерек көзі – Жувейнидің еңбегінен аңдалатындай, Қараджа опасыздық жасмаған, тек аш-жалаңаш үмітсіз жағдайдағы қамалдан қашып шығып, бас сауғаламақ болғанға ұсқайды» деп келтіреді мақалада. 
 
Тарихи деректердің анықтығын айту және оған сеніммен қару басты мақсат. Себебі бұрмаланған сюжетпен тарихи дүние жазу – қылмыс. Ақылға салып ойланып қарасаңыз, бәрі де мүмкін. Сатқындық жасамақ түгілі, қақпа сырты шықса жау садағына ілінетін кез келген Отырар тұрғыны үшін бұл үлкен қауіп болар еді. Онсыз да айналасы қоршауда жатып, 6 ай бойына сусыз, тамақсыз, ешқандай көмексіз қалған болса, онда ондағы адамдардың амалсыздан берілуі, рух пен жігердің сынуы белгілі жағдай. Бұл жерде жігер мен рухтың өлмеуіне және сынбауына тікелей әсер еткен Қайырхан екенін айта кеткен де жөн. 
 

Тарих толқынында түрлі деректер мен өзгертулер жазылады, айтылады. Тіпті дәлелдеуге тырысқанымен де, өз шындығын айтып, ақиқатын жасырып қалатындар да жоқ емес. Отырар туралы ой келе қалған кезде, «оның қақпасын ашып берген сатқын бар», «оның күйреуіне тек сатқындық кінәл» деп тон пішпестен бұрып, әр деректерге, жылнамалар мен тарихи еңбектерге үңілген дұрыс.

 

Buginnen basta