Weekend

Геннің құдіреті неде?

"Қанына тартпағанның қары сынсын"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Психологтар жүздеген жылдар бойы адамның бойындағы түрлі мінез-құлық, әдеттерді қоршаған ортаның, отбасында көрген тәрбиенің әсері деп есептеп келді. Бірақ, психогенетика ғылымының арқасында адамдар арасындағы әртүрліліктің 50%-ы генге байланысты екенін білдік. 

Ген адамның денсаулығына, ауруларға, қабілет-қарымына, жеке басының дамуы мен оқудағы жетістіктеріне, физиологиясына да ықпал етеді екен. Психогенетиктер өткен ғасырдың басында асырап алған балалар мен егіздерге тәжірибе жасау барысында адам өмірінде геннің рөлі өте жоғары екенін анықтап шықты. Жер бетінде дүниеге келген барлық сәбидің 1%-ға жуығы егіздер, ал олардың үштен бірі монозиготты немесе бір ұрықтан тараған егіздер екен. 15 миллионға жуық егіздерді зерттеген 400 мыңға жуық жұмыстың нәтижесінде барлық нәрсенің ген арқылы «мирас» етілетіні дәлелденген.  Сондай-ақ асырап алған балаларда биологиялық ата-аналарына ұқсастық байқалған. Осыдан соң психогенетиктер балалардың, тіпті, олардың қолында өспеген күннің өзінде, туған ата-анасына ұқсау көрсеткіші 50% деген қорытындыға келді.

Геннің адам өміріне әсері қашан байқалады?

Көптеген адамдар осы сәтке дейін қоршаған ортаны, араласатын жандарды ешқандай күштің әсерінсіз адамдардың өзі таңдайды деген жаңсақ ойдың жетегінде келді. Алайда, ген туралы факт бұл ойды жоққа шығарып, адамның қарым-қатынасында, орта қалыптастыруында да геннің ықпал ететінін растады. Мәселен, сіз жазуға қабілетті адамсыз. Жазуға қабілетті адам соған сай көп оқитын, жазушылыққа бет бұрғысы келетін, қазақ тілі мен әдебиетіне бір табан жақын жандарды іздеп табады. Сондай жандардың үзақ лекцияларын жалықпай тыңдай алады. Осылай болғанда сіз журналистерден, филологтардан, жоқ дегенде соған құмартатын қазақтан дос іздейсіз. Ал сізді жазуға құмар қылып тұрған қандай күш? Ол – сіздің әкеңізде, атаңызда немесе жеті атаңызда болған, сол арқылы сізге жеткен қабілет. Демек, геннің рөлі барлық жерде, барлық уақытта көрініп отырады. Тіпті, ата-анада бар аурудың ген арқылы тұқым қуалайтыны анықталды. Мысалы, дәрігерлердің айтуынша, анасы бастың ұстамалы ауруымен (мигрень) ауырса, баланың сол аурумен ауыру ықтималдығы – 60%, ал әкесі де, анасы да ауырса ықтималдық – 80-90%. Ал ата-тек ұғымы қазаққа таңсық дүние емес. Соны білген бабаларымыз «Қанына тартпағанның қары сынсын», «тегіне тартпай тумайды» деп мақалдаған болса керек. Ал Бұхар жырау:

«Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

Тартпай қоймас негізге»,-деген екен.