Bugin

Құмда қала салғызған Фатима ханым

Білімді, көпшілікпен ортақ тіл таба білетін парасатты әйел

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Арғы-бергі қазақ хандарының арасында еуропаша баянды білім алып, Батыс пен Шығыс мəдениетінің мəйегін тел еміп, тең тұтынған Жəңгір Бөкеев қана. Орыс еліне бодан болған соң оның тілін жете білмей, сөзінді өткізу, өзіңді таныту қиын екенін бірден сезген хан Бөкей үлкен ұлы Жəңгірді əу бастан-ақ орысша оқытуға ұмтылды. Обалы нешік, оған орыс тамыры, Астраханның азаматтық губернаторы Станислав Андреевский қол ұшын беріп, ханзаданы жеті жасынан өз үйінде ұстап, балаларымен бірге жан-жақты білім алуына бар жағдайын жасады. Жеті жұрттың тілін меңгеріп, елелдің заң-жарғыларын жетік біліп шығуына күш салды. Араб, парсы тілдерін терең игертіп, Шығыс халықтарының тарихынан,  əдебиеті мен өнерінен мол мағлұмат берсін деп Ыстамбұлдан əдейі бір ғұлама ұстаз да алдыртты. Оқуын əбден аяқтасын деп əкесі қайтыс болғанда он төрт жастағы тақтың заңды мұрагері Жəңгірді ел басқаруға жібермей, ол ержеткенше билік тізгінін ханның інісі Шығай сұлтанға ұстатты. Болашақ билеушінің көзі қанығып, көкірегі ашылып, басшылық тəжірибесін көңіліне тоқуы үшін бұрын-соңды патшалардың көбісі ұстанған ғибрат қой бұл. Ал алғыр ханзаданың ұстаз уағызынан зердесіне көбірек сіңіргені əр замандағы əр алуан елді басқарған падишахтардың үлгі-өнегісі болатын. Жəңгір ертеде ел билеушілердің тағылымына зер салса, біразы өз пəрмен-билігінен гөрі көбінесе дінге арқа сүйеген. Сонау Ескендір Зұлқарнайыннан бастап, кешегі орыстың Ұлы Петріне дейінгі патшалардың дені дінді оң қолы етіп ұстап, өз əмірін дінбасылары арқылы ындатып отырған секілді. Шынында да, халық қашанда жаратқан жалғыз хақтан қорқады жəне хан патшаны оның жердегі əміршісі деп біліп айтқанын қалт жібермей орындайды. Бұл, əсіресе, діні тұрақтанып, ғылым-білімі дамыған отырықшы елдерге төн құбылыс. Жалпы, қырдың жүген-құрық тимеген шу асаудай тарпаң, тентек, бұла халқына бұл дəстүр қалай дарымақ? Ұрыссаң сөзің өтпейтін, ұрсаң қолың батпайтын қаймана халық ханың тұрсын, құдайыңды да сыбап салады. Қазақтың оншалық діңдар халық емес екені əмбеге аян. Бірақ бір ғажабы, сəждеге бас қоймай, «аққойдың келдесі, қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі» деп жүріп-ақ мұсылманшылығына берік. Сібірдің ұсақ ұлттары былай тұрсын, тəп-тəуір өркениеті бар татарлар мен шуаштар шоқынып жатқанда ол ислам дінінен безген жоқ.

Патша өкіметінің шоқындыру саясатынан үзілді-кесілді бас тартып, көнбей қойды. Демек, осы мұсылмандық арнасында оның басын біріктіруге кəміл болатын сияқты. Ол үшін ислам діні өркен жайып, жұртқа ұйытқы болып отырған бауырлас халықтардан өнеге алып, солардың жəрдем-көмегіне жүгіну шарт. Осы ой хан сайланардан бір жыл бұрын Жəңгірді Ресей мұсылмандарының биік мəртебелі ағзамы, Уфаның муфтиі Мұхамеджан Хұсайыновтың алдына алып келді. Әдейі қол тапсырып, жүз көріскелі келгенінде бас имам қаланың сыртында Қабанкөл деген жердегі жазғы мекен-жайында отыр екен. Ханзаданы ізгі пейіл білдіріп, ілтипатпен қарсы алған имам мейманының білімі мен білігіне көңілі толып, іштей разы болып қалды. Оның ықыласбейіліне тойған келешектегі тақ иесінің көңілін муфтидің қисапсыз көп байлығынан гөрі айдай ару бойжеткен қызы – еркетотай Фатима  ерекше аударды. Жас мөлшері өзімен шамалас, мөлдіреп, мейірім шашып тұратын көзіңде нұр бар ақсары қыздың орыс бикештері киетін жиегі оюлы, екі иығы мен желкесін жапқан ақ қалпағының алдынан қоңырқай тұлымы толқын атып, қос бұрым ғып өрген қолаң шашының ұшы бұйраланып, бөксесін соғады екен. Ақ жібек кеудешесі белін қынап, кең етек көйлегі үкідей үлбіретіп жіберген аппақ періштені көргенде ханзаданың аузына сөз түспей, қадалған көзін қайтып айыра алмай, абыржып қалған. Шоңқайма кебісінің биікжез өкшесі жалт етіп, алтындаған тұмсығы омырауындағы алуан асыл тастан түзілген алқаның алтынымен астасып, керемет бір үйлесім тапқандай еді. Қапелімде қыз да үн қата алмай, сол жымиып бұрылып жүре берген. Бұрын қазақтардың кілең бір салқы тұмақ, салқам шапан, саптама етігінен өзгені кездестірмеген еркетотайға ханзаданың киім киісі, жүріс-тұрысы бөлекше көрінді. Ақ жаға салынған қоңыр бешпенті денесіне құйып қойғандай екен. Бешпенті түстес шалбарының екі жаны алтынмен зерленіп, күміс шегесі жалтыраған кебісіне төгіліп тұр. Алтынмен зерленген шошақ төбелі бұлғын бөркі желкесіне қарай шалқайып, жазық маңдайы жарқырай көрінеді. Зиялы қауымның əсем киінетін өкілдерін, сəнденіп жүретін орыс ұлықтарын көп көрген тоташ оған оншалық мəн бермегендей езу тартқан да қойған. Ал Жəңгір бір көргеннен-ақ көңілі құлаған Фатиманы құтқармады. Келесі жылдың жазында хан болып сайлансымен-ақ Орынбор керуен сарайы мешітінің имамы қыпшақ Дүйсəліні бас қып, қасына өз бауырлары Әділ мен Мендікерейді қосып, Мұхамеджан мүфтидің қызына қуда түсіп келуге жіберді. Ханның аты хан ғой, қарауында жері шұрайлы қыруар шаруа елді мекендері, Қазан мен Уфада алтыжетіден үйі бар, тері илейтін, сабын қайнататын зауыттары жұмыс істеп тұрған, Еділде кеме айдап, саудагерлерге қызмет қылатын жүздеген қызметші ұстайтын аса бай, алпауыт дінбасы қазаққа қыз бермеймін деп кергіген жоқ. Құдаларды қол қусырып қарсы алып, тілегін қабыл ғып шығарьш салды. Сөйтіп, сол 1824 жылдың күзіңде Атырау жағасыңдағы Қарабайлы деген жерде отырған хан аулына Фатима тоташ келін болып түсті. Татар байы ерке қызын түрлі-түрлі жасауымен, ішті-тысты жиһаздалған отауымен қызметшілерін қоса беріп, ырғап-жырғап ұзатты. Тоташ түскен соң көп ұзамай Жəңгірдің жас кезінде əкесі еріксіз алып берген алғашқы əйелі – Қараман арғын Бөкенбай батырдың немересі Жүзім қайтыс болды да, Фатима келсімен-ақ бəйбішенің орнына отырды.  Шынында да, Фатима туысы бөлек адамдардың бірі еді. Кезінде орыстың «Сын Отечества» журналы Фатиманың Жəңгір ханды өркениетке ұмсындырып, өмір салтын өзгертуіне игі ықпал еткенін айта келіп: «Ол – оқыған, өте білімді əйел, кісіге деген ілтипаты ерекше, жұртпен ортақ тіл табысып, қалтқысыз қарым-қатынас жасаудың жолдарын бес саусағындай меңгерген, татаршаны былай қойып, орысша, французша жəне немісше еркін сөйлеп, жаза біледі, – деп жазған-ды. Оның үстіне қалаларда жиі болып, зиялылармен араласып, қайырымдылық жиындарына қатысып, биге де барып жүреді. Киім киісі еуропаша, алайда ордада – татарша, көшіпқонып жүргенде қазаша киінеді. 1826 жылы ері хандыққа бекіп, патша ағзамының таққа отыру салтанатына қатысу үшін астанаға келіп қайтып Биік мəртебелі ұлық мархабат көрсетіп, оған асыл бұйымдардан қисыпсыз көп тарту-таралғы сыйлады. Ал 1839 жылы ұлық мəртебелі патшайымның өзі алтынмен зерлеп, алуан түрлі

асыл тас түзген аса қымбат сəукеле тіктіріп, алтын тарақ, сырғасын қоса жіберді». Журнал, əсіресе, оның білімі мен төрбиесіне, инабатты мінезқылығына, патша ағзамының ілтипатына ілініп, көп қошемет көргеніне айрықша тоқталып, тамсана жазды. Биік мəртебелі патша ағзам І Николай тоташты биге шақырып, екеуінің құйын үйіріп билегенін, бұны көріп тұрған талай бикештің өзегін өрт шалып, іші күйгенін сол тұстағы баспасөз жер-көкке сыйғызбай жазып та жатты. Билеп жүріп:

– Апырмай, мынадай мінез-қылықпен, сирек өнермен сіз сияқты

аққанат періште басында шаңырағы, табанында тұрағы жоқ қаңбақтай

жөңкіп жүрген жабайы көшпенділер арасында қалай тұрады екен.

Осыдан соң да сол ордаға оралмақсыз ба? – деп сыбырлаған патшаға

ол ақын сөзімен жауап қатып:

– Туған елдің түтіні де тəтгі, – деп жымиып, өз жанынан:

– Туған жердің жусаны да жұпар, – деп қоса қойған.

Иə, сол жусаны жұпар туған жер – сахара сары дала мен бұйратбұйрат құм қойнауына ханымның көндігуі оңай болған жоқ еді. Асты-үсті тақтай көп бөлмелі, ішінде тіршілікке қажеттің бөрі табылатын саңғыраған қарағай үйде туып, үлде мен бүлдеге оранып, желге, күнге тимей өскен арудың қазақы қоңыр тірлікті көпке дейін қабылдай алмағаны да рас. Содан жиі-жиі сырқаттанып қалатынды шығарған. Өз заманынан мойны озық зиялы, дегдарлығы мен білімдарлығы бір басына жетіп артылатын Жəңгір осының бəріне  өзін кінəлі санап, оның алдында бəйек болып, айтқанын екі етпей, құрақ ұшты да жүрді. Қала ішінде туып-өскен ханымға көшіп-қонуы аз, тұрақтап отыратын тыныш тұрмыс қажет деп ұққан ол хан ордасы етіп қала тұрғызуды көкседі. Осы ойға мықтап бекінген хан таққа отыру салтанаты аяқталысымен I Николай патшаның қабылдауына кіріп, хан тұрағын салуға қаржы сұрап, оның жобасын жасар сəулетші жіберуін өтінді. Патша оның тілегін бірден қабылдап, қажет қаржысын бөліп, қала салу жұмысына бас-көз болып бақылау жасауды Орынбор губернаторына тапсырды. Жəңгір болашақ хан ордасы болар қаланың орнын Жасқұс құмының батыс беткейінен (қазіргі Орда селосы тұрған жер) тандады. 1826 жылдың күзінде орынборлық сəулетші Тафаев бастаған құрылысшылар тарихи орынның алғашқы қаласын қағады

(Құлкенов М., Отарбаев Р. Жəңгір хан. Алматы: «Ғылым» баспасы, 1992). Алғаш тоқсанға тарта əр текті үйі, қысы-жазы сауда-саттық жүргізетін дүкені мен дүңгіршегі болған, «алпыс бөлме, жүз есік, ай белгілі ақ мешіт» бар қаланың яғни хан ордасының іргесі осылай қаланды. Қала сыртынан сая болу үшін қарағайлы орман алқабын өсіру қолға алынды.

Сарбас АҚТАЕВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мəдениет қызметкері, құрметті профессор