Саясат

Денис Тенді өлтірген қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шықты

Қандай жаза тағайындалды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін, 17 қаңтар сағат 17.00-де Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Денис Тенді өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.

Үкімді судья Кеңшілік Әбділдинов оқыды."Арман Құдайбергенов кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қиясов кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылсын", - деді судья. 

Сонымен қатар  сотталушы Жанар Толыбаева төрт жыл бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейлі мекемеде өтейді. Оның жүктілігіне байланысты жазасын кейін өтеу сұралған, алайда судья кейінге шегеруді мақұлдаған жоқ.

Кеше, 16 қаңтарда сотталушылар Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева сотта соңғы сөзін айтқан болатын. Құдайбергенов ұрлық, қарақшылық жасады және адам өлтірді деп айыпталса, Қиясов қарақшылық пен адам өлтірді деп айыпталып отыр. Ал Толыбаева ұрлық және қылмыс туралы хабарламағаны үшін сотталып жатыр.

Мұның алдында прокурор Досов сотталушыларды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. "Арман Құдайбергеновті айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Нұралы Қиясов айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жанар Толыбаеваны айыпты деп танып, оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын", - деген еді прокурор.

Еске салайық, былтыр 19 шілдеде Алматыда белгісіз біреулер Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Осы пышақ жарақатынан танымал мәнерлеп сырғанушы көз жұмды.