Bugin

Аймалжын кемпір және Моңғол империясы алқалаған қазақ қыздары

Керей мемлекетіндегі Аймалжын кемпір деген даңқты бəйбіше

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Қайыркеннің мақаласын ұсынамыз. 

VIII ғасырдағы Күлтегін ескерткішінде «түркі халқы жойылмасын деп, ел болсын деп Атам Елтеріс қағанды, анам Елбілге қатунды тəңірі төбесіне көтерген екен» деп келетін жолдар бар. Осындағы Елбілге қатун Түркі қағанатының даңқын əлемге жайған атақты Білге қаған мен Күлтегіннің анасы еді. Мəңгітаста жазылғанындай, ол тек ұлдарының ғана емес бүкіл қағанаттағы халықтың анасы, шарапатты қолдаушысы болды. Сол үшін ол Елбілге қатун деп аталды. Түркі халқының тарихында дəл осындай даңқты қағандардың қасында жүріп, ел басқарған, ақылшы болған, елді береке-бірлікке, күрескерлікке шақырған əйелдер аз болмаған. Сондай атақты əйелдердің бір ретінде, ХІІІ ғасырдың бас кезінде Керей мемлекетінде Аймалжын кемпір деген даңқты бəйбіше, қарқарадай қатун дүниеден өтті. «Алтын топшыда» айтылуынша, ол Керей мемлекетінің ханы Оң ханның бəйбішесі. Аталмыш кітапта жазылған бірден-бір дерекке сай, Шыңғыс қаған Оң ханмен əкелі-балалымыз деп араласып жүргенде Аймалжын кемпір оған

құлаққағыс ретінде төмендегі өлеңді айтады:

Қос қабаттан күн шықса,

Құдық суы суалар.

Хандар таққа таласса,

Қағанат, халқы жоғалар.

Бура түйе болғаны,

Мұрындығын жырғаны.

Құлдың төре болғаны-

Қу таяқпен ұрғаны.

Жаманды жауға жұмсасаң,

Жалауыңды жығады.

Жағалаудың құрағын,

Жаман торпақ құртады.

Мұра болған əкеден,

Мыңдық ноян құлақ сал.

Қандықол дұшпан кезіксе,

Қаһарға мін беріспе.

Жүздік ноян құлақ сал,

Жел жетпейтін жүйрікті ал,

Жылқы деген жануар

 Қасыңнан болсын табылар.

Өзіңмен өзің күндессең,

Өзегіңе құрт түсер.

Текедей тірес күткендер,

Түгел елді тоздырар.

Қошқар мүйізін құртам деп,

Қордалы елді аздырар.

Бұқаның бұтын бұзам деп,

Бұзақыға жолығар.

Төрде отырса сыйлы деп,

Сақалын барып сипама,

Босағада жатыр деп,

Айдарынан жұлқыма.

Ауылда жүрсең тыныш жүр,

Ала тайынша секілді.

Алыс-жұлыс күн туса,

Ақсұңқардай суылда,

Ерегесер күн туса

Ессіз құстай қырында

Қасарысар күн туса

Қаршығадай шаңқылда!

– деп келеді. Осы жолдар арқылы Аймалжын кемпір қағанды өз еліне ие болуға, хан тұқымы, қара демей кім болса да қасына жақын ұстап, олардың ақылын алып отыруға, мыңдық, жүздік қосындарды қашан да ел қорғауға тас-түйін дайын ұстауға насиқаттаған тəрізді. Кемпірдің «Қос қабаттан күн шықса, құдық суы тартылар» деген сөзінде де үлкен мəн жатыр. Мұнда Керей Оң ханды əспеттеп, Темүжінді тежеу ойы жасырынып жатқанға ұқсайды. «Көк жүзінде жалғыз ғана күн болады. Екі күн болмайды. Егер екі күн болатын болса апат, пəле-қаза болады» дегенді емесексітеді. Жалпы,  Аймалжын кемпір бұрындары өздеріне жалынышты Темүжіннің аяқ астынан қыр даланың бас қағаны болып шыға келгенін жаратпайды. Оны Керей еліне, Оң ханның билігіне қауіп деп есептейді. Осы жолдардан қарағанда, Аймалжын кемпірдің Керей ордасында аса жоғары беделге ие алысты болжайтын саяси тұлға болғанын көруге болады.

Бұдан соң, монғол империясы түсында атағы шыққан, империяны төрт жыл бойы билеген даңқты əйел – Тұракина. Француз тарихшысы Р. Груссе «Дала империясы» атты кітабында: «Өгедей қайтыс болғанда саяси билікті өз əйелі – ақылды да айлалы Тұракина хатұнға тапсырып кетті. Тұракина əсілі меркіт тайпасының басшысына күйеуге шыққан найман қызы болатын» дейді. Оның «Монғол империясы» атты кітабының «Монғол империясының ауысуы» атты

IV тарауының «Өгедайдың тақ мұрагері Күйік» атты IV бөлімінде Тұракина қатұнға берген анықтамасында да осылай делінеді. Онда автор өз жерлесі француз Дэ Майлланың (қытайша аты – Фэн Бинчжэн) бізге белгісіз шығармасы «Фэнбинчжэншуға» негізделіп, (馮秉正書, IX, 233) «Тұракинаның қытайша аты Толегана, оның Найманжын деген де аты бар,» – дейді. Аталмыш кітабының соңындағы IV тарау IV бөліміне берілген 3-түсініктемесінде ол тағыда былай деп жазады: «Өгедейдің бəйбішесі «Құпия тарихтың» 198-бөлігінде Дөрегене (Dörägänä) деп аталады. Бұл дегеніңіз Тоағана (Törägän ä) немесе Төрегене (Töregene) деген сөз. Кейде Төрегүне (Töregune) деп те оқылады. Араб-парсы деректерінде Тұракина (Torakina) деп жазылады. Ал қытайша деректерде 脫列忽 那,脫列忽乃 делінеді. Ел есінде қалғандай, əрі «Құпия тарихтың» 198 –бөлімі дəлелдеп бергендей, меркіт Тоқтабектің үлкен ұлы Құдудың əйелдерінің бірі болған (тағы біреуі – Тоғай). Ол 1204 жылдың соңы немесе 1205 жылдың басында қолға түсіп, Шыңғыс хан оны үшінші ұлы Өгедейге береді. «Жамиғ-ад-тауарихта» оны меркіт Тоқтабектің келіні емес, қайта уас меркіттің көсемі Дайыр-үйсіннің ханымы дейді. П. Пелльо «Құпия тарихтың» паймдары біршама ақылға қонымды, Қытай деректері оның найман тайпасынан екенін растайды. Шыңғыс ханның қас жауының келіні күндердің күнінде Монғол империясының билеушісі болғанын көру қандай қызық,- дейді[3, 392]. А.Ш. Кадырбаев өзінің «Очерки истории средневековых уйгуров, джалаиров, найманов и киреитов» атты еңбегінде жаңылып Тұракинаны Төленің əйелі дейді. Шын мəнінде, ол Төленің əйелі емес, оның ағасы Өгедейдің əйелі болатын. Оның найман тайпасынан екені «Жамиғ-ад-тауарихтың» түсіндірмесінде де жазылған. Онда «Юань тарихы» (元史) 106 т., 1-б. Бойынша Өгедей ханның əйелдері мынадай тəртіппен жазылған: 1-Болахчын, 2-Төлегана (Туракина), наймажын тайпасынан, 3-Оңкүй, 4-Чилжіғұт- ене, 5-Тунакина (бұл əрине Туракинаны қайталау-Т.З.), 6-Иелчина ханым. Мэлидің шешесі,- делінеді. Осындағы «наймажын» деген сөз найман тайпасын білдіреді. Туракинаның найман тайпасынан екендігінің мынадай да себебі бар: Шыңғыс ханның керей, найман, меркіт – осы үш ірі тайпалық мемлекетті бағындыруы қарсаңында керейлер Темужін тарапта, ал меркіттер наймандар тарапта болатын. Бұл кезде меркіттердің өз ата жауы монғолдармен одақтасып отырған керейлермен құда-андалы бола қоюы екіталай еді. Оның үстіне олардың монғолдармен жауластығы шегіне жеткен болатын. Керісінше, бұл кезде меркіттер мен наймандардың монғолдарға қарсы одағы анағұрлым берік болатын. Сол себепті, наймандар мен меркіттердің бір-бірімен жақындықтың, одақтастықтың белгісі ретінде қыз алып, қыз берісуі табиғи еді.

Тарихта Монғол империясының көптеген қағандары мен олардың ұрпақтары қазақ халқын құраған ежелгі тайпалармен тығыз құда-андалық байланысты сақтап отырған. Нəтижесінде қазақтың керей, найман тайпасынан шыққан көптеген əйелдер жоғарыдағы императрица Тұракина секілді, сарай істерінен бастап мемлекет басқаруға дейін араласып отырған. Олардың кейбірі империяның даңқын əлемге жайған императорлардың əйелі немесе олардың

қадірлі анасы болған еді. Солардың бірі Сарытана бегім. Сарытана (Saritana) – тарихта керейден шыққан атақты əйел қайраткер, ол Керей Оң ханның інісі Жақамбының кенже қызы. Шыңғыс хан Керей мемлекетін шауып, өзіне бағындырып алған соң, Жақанбының Ибақ бике деген үлкен қызын өзі алып, оның сіңілісі – Сарытананы ұлы Төлеге алып береді. Кейін Төле қайтыс болған соң, Өгедей бұл əйелді өз ұлы Күйікке алып бермек болады, Сарытана төрт бала тəрбилеп өсіріп отырғандықтан бұл ұсыныстан бас тартады, бұған Өгедей реніш білдірмейді, қайта оған ризалығын білдіреді. Бір жолы Өгедей оның қол астынан үш мың адамды алып басқаларға қаратқанда ел оны қарсылық білдіруге үндейді, бірақ Сарытана «бізден кеткені аз ғана ел ғой, енелеріңнен кетсе де елден кетпес, қойыңдар» деп басу айтады. Күйік таққа отырған соң Сарытана мен оның төрт ұлының ізгі істері үшін оларды арнаулы марапаттайды.

Жалпы, Төленің төрт əйелі болған. Әйелдердің ең үлкені Найман Күшлік ханның кенже қызы Үлкін. Найман мемлекеті күйрегенде шешесімен бірге қолға түскен оның жасы өте кіші болғандықтан, Шыңғыс хан Үлкінді уақытша атастырмай қоя тұрып, Төлеге Сарытананы алып береді. Одан соң Керей Оң ханның кіші ұлы Айғырдың қызы Тоғыс бегімді алып береді. Сарытана бегім 1209 жылы Мөңкеге босанып, Құбылайға жүкті болып жүреді. Бұдан соң, 1214 жылы Төлеге тағы да найман қызы Сəрүк бикені алып береді. Сəрүк бике Құбылайды Сарытана бегімнен алып бес жасына дейін емізіп, өзінен туған Мекені Таңғұт əйелге беріп бақтырады. Осы үш əйелден соң əбден бойжетті деген кезінде Үлкін қызды Төлеге алып береді. Деректерде жазылуынша, император Құбылай өле-өлгенше Сəрүк бикені ерекше қадір тұтып, туған анасынан да артық көріп өткен. Найман мен керейдің хан тұқымынан шыққан осы төрт қыз кейін келе Төледен тараған Шыңғыс əулетінің атақ-даңқын төрткіл дүниеге жайды. Дегенмен, бұл сол дəуірдегі атағы жер жарған қазақ қыздарының бір бөлігі ғана. Олардың қалғандары туралы қытайтанушы, шығыстанушы ғалымдардың əлі де айтары, зерттер тұстары жеткілікті.