Weekend

Президентке «Азия Әдебиет академиясын» ашу туралы ұсыныс айтылды

«Әдебиет академиясын» ашу керек пе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін Астана қаласындағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Алқалы жиында Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Семей филиалының төрғасы, ақын Мерей Қарт елімізде «Әдебиет академиясын» ашуды ұсынды.

Қазақ қаламгерлерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарып, өз үлесін қосып жатқанын айта келе ол Қазақстан Жазушылар Одағы ұсынған бірегей жоба туралы сөз етті.

«Әдебиет әлемінде жаңа кеңістік ашу мақсатында жас қаламгерлерге арналған «Әдебиет академиясын» ашуды ұсынамын. Әдебиет академиясы ашылса, жас ақын-жазушыларымыз білімін шыңдап, әлем философтарының, мәдениеттанушыларының ілімін бойына сіңіріп, әдебиетіміздің әлеуеті артып, тың өріс алуына септігін тигізер еді. Сол кезде жас қаламгерлер жаһандық бәсекеге қабілетті шығармаларды дүниеге әкелер еді», – деді жас ақын.

Ал бұл туралы артынша Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек өзінің Facebook парақшасына жоба туралы кеңінен тарқатып жазды.

Осыдан 10-15 жыл бұрын Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түсіп, қазақ әдебиетінің классиктері Әбділдә Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Сәкен Жүнісов, Тынымбай Нұрмағанбетов, Әкім Тарази, Марфуға Айтхожина, Иран Ғайып, Ұлықбек Есдәулет, Айгүл Кемелбаева сияқты аға-апаларымдай мен де «Жоғары әдеби курстарын» бітіріп келуді армандаушы едім.

«Тіпті, қайбір жылы М.Горький институтының түлегі Роллан Сейсенбаев мені сол жерге түсірем деп ректорына хабарласып, біраз әлектенген болатын. Обалына не керек, ол жақтан біздің жеке басымызға еш қарсылық бола қойған жоқ. Бізді шетелден келіп оқитындарға институт тарапынан қойылған талаптары, анығырақ айтқанда оқуға төленетін ақшасының көлемі тоқтатып тастап еді.

Жолдамамен топ етіп түсе қалатын Кеңес заманындай жағдай жоқ. Қысқасы, болмады. Бірақ, қалайда басқа ештеңемен айналыспай, тек әдебиет саласындағы білімімді жетілдіру – үлкен армандарымның бірі болып жүретін. «Болашақпен» оқуға тіл білмейміз. Жасымыз болса 40-қа таяды. Тіл меңгергенмен жас келмейді. Анамен-мынамен айналысып жүргенде, уақыт қасқа шауып өте шықты. Бұл шаруа бір рет берілетін фәни өмірде енді орындалмайтын арман боп қалатын болды ғой деп жүретінмін.

Сөйтіп жүргенімізде Құдай айдап, Жазушылар Одағына жұмысқа келдік. Бұл жерде аса көп мүмкіндік болмағанымен, айтатын мінбер бар. Әдебиетке қажетті шаруаларды жоғары жаққа айтуға жағдайлар туды дегендей. Іле-шала Мәдениет және спорт Министрі жанынан құрылған Жас қаламгерлердің республикалық кеңесі құрылды.

Баршаңыз куәсіздер, Кеңестің бірінші отырысында Орталық Азия Әдебиет Академиясын құру жөнінде ұсынысты ортаға салдым. Жастарға сондай бір оқу орны құрылса, сол жерде олар өз білімдерін жетілдірсе деген сыңайда. Мақсат – әлгінде айтқан арманымызды жастар көрсін деген ниет», – деп жазды Ақберен Елгезек.

Бұл ұсынысты өзге қаламгерлер де қолдап, өз пікірлерін ортаға салды. Мәселен, ақын Ерлан Жүніс: «Әдебиет — альма-матер, идеялар локомотиві. Әдебиет және оның жанрлары тудырған идеялар барлық гуманитарлық, ғылыми-теxникалық прогрестің қайнар бастауында тұр. Сондықтан, академияның құрылуын қолдаймын! Әдебиет академиясы — жаңа идеялар академиясы, жаңа қазақстандық руxани-эстетикалық моделдің арқауы болады деп ойлаймын» десе, жазушы Дархан Бейсенбек Әдебиет академиясы туралы бастама көтеріп жатқан Мерей Қарт бауырыма мың алғыс! Расында, осы академия ашылса ғаламат болар еді. Жастар кеңесінде Ақберен Елгезек осы мәселені министрге ұсыныс қылған. Енді Елбасының алдында айтылды. Орындалып қалар деген үміт басым. Азия Әдебиет Академиясы деп атаса тамаша болар еді. Бұл академия сондай-ақ кино, театр, сурет өнеріне де шарапатын тигізіп, ықпал етер еді» – деп жазды.

Айтылған ұсыныстан кейінгі буын өкілдері де қалыс қалған жоқ. Жас ақын Айбол Исламғали де өз ойын білдірді:

«Бүгінгі кездесуде айтылған қысқа ғана ұсыныстардың біразы бұрын да естіп, ішкі-сыртқы жағдайларына қанық боп жүрген әңгімеміз десек те, қозғалмаған тақырыптар да жоқ емес. Солардың бірі әм бірегейі — «Әдебиет академиясын» құру идеясы. Әу баста мұндай ойды Астанада өткен жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысында алдыңғы буын ағаларымыз ортаға салған. Біз де кейінгі буынның өкілі ретінде һәм арамызда баяғыдан айтылып жүрген мәселе болған соң бірауыздан қолдадық. Өйткені нығметін өзіміз көреміз, бәлки біздің артымыздан ілескен қыз-жігіттер көреді. Қалай десек те, бұл идея қолдау тапса, қазақ әдебиетінің жаңа тарихындағы айтулы оқиға болмақ.

Дамыған, саналы қоғам қалыптастырған мемлекеттер әлдеқашан «Әдебиет магистрлерін» дайындауды қолға алған. Рас, әр жерде әртүрлі оқытады. Біреулерінде оқу барысы әдеттегідей (күндізгі, сырттай) жүреді. Біреулері қашықтықтан ғана оқытады. Біреулері бір жыл, ал келісілері екі-үш жыл тәрбиелейді. Тегіні де бар, ақылысы да бар. Drew University (Мэдисон, Нью-Джерси), Faulkner University (Монтгомери, Алабама), Mary Baldwin University (Стонтон, Виргиния), Sewanee: The University of the South (Сьюани, Теннесси), Middlebury College (Миддлбери, Вермонт), Oxford Graduate School (Дейтон, Теннесси). Көріп отырсыз, бір АҚШ-тың өзінде қанша жерде «әдебиет магистрлері» мен сөз шеберлерін дайындайды. Өзге тіл-әдебиет курстарын айтпағанда.

Бірақ маңыздысы, ол емес. Біз үшін, маңыздысы — академия құру арқылы елдің әдебиеті мен мәдениетін жаңа белестерге шығару, жастарға жағдай жасау.

Сол себепті, бізге, сөзсіз «Әдебиет академиясы» қажет. Уругвай әдебиет академиясы, Польша әдебиет академиясы сынды елдегі бүтін ақын-жазушы, ғалымдардың басын біріктіретін қоғамдық ұйымдар емес (бізде Қазақстан Жазушылар одағы бар), кәдімгі өз алдына тәуелсіз білім ордасы».

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді.  Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Егер бұл ұсыныс үкімет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асар болса, төл әдебиетіміз жаңа белеске көтерілер еді.