Weekend

Міржақып Дулатұлы үстем тап өкілдерін жақтаушы ма, әлде даттаушы ма?

Роман хақында бірер ой...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Бақытсыз Жамал» романы – қазақ прозасына өзгеше серпіліс әкелген, әйел бостандығын сөз еткен, стилі жағынан да, мазмұны жағынан да соны шығарма. Оның қазақ әдебиетінде роман жанрының шымылдығын түріп, халық арасына ерікін жол тартқаны мәлім. Ол өзінен кейін жазылған «Қамар сұлу», «Қалың мал» сынды романдарға жолашар болды. Қаламгердің шеберлігі өзі өмір сүріп отырған қоғамды айна қатесіз, сол қалпында  бере алуымен сыналады. Бұл тұрғыдан алғанда Міржақып Дулатұлының туындысы барлық талаптардың үддесінен шыға білген һәм көзі қарақты оқырманды көп тартқан бірден-бір туынды. Шығармада сүйгенінен тірідей айырылып, тағдырдан баз кешкен Жамалдың ауыр хәлі суреттеледі. Иә, Жамал сол замандағы қазақ қыздарының прототипі іспеттес. Қаламгер Ғали мен Жамалдың махаббатын асқан шеберлікпен, сүйген жарының соңғы демінде қасында болған Жамалдың жан толқынысын, сезім иірімдерін нақышына келтіре бейнелейді. Шығармада Жамалдың:

Сен үшін бір басымды еттім құрбан,

Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, - деп шын ғашығы Ғалиға берген сертінен таймауға бекінеді. Міржақыптың осындай махаббатты жырлауынан, оның екі жастың сезімін жоғары суретеуінен де сол заманда Жамалдың хәлін өткерген ондаған, жүздеген қыздың тілеулесі екені аңғарылады. Туындыда қос ғашықтың асыл сезімдерінің өзгелер тарапынан бағаланбауы, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесіннің» керімен есік көрмеген қызды қартайған шалға не елуді еңсерген азаматқа қосу үрдісінің құрбаны болған қыздардың тағдыры суреттеледі. Мысалы, Жұманға атастырып, малға сатып жіберген ата-анасына ренжіп былай дейді:

Мен қайран ата-ананың сатқанына,

Бір тазды жалпақ елден тапқанына.

Атама мен не жазып ем қор қылғандай,

Болмаса бір мінезім жақпады ма?  - деген бір ауыз өлең күллі қазақ қызының арызы секілді. Қай кезеңнің әдебиеті болмасын өзі жасап жатқан дәуірдің айнасы. Ал Міржақып Дулатұлын қаналушы таптың пұшпағын илеген, солардың тақсыретін қағазға түсіріп болсын естір құлыққа, ұғынар жанға жеткізгісі келген қаламгер деп білеміз.