Weekend

Мұқағали Мақатаевтың ұстазы Әлнұр Мейірбеков туралы не білеміз?

Көптеген ұлы тұлғалар Әлнұр Мейірбековтің шәкірті болған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлнұр Мейірбеков Райымбек ауданы Қақпақ ауылының тумасы. Жазушы, ақын Әлнұр ата 1921 жылы 15 мамырда дүниеге келген. Қарымды қаламгер, талай ұлы тұлғаларға қанат бітіріп, шығармашылық жолда ұстаз болған. Аңыз адам жайлы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бүгін Әлнұр Мейірбековтің өмірі мен шығармашылығы жайлы барынша зерттеп, ұсынғалы отырмыз. 


Еңбек жолы

Әлнұр Мейірбеков 7 жылдық мектепті бітірген соң аудандық тұтынушылар одағында еңбек етеді. Ал 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1945-1949 жылдары Нарынқол ауданындағы "Советтік шекара" газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет етті. 1949-1976 жылдары осы газеттің бас редакторы қызметін атқарды. 1998 жылы Райымбек ауданы тұрғындарының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіуінде ауыл ақсақалы ретінде бата берді. Отан соғысы орденімен, бірнеше медальмен марапатталды.

Шәкірттерінің көптеген шығармаларының жазылуына себепкер болған жан

Жастайынан табиғатпен етене өскен Әлнұр ата жаз шыға киіз үйін алып, Шұбартал жайлауында болса, күз түскенде малшылардың ортасында отырады екен. Еңбек адамдарының алдындағы  Әлнұр Мейірбековтің беделі биік болды.

Ол кісінің бірінші сырласы – табиғат. Таудан құлап ағатын Текес өзенінің сарылы мен туған жердің әрбір тал гүлінің құпия сыры Әлнұр атаның жүрегінде болды.

Әлнұр Мейірбеков шежіре адам. Сол өңірдің  арғы – бергі тарихы туралы аса көп біледі. Шәкірттерінің көптеген шығармаларының жазылуына себепкер болған, көп деректер берген де осы кісі .

Ширек ғасырдан астам уақыт аудандық газеттің редакторы болған Әлнұр Мейірбековтың шығармашылық өмірі Бердібек Соқпақбаевпен, Мұқағали Мақатаевпен, Қыдырбек Нүсіпәлиевпен, Оралхан Шамырхановпен, Сағат Әшімбаевпен , Алдаберген Жандараловпен, сонымен қатар Төлен Қаупынбаев , Мінуар Әкімханов , Батық Мәжитұлы , Мұса Жанәділов сияқты азаматтардың тіршілігімен тығыз байланысты. Олар Әлнұр Мейірбековты шығармашылық жолдағы ұстазы санайды.     

Зейнеткерлік өмірдің алғашқы айлары оймен серіктесіп өскен адам үшін жеңіл бола қоймайды. Өткен өмір жолдарын көз алдынан өткізіп,  «Сен солдатсың» деген хикая жазады. Бұл шығармасы 1982 жылы «Жалын» баспасынан жеке кітап болып шықты. Жеңіс солдаты атанған, запастағы майор Әлнұр Мейірбековтің бұл кітабында тек өзінің ғана бастан кешкендері емес, кеңес жауынгерлерінің әсіресе қазақ жауынгерлерінің жорық жолдары мен жасаған ерліктері кестелі тілмен кеңінен баяндалады. Осы кітапты оқыған адам соғыс деген сойқынның не екеніне қаныға түседі.

Арада бірер жыл өткен соң Әлнұр Мейірбековтың «Аспантаулар аясында » деген кітабы жарық көрді. Аспантаулар аясы – оның қымбат әрі ыстық алтын бесігі. Аталған екі кітапта қарт қаламгер Әлнұр Мейірбеков өткен күнге ой көзін жібере отырып, ұзақ өмірдің өткелдеріне байыпты талдау жасайды, бұл шығармаларда да адамгершілік туын аласартпайды. Аталған кітаптары сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының жиындарында жақсы жағынан аталып, жоғары бағасын алды.

2005 жылғы «Парасат »журналының 5 санында жарияланған өмір құбылыстарына үңіле қарап, тағылым- тәрбиелік мәні зор ой ұшқындары маржан тереді. «Ой  ұшқындары »деген атпен  жазылған мақал – мәтелдері, маржан сөздерінің  өзі 130-дан астам.

Ой ұшқындары

1. Оқыс мінез –отқа да түсіреді,топқа да түсіреді .

2. Оралымсыз оққа да жығады ,оппаға да жығады .

3. Арсыз ұятқа да қарамайды ,тауансыз миятқа да қарамайды .

4.   Қорқақтың  жаны тәтті ,

     Қорқаудың діні қатты .

5. Ашкөз ауқаттыны күндейді ,

    Ауқаттыдай талпынуды білмейді .

6. Асыл жерден шығады ,

   Батыл елден шығады .

7. Байлық –ащы терден көктейді ,

   Тер төкпей мұратқа жетпейді .

8.  Ақыл тапқанның –алды жазық .

9. Жақсылар шапағатын бұлдамайды ,

     Есерлер мұң-зарыңды тыңдамайды .

10. Адалдықтың алтын қазығы –қанағат ,

    Ол шарасын асырмайды , байлыққа бас ұрмайды .

11. Тектінің тұқымы –артық асап ,арам құспайды ,

      Ар-иманын жоғары ұстайды .

12. Алдын аңғармаған –аранға ұрынады ,

     Байқап баспаған-батпаққа жығылады .

13. Қыранмен ойнаған –тырнаққа ілінбей қалмас ,

     Өткірмен ойнаған –ақыры тілінбей қалмас

14. Бұлаңдаған құйрық –жағыну нышаны ,

      Қырыстанған қабақ –қағыну нышаны .

    Сенім артқандай шірік жіпке ,екеуінен де игілік күтпе !

15. Аға сыйламаған жағаға жабысады ,

      Жақынынан безіп ,жатпен табысады

Қаламы қарымды  Әлнұр Мейірбеков республикалық мерзімдік басылымдарда елдің мүддесін көздейтін көлемді проблемалық мәселелерді де назарынан тыс қалдырмады. Мұнысы оның қашан да халық қамын ойлайтын азаматтық тұлғасын аша түсті.

Әңгімемізге арқау болып отырған соғыс және еңбек ардагері, журналист-жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі,  бүгінде арамызда жоқ Әлнұр Мейірбеков туралы мұндай жаттанды  мақтау-мадақтаудан биік тұратын сияқты көрінеді. Ол кісіні мақтаудың, өмір жолы туралы анықтама берудің қажеті де жоқ. Мұндай даңғаза мақтау әрі Әлнұр Мейірбековке жасалған қиянат болар еді. 

1998 жылы Райымбек ауданы тұрғындарының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіуінде ауыл ақсақалы ретінде бата берді. Бата алғанды жас болсын, жасамыс болсын өздеріне мақтан санайды. Демек, ол халықтың берген  Абыз деген атағына кең-молынан лайық, аузы дуалы ел сыйлайтын қария еді.

Әлнұр Мейірбеков Отан соғысы орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.