Саясат

"Қазақша жауап беріңіз!". Депутат орысша сөйлеген министрге шүйлікті

Бүгін, 3 ақпанда мәжілісте баяндама жасаған Қазақстанның ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев депутаттардың сұрағына орыс тілінде жауап бергені үшін сын естіді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
18 қаңтарда ғана министр болып тағайындалған 34 жастағы Ерғалиев баяндамасын мемлекеттік тілде жасаған. Алайда ол депутаттар сұрақ қоя бастағанда орысша жауап бере жөнелді. Сол сәтте мәжіліс депутаты Берік Дүйсембаев министрдің мемлекеттік тілде қойылған сұраққа орысша жауап бергеніне ашуланып, оны сынға алды. 
 
"Сіз бүгін алғаш рет отыз жылдық тәуелсіздігі бар тәуелсіз мемлекеттің мәжілісіне келіп тұрсыз. Сіз қазақша қойылған сұрақтардың барлығына ешқандай рұқсат сұрамай, сырғып, орыс тіліне қарай ауысып кеттіңіз. Егер сіз өзіңіздің жасыңызға қарамай, 18 миллионның ішінен министр болуға жарған екенсіз... Тәуелсіздіктің құрдасы деп санаймын, жасыңыз да тәуелсіздікке шамалас шығар. Өз ана тіліңізде жауап бермеуіңізді ұят деп санаймын. Сондықтан сізге ескерту: келесі отырыста қазақ тілінде, ана тілінде қойылған сұраққа өз ана тіліңізде жауап беріңіз" деп шүйлікті депутат министрге. 
 
Депутат Дүйсембаевтың ескертуінен кейін министр Ерғалиев оның қазақша айтқан сөздерін түсіну үшін арнайы құлаққап тақты. 
 
Қазақстанда мемлекеттік тілде - қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмайтын шенеуніктер жиі сынға ұшырайды. Олардың арасында елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
 
Қазақстан Конституциясының 7-бабының бірінші тармағында "мемлекеттік тіл - қазақ тілі" деп көрсетілген. Алайда сол баптың екінші тармағында "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылған.