Bugin

Ғабидолла Әбдірахымов: Бозжырада қонақ үй салу керек

АҚШ каньонда қонақ үй салған жоқ па!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов Бозжыра шатқалында қонақ үй салуға болуға болады деп пікір білдірді. Бірақ экологиялық талапты ескеру керек екен. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы хабарлайды.

Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, Бозжыра жерінде қонақ үй салу – қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі. Елдің пікірі екі айырылды.

"Бірі салуға қарсы, екіншісі салуға болады дейді. Шынын айтқанда, екі тараптың да айтқаны дұрыс. Бір жағынан, табиғатты аялағанымыз, екінші жағынан дамығанымыз да қажет. Мәселен, АҚШ туризмді дамыту үшін Гранд-Каньонында қонақ үй салған. Ұлттық саябақтың маңында ондаған қонақ үй бар. Каньоннан қанша алыс, бәрі жазылған. Айналысында кемпинг, автотұрақ та бар", - деп жазады Әбдірахымов Instagram-да.

Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, Сауд Арабиясы да туризмді дамытудың кешенді бағдарламасын қолға алып, Әл-Ула жазығында қонақ үйлер салған. Жыл сайын мұнда халықаралық фестиваль өткізетін көрінеді.

"Осындай халықаралық тәжірибеге және халықтың пікіріне сүйеніп, жалпы Бозжырада қонақ үй салуға болады деп ойлаймын. Бірақ шатқалдан алыс жерде салу керек. Экологиялық жағынан қауіпсіз болғаны жөн. Сондай-ақ жақын маңнан кемпинг сынды инфрақұрылым салуға да болады. Келген адамдар сонда барып тынығады. Автотұрақ пен жүргінші және веложол салуға болады. Атпен, электроциклмен, төбесі ашық туристтік автобуспен де жүруге жағдай жасау керек. Туристтер транспортты автотұраққа әкеп қойып, ары қарай жаяу жүреді. Сонда табиғатты да сақтауға, туризмге де жағдай жасауға болады", - деп жазады вице-министр.

Айта кеткен жөн, 2020 жылы күзде Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салынады деген ақпарат тарап, бұл қоғамның наразылығын тудырған еді.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш жобаны қайта қарау керегін айтқан. Бірақ қонақ бәрібір салынатын боп шешілді. Ол шатқалдан 4 шақырым жерде болмақ.