Bugin

Асқар Мамин жердің сатылуына қатысты мәлімдеме жасады

Жер шетелге берілмейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин шетел азаматтарына жер беру мәселесі жан-жақты қаралады деп сендірді. Мұны ол мәжіліс депутатының сауалына жауап беру кезінде айтты.

Премьер-министрдің айтуынша, жерді сатуға тыйым салу мораторийі аяқталғаннан кейін міндетті түрде Жер кодексіне өзгерістер енгізіледі.

"Мораторий аяқталған соң Жер кодексіне жаңа нормалар енгізіледі. Сол кезде шетелдік компаниялар мен азаматтарға жер сатуға сондай-ақ шекара маңындағы жерлерді көрші ел мен оның азаматтарына жалға беруге тыйым салу бойынша депутаттардың ұсынысы міндетті түрде ескеріледі", - деп келтіреді Маминнің сөзін КазТаг агенттігі.

 Айта кеткен жөн, былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында биыл жерге жарияланған мораторийдің аяқталатынын және "жердің шетелдіктерге берілмейтінін" мәлімдеген. Бірақ ауыл шаруашылық жерлерін экономикалық айналымға түсірудің қажет екенін де айта кеткен.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Берік Дүйсембаев үкімет басшысына сауал жолдап, халықтың жерді сатпау жөніндегі талабын заңнамаға дереу енгізуді нұсқаған.

"Жер дауының талқыға салынғанына 5 жыл болса да әлі нәтиже жоқ. Халықтың жерді сатпау жөнінде нақты шешімі, көзқарасы бар. Алайда ол талап әлі заңнамаға енген жоқ", - деген еді депутат.