Bugin

Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді

Бүгін, 1 наурыздан бастап республикада карантин жеңілдейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көктемнің алғашқы күнінен бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Кейбір оқушылар мектепке оралса, мешіттерде жұма намазына рұқсат етіледі, халықаралық әуе рейстерінің саны артады. Бұл туралы bugin.kz платформасы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Оқушылар аралас форматқа көшеді

1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі. Тек мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілері көп тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарында аралас форматқа рұқсат жоқ.

Мектеп бітіретін 9, 11, 12 сынып оқушылары да аралас форматта оқиды. Пәндердің 70 проценті штатты режимде, қалған отызы қашықтан оқытылады. Бір сыныпта 15 баладан аспауы керек.

Екінші семестрден колледждер мен университеттердің I курс студенттері де штатты режимде оқиды.

Мешіттерде жұма намазы оқылады                

Жеті күн бойы коронавирустың таралуы бойынша "жасыл" аймақта тұрған өңірлерде жұма намазына рұқсат етіледі. Бірақ, мешіттерде залдың толуы 30%-тен аспауы тиіс.

Сауда орталықтары жексенбіде де ашық

7 күн бойы "сары" аймақта болған өңірлерде 1 наурыздан бастап жабық базарлардың, сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, бір апта бойы "жасыл" аймақта тұрған өңірлерде цирктер, бильярд клубтары, балалар ойын-сауық орталықтары ашылады.

Спорттық іс-шараларды өткізуге де рұқсат етіледі.

Әуе рейстерінің саны артады

Бүгіннен бастап тағы төрт елге халықаралық әуе рейстері артады: Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Украина.

Мұндай шешімді коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сай орындалады.

Вакциналаудың екінші кезеңі

Наурыз айында республикада коронавирусқа қарсы вакцина салудың екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңде жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының педагогтеріне, медицина қызметтерінің жұмысшылары мен әскери қызметшілерге екпе егіледі.

Жуырда бас мемлекеттік санитар дәрігер 65 жастан асқандарға да вакцина салуға рұқсат еткен еді. Жыл соңына дейін денсаулық сақтау министрлігі алты миллионға жуық қазақстандықты вакциналауды жоспарлап отыр.

Ескі банкноттар қабылданбайды

3 наурыздан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік банкноттар айналымнан шығады. Оған дейін ескі купюраларды Ұлттық банктің филиалдарында айырбастауға болады.

Көктемгі әскерге шақыру

1 наурыздан Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады. Науқан 1 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 18 бен 27 жастағы 13,5 мыңнан астам адам әскерге жіберіледі деген жоспар бар. Әскерге шақырылғандар ПТР-тестен өтіп, коронавирусқа қарсы вакцина да салынады.

Көлік картасын қайта шығару құны өседі

1 наурыздан қоғамдық көліктің жеңілдігі бар немесе мектеп оқушыларына арналған Transcard көлік карталарын қайта шығару бағасы екі есе өседі.

Бүгіннен бастап көлік карталарын қайта рәсімдеу құны 1 000 теңгені құрайды. Ал картаны алғаш алатындар үшін баға өзгерген жоқ – 500 теңге.

Пойыз билеттері қымбаттайды

1 наурыздан бастап әлеуметтік маңызы бар бағыттарда теміржол билеттерінің бағасы 7 процентке көтеріледі.

Түрмедегі кездесулерге рұқсат берілді

Бірінші наурыздан бастап түрмеде жазасын өтеп жатқандар жақындарымен кездесе алады. Тиісті қаулыға елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов қол қойды.

Түрмедегі ұзақ және қысқа мерзімді кездесулерге санитарлық талаптар сақталған жағдайда рұқсат етіледі.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылуы мүмкін

Наурыз айында "Елорда жастары" тұрғын үй бағдарламасы басталуы мүмкін. Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев мәлімдеген еді.

Жаңа бағдарлама 35 жасқа дейінгі жастарға баспаналы болуға мүмкіндік береді.

Баспанаға үміткерлерге жылдық 5% мөлшерлемемен кредит беріледі. Қарызды өтеу мерзімі әр жағдайда жеке-дара қарастырылады. Мерзім 3 жылдан 25 жылға дейін болуы мүмкін.