Woman

Арман болған Алматы... Мақсат болған ҚазҰУ...

Алматы талайдың махаббаты.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы талайдың махаббаты. 2017 жылдың жазында мен де бұл қалаға ғашық болдым. Қарбаласқан адамдардың күйбең тіршілігіне куә болған күніне, қанша ыстық сезімдерге себепші болған түніне ғашық болдым. Түнгі шамдарын жаққан Алматы тіпті құлпырып кетеді. Әсіресе көзге оттай басылатын ақ шамдары аппақ арманға алып ұшатын ақ қанаттардай көрінеді. 

Армандар орындалатын мекен. Жер бетіндегі жұмақ. Ақ тілегін алдынан ақтарып, Алматыдай алып қалаға әр ата-ана өз баласын талай аттандырған. Әдетке айналған сол дәстүр ешқашан толастаған емес. Тіпті қол жетпес айдай болса да, болашағына көз салғандар өз тағдырын үлкен қаламен байланыстыруға тырысады. Кішкене шабаданын ұстап, үлкен арман мен үміт жетелеп келген қаншама жандар осы мекеннен бақытын тапты. Солардың бірі болғаныма қуанамын. Аяулы мектеппен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басқан шағымда Алматы менің де қорғаушым болды. Ата-анадан алыстап, алдымыздан шыққан даңғыл жолға арманымызды арқалап аттанған шағымызда Алматы бізді жылы шыраймен қарсы алды.      

Алматы шығармашылық шаһары. Талай журналистер түлеп ұшқан, кішігірім шаһарға айналған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне түсуді мен бала күнімнен армандадым. Бала арман мені ылғи алға жетеледі. Журналист болу – демің үзілгенше шындықпен күресу. Бүгінгі қазақ баспасөзі қиялы ұшқыр, ақылы толысқан, қағазы мен қаламын жанына серік етіп, қашанда жаңалықтың жаршысы болып жүрген жандардың арқасында күннен – күнге қарыштап дамып келеді. Алайда журналистика мамандығына талапкерлердің басым көпшілігі телевизия саласына қызығып келетіні тағы бар. Әрине жаңа технологиялар дамыған біздің қоғамда телевизияның алар орны ерекше. Оның бейнелілігі көрерменнің ақпаратты жылдам алуына мүмкіндік береді. Бірақ жазу өнері – қай кезде де өзінің маңыздылығын жоғалтпаған. Өз басым адамның психологиясына қатты әсер ететін қоғамдық жантүршігерлік мәселерді ашық көрсететін телевизиядан барлық дүниені көркем тілмен керемет жеткізе білетін баспасөз беттерін артық көремін. Журналистика саласына келгендегі бірден-бір мақсатым да газет-журнал беттерінен өз туындыларымды көру еді. Осы мақсат жолында Мұхтар Әуезовтей дана тұлғалар дәріс берген қара шаңырақта білім алу- әрі мәртебе, әрі жауапкершілік. Осы жауапкершілігімді абыроймен алып жүру менің басты міндетім деп білемін . Бұл мамандықты таңдау арқылы еліме елеулі еңбек етіп, Қазақстанның көркеюі үшін жұмыс жасаймын деген сенімдемін.