Bugin

Қылмысын жасыруда: Құрылыс компаниясы сақ қорымын қазып тастаған

Кім кінәлі? Әлде қасақана істеген іс пе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы қаласының Наурызбай аудандық әкімдігі маңындағы ескі сақ қорымы осы аймақта үй салып жатқан құрылыс компаниясы қазып тастаған. Бұл жайлы ҚазТаг тілшісі хабарлады.

Сақ қорғаны әкімдік ғимаратынан 200 метр жерде ғана жатыр. Бірақ әкімдіктің өзі бейхабар. 

"Бұл жердегі сақ обаларын "Ақжар қорымы" деп атаймыз. Өйткені жанында Ақжар атты елдімекен жатыр. Бұл жерден біз төрт қорымды тапқанбыз. Бірақ әлі зерттелген жоқ. Біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырларға жатады. Бұлар – Алтын адам табылған обаларға ұқсас, сол дәуірде салынған. Алматы қаласы мен Алматы облысында көп таралған. Қорымның айналасы таспен қоршалған. Қазір осы қорымның екеі - 3-шісі мен 4-шісін әлдебіреулер қазып, ашық-шашық тастап кеткен. Құрылыс компаниясы бұл жерден карьер қазып, топырақ пен құм тасыған сияқты", - дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері Ерлан Қазизов.

Оның айтуынша, құрылысшылар қазылған жердің қорым екенін біліп, енді оны жасыруға тырысуда. Карьерге қоқыс төгіп жатқан көрінеді.

"Карьердің тереңдігі 7-8 метр, ұзындығы 50-70 метрдей. Қазір құрылысшылар жанталасып карьерді толтырып жатыр. Тұрғын үй салып жатқан жағынан құрылыстан қалған қоқыстарды осында әкеп төгуде. Қылмысын жасыруға тырысып жатқан тәрізді", - дейді ғалым.

Қазизовтың айтуынша, бұл қорым 2016 жылы ерекше қорғауға жататын нысандардың тізіміне енгізілген екен.

"2016 жылы археологиялық сараптама жасап, төрт қорғанды да анықтап, әкімдікке өткізгенбіз. Сол жылы Алматы қаласының ескерткіштері тізіміне енгізілді. Нысанның төлқұжаты бар, қорғауға алынған. Бірақ неге екені белгісіз, білместіктен бе әлде қасақана жасалған әрекет пе, білмеймін, тарихи нысан көз алдымызда талқандалып жатыр", - дейді ғалым.

Өз кезегінде агенттік тілшісі бұл арызбен Наурызбай аудандық әкімдігіне жүгінген. Ал әкімдіктің айтуынша, бұл қорым мемлекеттік қорғауға әлі алынбаған екен. Соны пайдаланған алақол құрылысшы кәсіпкер қорған тұрған аумақты қазып, құм мен қиыршық тас тасыған.

"Іс Наурызбай аудандық полиция басқармасына берілді. Әкімшілік айыппұл салынып, қосымша шаралар қолданылмақ", - деді әкімдік.

Алайда тарихи мекенді, мәдени жәдігерді бұлай бұзған кәсіпкердің айыппұлмен ғана құтылғаны күдік туғызады.