Bugin

"Бюджет халыққа қызмет етуі тиіс!" Балжан Шәменова кім?

Мен өз көзіммен көргенді, көзім жеткенді ғана жазамын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ФБ желіге бір мезгіл кірмесең, жаңалықтан құр қалады екенсің.

Облыс басшысының әлеуметтік салалары бойынша орынбасарлығына Балжан Мөрәліқызы Шәменова тағайындалған екен.

Сөздің турасын бірден айтайын.

Сонау еліміздің қалыптасу кезеңдерінде Сыр аймағының экономикасы, әлеуметтік қамсыздандыру мен білім саласын 3 қыз басқарды (бұған дейін де жоғары лауазымда мықты қыздарымыз болды).

Балжан Шәменова, Майдан Мәселеева, Жаңыл Жонтаева. Сарапшы журналист ретінде осы үш қыз басшымен тығыз жұмыс жасадым. Үшеуіне де аймақтың үш тағанын көтеріп тұрған Кит деген баға беріп едім.

Неге? Өйткені ол заманда қаржы тапшы, жұмыс жоқ, кәсіпкерлік аз, даму бағытымызды айқындап алғанмен жаңа тұғыр, жаңа нарықтық экономикаға, әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа бағыттарына, идеялық мазмұны өзгерген білім беру сияқты жаңаша бағдарға саланы бейімдей отырып, халықты сол бағдарға салу оңай болған жоқ.

Бұл үш қыз басшының мықтылығы сол, телефон соқпай - ақ, кабинетіне кіріп барып, сұрағыңызды қоя алатын едіңіз.

Үшеуі де бір цифрдан жаңылып не мамандарына қағаз дайындатып, әріпке үңілген кездері болған емес. Басқарып отырған саласының үтір, нүкте ұңғыл-шұңғылын білгенді осы үш қыздан көрдім. Оны осында отырған ескі көз журналистер растайды.

Жарайды, жаңа қызметке келем деп, басы шуға қалған Балжан Шәменованың өзіне тоқталайық.

Балжан Шәменова - жоғарыда айтқан облыстың дамуына зор үлес қосқан 3 киттің бірі. Біз Тәуелсіз еліміздің 30 жылында қалтқысыз жұмыс істеп, дұрыс басқарып, саланы ұршықша иірген мықтылардың болғанын ұмытпауымыз керек.

Балжан Мөрәліқызының ерекшелігі облыстың бас экономисі ретінде аймақ бюджетінің әр тиынына еге болды.

Облыстық мәслихат депутаттары бюджет қаражатын бір жобаға не бағдарламаға ұсыну үшін, қолдау үшін Мөрәліқызының сарабынан өте ме, өтпей ме деп алаңдайтын. Өйткені бюжет қаражатының әр тиыны есепте, әр тиыны күрес еді.

Егер Шәменова қаражаттың бір тиыны тиімсіз жұмсалатынына көзі жетсе, жобаны құнды деп таппаса, онда оған әкім де қарсы тұра алмайтын.

Ал алдына журналист барса, облыс экономикасындағы кемшін тұстарды жасырмай айтушы еді, себебі мен салдарын талдап, айтып беретін. Бұның өзі журналистің сараптамасымен жария етілгенде, депутаттар құлақ түріп, облыс басшысы назарға алатын. Себебі Шәменованың есебі мен экономикасы әр жаңа жобаның, өңірдің әр даму бағдарламасының әр тиынының мақсатты болуын талап ететін.

Шәменовадан кейін бар қаражат мақсатсыз кетті деуден аулақпын. Бірақ шын мәнінде облыстық бюджеттің қаржысын дөңгелектемей, әр тиынына жаны ашып, әр тиынының мазмұнына үңілген экономист ол біреу - Шәменова.

Балжан Шәменова ҮНЕМІ СҰХБАТ БЕРГЕНДЕ "БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ӘР ТИЫНЫНЫҢ АРТЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ ТҰР, ХАЛЫҚҚА ЖҰМЫС ЖАСАЙТЫН ЖОБАЛАР МЕН БАҒДАРЛАМАЛАР ТҰР. СОНДЫҚТАН БЮДЖЕТТІҢ КӘПЕГІНЕ ДЕЙІН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ІСТЕУІ ТИІС" ДЕЙТІН.

Бірде Балжан Мөрәліқызының Арал пластик қайық жасау заводы төңірегінде тартысқа түскені есімде.

Бұл заводқа Банктен бе, есімде қалмапты, ұмытпасам, 95 млн доллар қаражат бөлінсе де, депутаттар облыстық бюджеттен қосымша қаражат сұрады.

Шәменова бұл жобаға бюджеттен қаржы қаралуына қарсы боп, ол зауытқа бюджеттен тыс қаралған қаражаттың жеткілікті екенін айтып, табандап тұрып алды.

Ақыры сол завод бір де бір қайық шығармастан құрдымға кетті. Осындай қаншама жалған жобаларды алдын алуда, Шәменованың кәсіби қасиеті сеп болғанын депутаттар мен сол кездегі әкімдер білетін болар.

Қазір осындай басшылар болса, жазыңыздар. Қолдайық. Үлгі етейік. Бірақ Қайдам...

Енді осындай аймақ экономикасының дамуына жанкешті қызмет жасаған білімді де білікті, өзі қарапайым, Сыр өңірі дамуының ең қиын кезеңдерінде облысты алға сүйреп, локомотив кадр болған Балжан Шәменованың облыс әкімінің орынбасарлығына келгенін өз басым қолдаймын.

Ең бастысы өз ісіне мығым. Талапшыл. Табынды. Көп жылдар облыстың ең күрделі саласын басқарып, аймақты жерге қаратпаған маман.

Қазаншынын өз еркі, қайдан құлақ шығарса дейді қазақ.

Облыс басшысының тағайындаулары мен кадр саясатына араласуға құқым жоқ. Облыс түгілі Үкімет басшылығында болған әкіміміз қандай кадрлық шешім жасаса да, ел игілігі үшін деп қабылдаймыз.

Бірақ әр қазақтың ойында, әкімдер сайланса, кадр саясатында халықпен санасса деген арман жоқ емес. Енді ол арманның ауылына жеткенше, әр басшының жауапкершілігі мен позициясына сенім артуға тура келеді.

Дегенмен кез келген кадрдың деңгейін анықтау, қызметін бағалау - журналист үшін де, блогер үшін өте жауапты іс.

Журналистердің өз сөзіне жауап бере алатынына сенем.

Олардың қай қасысы сынаса да, ел үшін, халық мүддесі үшін дері анық.

Тек қызметінің сапасын саралап, нәтижесін сараптасақ, дұрысы сол.

Сосын әр орынбасар өз саласының жұмысы, аяқ алыс, қарқыны туралы баспасөз мәслихаттарын жиі өткізсе деген тілек бар. Сонда сын да, мін де уақытында түзелер еді.

Жалпы елді билеуге 30 жастан бастап қосуға қарсымын. Білімі болғанмен, тәжерибе аз, парасат болғанмен, кемеліне келмеген жас кадр қателікке көп ұрынады. Немесе өзінен жоғары басшының айтуымен жүреді. Ол ақиқат.

Ал 50-65 жас ақыл тоқтатқан, арқасында тәжірибелі ауыр, соқпақты жолдары бар басшы облыс басшысымен тең жағдайда сөйлесіп, елдің жүгін бірлесіп көтерер еді.

Сондықтан жастарға министр, вицеминистр, облыстық деңгейдегі басшылықты беру - үлкен қателік.

Олар ауылда, ел ішінде, аудан қазандарында қайнаулары тиіс. Топырақ кешіп, терлеп, Көшербаевша айтқанда, "маңдайларын күнге, табандарын құмға күйдіріп" барып, басшылыққа келгендері ләзім.

Сондықтан Балжан Шәменова көргені мен түйгені көп, аймақ экономикасымен жетік таныс, бұған дейін атқарған қызметіндегі мол тәжірибесімен жаңа лауазымда әлі де халыққа қалтқысыз қызметін арнап, пайдасын тигізетініге сенем.

Балжан Мөрәліқызына абырой тілейік! Іске сәт!

Айткүл Шалғынбаева