Weekend

«Бақ шаба ма, бап шаба ма» сөзін білім саласында не үшін қолданып жүрміз?

Неге бақ шабуы керек?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Абайдың қазақ мақал-мәтелдерін сынап жазып, оған өзіндік бағасын бергенін жақсы білеміз. Сол секілді кейбір аталы сөздеріміздің ішінде орынды-орынсыз пайдаланып жүргеніміз бар. Қазақ бәйгеге ат жаратып аламанға қосқан кезде: «бақ шаба ма, бап шаба ма» көрейік дейді. Бұл жерде баптаған тұлпардың бабы да, бағы да келісуі керек. Бір ат сүрініп құлайды, бір ат болдырады. Тұлпар көнбеге жеткен кезде қатпалында келе жатқан ат сүрініп кетіп, жеңіліс тапса, жеңгенің «бағы бар екен, бүгін бағы шапты» деп қолқалап жатады. Бұл аламан бәйге. Ал осы сөзді білім саласында қолданудың қажеті бар ма?

Ұлттық бірыңғай тестілеу 11 жыл білімнің ең соңғы жылында ұйымдастырылатын, шәкірттің білімін анықтайтын емтихан. Оған оқығандар өтеді, қалыс қалғандар қателікпен жұмыс жасайды. Тек 11 жыл алған білімді жіберген қателік үшін 1 жыл үшін қайта меңгеру мүмкін бе? Шындығында оқушы бабына сенуі керек пе әлде бағына ма?

Қазақтың сөзді киелі деп тануы да осында жатыр. Өз орнына қарай айтылмаған сөз жетім. Бірінің шекпенін біріне жабуға да болмайды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөздің төркіні «Ат шаба ма, бап шаба ма, бақ шабама». Міне, бұл жоғарыда айтып өткеніміздей, бірдей бапталған аттың біреуі абайсызда сүрініп құлауына айтылады. Ал білім саласында екі оқушы да үздік оқып, біреуі жеңіліс тапса, «бағы шауып» кетті дейсіз бе?

Өскелең ұрпаққа, әсіресе, білім алып жатқан мектеп оқушыларына «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөзді айтудың мүлде қажеті жоқ. Білім ол – білім. Оқушы не үшін мектепке барады, не үшін ілім іздейді, не үшін оқиды? Ертең білікті маман, өз саласының білгірі болу үшін. Ал маманның бабы емес, бағы жанып оқуға түсіп кетсе, оның қандай маман болып шығарына кепілдік жоқ.

Білім саласында тек бап шабуы тиіс. Кім жеңімпаз, оқыған-тоқыған, бабы келіскен оқушы жеңімпаз. Анығын айтқан кезде, емтихан кезінде шпаргалка пайдалана алмай қалса, біреуден көшіріп үлгермей қалса, осыны әкеліп баққа телиміз. Сұрақ: неге оқушы көшіру керек, неге шпаргалка пайдалануы керек? Ал оның пайдалана алмай қалғанын бақпен байланыстырудың қажеті қанша? Тегінде білімді дұрыс алмаған, құныттамаған шәкірттің бабы келіспей тұрса, қандай бақпен озып шықпақ?

Google іздеу батырмасына «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп нұсқау берсеңіз, бірнеше тақырыпқа көз сүрінеді. Негізгі көзге түсетіні: «ҰБТ: бақ шаба ма, бап шаба» деп берген. Тақырыпты осылай берудің өзі журналист пен басылымның қателігі. Онсыз да, ақпараттық төңкеріс кезеңінде өмір сүріп жатқан шәкірт үшін аталған сөздің аясында, абыройы асақақ басылымдар басты бетке батпандай қылып осы тақырыппен ақпарат берсе, әркімнің ішінде бір арам ой туындамай ма?! Сыныққа сылтау таппай жүрген оқушы үшін «бағым шаппады» деген жауап оңай. Ал бабы неге келіспеді, неге білімді алмады, неге оны игермеді деген мәселе қалыс қалып қояды.

Айтпаса сөздің атасы өледі. Әр айтылған сөздің киесі, айтатын иесі бар. Иесін таппаған сөздің арты қоғамдық мәселеге айналып кетуі бек мүмкін. Сондықтан, әсіресе, білім саласында, мемлекеттің өркендеуі үшін тер төгетін қоғамдағы негізгі күшке ғайыптан пайда болатын ғажайыпты айтудың қажеті шамалы. Білімге құштар баланың бабы шапса жеңгені, жеңілсе бағының емес, бабының келіспегені.