Travel

Жаңа жырлар

Түркия сапарынан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бәйгеге

Ақылбек  Шаяхмет

 

Ұлтымыздың  данасы

 

Мұстафа  Шоқайға

 

Қоқанға тұрған бағынып қазақтың елі шерменде

Пайғамбар атын беріпті дүниеге перзент келгенде.

Айырылып құтты қоңыстан, іргеде тұрған орыстан

Болған ғой запы тосынннан зұлматтың бұлты төнгенде.

Шаштының асыл тұяғы, Торғай датқаның текті ұлы,

Жаратын мұзды кемедей,  жығардай тауды екпіні,

Тексіздер төрге шыққанда қара бақырдай жоқ құны,

Араша түскен сол еді көргенде халқы тепкіні.

Ажыратып алған дұрыс қой тауды да биік төбеден,

Түріктің жұртын, ерлерін киелі сөзбен жебеген,

Тәуелсіз елдің қамын жеп, Алладан тілек тілеген,

Алаштың арын қорғаған замат еді көреген.

Құлдық пен қорлық ешқашан болмасын десе жұрты үшін,

Қыпшағым деген ру емес, қазағым деген ұлт үшін,

Достарын жинап қасына, таба да болмай дұшпанға,

Тый деді байтақ жерімде алауыздықтың қырқысын.

Имеді басын ақ болсын, қызылы болсын, патшаға,

Советтік ауыр балғамен қиратып соғып жатса да,

Таймады тура жолынан, қайтпады айтқан сөзінен,

Орақпен орып, пышақпен терісін жонып жатса да.

Оранған от пен жалынға жылдар да өткен жұлқысқан,

Айыра алмай қалған көп жақыны кімдер, кім дұшпан?!

Байлаулы аттай кермеде өтсе де өмірі құсада,

Арманы болды ең басты –  түрленген,  берік Түркістан!

Сұлутөбе, Наршоқы –  асылдар талай өткен жер,

Қазағымның қайыспас  нары келіп шөккен жер,

Ақ түйенің қарыны бір-ақ күнде жарылып,

Тәуелсіздік  таңы атып, нұр-шуағын төккен жер.

Отқа да түсті, болса да қаулаған жалын, Мұстафа,

Зиялы болды сақтаған намысын, арын, Мұстафа.

Суға да түсті қаймықпай анықтау үшінөткелді,

Түсіне білді қоғамның мұңы мен зарын Мұстафа!

Қадірлі жұрт! Ардақты ел! Болмаңыздар еш қапа,

Тұрған бізге жол сілтеп арамызда Мұстафа!

Көздің ақ пен қарасы, ұлтымыздың данасы,

Сансыраған, сабылған санамызда Мұстафа!

Қабырғалы қалың ел келді бұрып ат басын,

Елі-жұртын арыстың тіл мен көзден сақтасын!

Есін жиған қазақтың атағы ассын Алаштан,

Құдіреті күшті Алла- Жаратушы жақтасын!

 

Асыл  ойлы 

Мағжан  Жұмабаевқа

 

Көкжиекке шыққан Күннің өрмелеп,

Жұлдыздардан көрген күні, төккен нұры  бір бөлек.

Нұрын төккен жұлдыздардан дөңгелек

Жаңа туған, жарық берген Айдың орны бір бөлек.

Ұлтымыздың ар-намысы, асыл ойлы  кемелім,

Тастан мықты, таудан биік, теңіздерден тереңім.

Қаталаған ел-жұртыңа мың бұлақтың көзін тапсам деп едің,

Өңмеңдеген озбырлардың мысын бассам деп едің,

Кене хан мен батыр Баян ерліктерін дәріптеп,

Түркістанды бесік қылып,

Алты Алашқа есік  ашсам деп едің,

Еңіреген елдің жоғын  тегіс қылсам деп едің,

Аш қасқырлар қорқып жүрген,

Жолбарыстар жортып жүрген

Сарыарқаны өріс қылсам деп едің,

Қорсылдаған доңыздардан құтылып,

Қансыраған қазағыма қоңыс қылсам деп едің.

Жұлдыздардан жарқыраған түнде көп,

Таң атқанда жол көрсетіп туған жұлдыз бір бөлек.

Жыр арнаған бірін бірі  кимелеп,

Сөзі сара ақындардан сенің орның бір бөлек.

Қиындықта қайыспаған,

Шарболаттай майыспаған,  өрең биік, өр едің,

Қайда жүрсең, елдің қамын жеп едің,

Саф  алтындай жарқыраған асыл сөзін ұмытпаған көненің,

Өлең-сөздің маржандарын теріп алған сен едің,

Нұр-сәулесін мейірімді жүректерге төгеді,

Ұрпағымен бірге жасап келеді

Көз жасы мен қан аралас  сиямен

Сенің жазған өлеңің.

 

 

 

 

Түркия  сапарынан

 

Түрік  елінде


Қуантқан барша қауымын

Елінде  батыр түріктің,

Көрісіп жатыр бауырым

Салтымен ата-ғұрыптың.

 

Сыр шертер өткен ғасырдан

Қираған ескі қорғандар,

Алқадай тауға асылған

Жайнаған жасыл ормандар.

 

Таулардан, сай мен саладан

Мәрмәрді тіліп бауырдай,

Үйлері тастан қаланған

Жарылған әппақ қауындай.

 

Жолаушы жүрер ән қылып,

Таудағы мына жол қандай?

Көне мен жаңа мәңгілік

Қолдасып бірге тұрғандай.

 

Толқыған мәрмар теңіздің

Жағасын көріп дем алдым.

Қарайсам Қара теңізде,

Ақ теңіз барып, ағардым.

 

Төгіліп сазды  күй, міне,

Тыңдадым  ыстық мейіріммен,

Бөленіп  туыс пейіліне,

«Түркия гөзел!» – деймін мен.

 

Түрік  мұражайында

 

Жаулауға түрік әлемін

Талайдың болған дәмесі,

Сый болып келген әуелі

Король мен шахтың кәдесі.

 

Дұшпанын қойдай қайырған,

Аңыз қып айтқан тірісі,

Денені бастан айырған

Түріктің қайқы қылышы.

 

Әйелдер тұрған гаремнің

Үш мыңға жуық бөлмесі,

Таңдайын қаққан әлемнің

Бұл күнде болған ел көші.

 

Алтын мен күміс жамылып,

ЖиҺаздар толған дәу залдар,

Жатады көзге шағылып

Ақықтар, інжу-маржандар.

 

Оталмау үшін бақшасы,

Сұлтанмен тауып келісім,

Сыйлапты орыс патшасы

Қоңыр аюдың терісін.

 

Айту да қиын жатқа ақыл,

Бажайлап, бірақ, қарашы.

Қас-қағым сәттей жап-жақын

Тақ пенен зындан арасы.

 

Батырды қылған ақтабан

Байлықтың, бәлкім, көп  құны,

Тоздырмай бәрін сақтаған

Түріктің  биік шоқтығы.

 

Бас бақан

Түркияның премьер-министрі – бас бақаны болған Түркия Президенті Ердоғанның қазақша мағынасы Ертуған (ер болып   туған) дегенге саяды. 

Сөз сөйлесе Ердоған,

Ұйып халқы тыңдаған.

Шаңырағын түріктің

Тіреп тұрған бір баған.

 

Елдің туы сүйікті,

Ең ұшында биіктің,

Көрген кісі елжіреп,

Көкке төбе тиіп тұр.

 

Ел ниетін қоштаған

Жақсылыққа бастаған,

Түрік туы секілді

Режеп Тайып бас бақан.

 

Риза болып қалдым мен

Көрген кезде жамалын,

Ырым қылып алдым мен

Ердоғанның қаламын.

 

Жағажайда

 

Уайымы жоқ екен,

Қаптаған жұрт жағада.

Ыстамбұлда көп екен

Ақ қанатты шағала.

 

Теңізде де, көкте де

Шағалалар ойнаған.

Толқын қуған көп кеме

Теңіз бетін жайлаған.

 

Көкке қанат қағады

Шағаладай ақ көңіл.

Соққан теңіз самалы,

Жағажайда тәтті өмір.

 

Аданада

 

Ұйқысы қанбаған Адана шаһары.

Жым-жырт  түн...

Аспанды торлаған бұлттар да сұрғылт тым.

Көшеде жарқырап жанып тұр жарық шам,

Тосыннан келетін жыр күттім.

 

Естілді сол сәтте дауысы азанның,

Азанның дауысы – ғажап үн.

О, таптым!

Намазға шақырған

Сол үнді жыр қылып жазамын.

 

Оянған азанның дауысынан

Бұлттың да көз жасы бар шығар.

Терезе сыртында әйнекті

Қағады мөп-мөлдір тамшылар...

 

*    *    *

 

Өз елінде шаңырағын тіккен жан

Өз үйінде оразасын ашады.

Туған жердің қанып ішсе бал суын

Қаталаған шөлін адам басады.

Өсімдік те топырақта көктеген

Туған жерден тек жақсылық тосады.

Алыс жаққа алып кеткен жылқы да

Шылбыр үзіп, туған жерге қашады.

Теңіздегі балық екеш балық та

Туған суға уылдырық шашады.

 

*    *    *

 

Болса да қайрат, қалса егер болмай ынсабың,

Босқа өтер жайнап, жалындап тұрған дер шағың.

Ойнасаң, күлсең, қадірін білсең жастықта,

Не жетсін, шіркін, қалдырмас көңіл достыққа?!

Қанағат, сабыр, қолдағы барға шүкірлік,

Тұрады сақтап іргеңді берік, бүтін қып.

Жолаушы болсаң үстінде жолдың жаны бір,

Алыстан қасты, жақыннан досты танығын.

Дара да даңғыл, жарқырап жатқан жол кәні?!

Жүрем деп қатты аударып алма арбаны.

Намысым  қайнап, таза боп тұрса ұжданым,

Көппенен бірге өткізген күнге ырзамын.

Ақылдың көзі, жүректің сөзі болмаса,

Ақын болғаның, өлең жазғаның – далбаса.