Саясат

Оқушының ауыр сөмкесін қалай жеңілдетеміз?

Білім және ғылым министрі жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектептердегі білім жүйесінің сапасын арттыру мақсатында бірнеше жоба қабылдап, олардың орындалуын талап етіп келеді. Үш тілдіктен бөлек, бастауыш сыныптардағы «әліппе», «ана тілі» оқулықтарын алып тастап, орнынан «сауат ашу» сынды пәндерді кіргізгені үшін халықтың сынына ұшырған министрге, ата-аналардың күн сайын арызы азаймай тұр.

 

Күн тәртібіндегі мәселе – ауыр сөмке

Осы елдің болашағы болатын оқушылардың мектеп қабырғасындағы алып жатқан білімі бір бөлек, мектеп барғанда және қайтқанда көтеріп жүретін сөмкесі бір бөлек тақырып болып отыр. Бойы бір қарыс, салмағы жеңіл тартатын оқушылардың мектепке тас салып алғандай сөмкелерін арқалап бара жатқанын күнде көруге болады. Қазір ата-аналар ауылдағы ата-аналарын (атасы мен әжесі) қалаға алдырып, немересінің сөмкесін апарып үшін және әкелу үшін жалдап отырған секілді күйде. Себебі оқушы өзінің сөмкесін өзі көтеріп жүре алмайтын күнге жетті.

 

Бақытжан Сағынтаевтың сыны

«Бұл кітаптарды кім шығарды? Өте ауыр ғой. Электронды оқулықтар жайлы айтып жатырмын. Бастауыш сыныптардағы балаларға ол өте ауыр. Бастапқыда осы мәселені шешуіміз тиіс, ал қағаз мәселесін кейін қарастырамыз. Жеңіл кітаптармен қамтамасыз ету керек, кейін ғана жаңа стандарттарға көшу қажет».

 

Ерлан Сағадиев мырза не дейді?

"Бұл мәселе толықтай шешілді, ата-аналар тарапынан да қолдау бар. Мұғалімдер осы мәселемен айналысып жатыр, бір жылдан соң барлығы өз орнына келеді. Мектеп сөмкелерінің салмағы жайлы. Биыл біз алғаш рет оқулықтардың қандай қағаздардан жасалатыны, олардың көлемі жайлы талқыладық. Осы ретте мәселені шешу мақсатында қажетті өзгертулер енгіздік. Арнайы шкафтарды қою керек. Балаларға сөмкелерін қалдырып кетуге болатындай. Сондай-ақ, тағы бір мәселе - электронды оқулықтарды енгізу. Оған қатысты жұмыстар басталды, балалардың кейбіреулері сол оқулықтармен оқып жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша барлығы электронды журналдармен толық қамтамасыз етіледі".

 

Шешім қандай?

Кітап емес, тас арқалап жүрген оқушылардың сөмкесін шешудің екі мәселесі қарастырылды. Бірі – сөмкені қалдырып кететін арнайы шкаф. Екіншісі – электронды оқулықтар.