Саясат

Елизавета ІІ билігі: Ұлыбритания жер бетіндегі ең үлкен мемлекет пе?

Монархиялық жүйенің түсініксіз тұстары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Британ империясында күн батпайды». Бұл дегеніміз бір жағында күн батып жатса, екінші отар мемлекетінде күн шығып жатады.

 

Жер шарындағы алты құрлық пен мұхит аралдарында орналасқан мемлекеттердің жер көлемін есептеп қарасақ, топ басын Ресей федерациясы бастайды. Жер көлемі – 17 100 000 км². Ал Ұлыбританияның жер көлемі – 243 809 км².

Картаны ашып жіберіп, екі елді салыстырып қарап жатсаңыз, әрине күлкілі жағдай. Миллион аумақ пен жүз мыңдаған ғана аумақтың айырмасы жер мен көктей. Алайда шынымен де Ресей жер көлемі жағынан саяси түрде бірінші орында ма? Қытай емес, АҚШ емес, Ұлыбританияның Ресеймен жер көлемі жағынан таласуына себеп бар ма? Аталған сұрақтарға жауап іздеу үшін бірнеше зерттеу жұмыстары жасалды. Нәтижесінде патшайым Елизавета ІІ жеңіске жетті. Неге?

Сараптаманың басын сорпа сапырғандай сапырмастан бұрын, бір сүзгі салып алсақ. Ол үшін Монарх және Монархиядеген екі терминнің мәніне барайық.

Монархия – мемлекет басшысының билігі ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын мемлекеттік басқару формасы және ол мерзімсіз, халықтан тәуелсіз түрде жүзеге асырылады. Ал осы басқару формасының басында тұрған адам – монарх.

Монарх – діни түсінікке негізделіп пайда болған ұғым. Яғни «монарх» құдайдың жердегі өкілі деген мағынаға саяды. Кезінде Жапония императоры ресми түрде монарх болып сайланғаннан кейін күн құдайы Аматэрасудың баласы болып есептелді. Монархиялық мемлекеттерге зерттеу жасаған кезде оның елдегі құзыреттілігіне баға берген дұрыс. Себебі осы жерде ол екіге бөлінеді: абсолюттік және конституциялық монархия.

Абсолюттік монархия – толық билік монархтың қолында болады. Бұл басқару жүйесінде монархқа бағынбайтын тәуелсіз мемлекеттік органдар болмайды. Бүгінде бұл жүйенің ізі сақталған. Бахрейн, Бруней, Ватикан, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясында біз айтып отырған билік қалыптасқан.

Конституциялық монархия – монархтың өкілеттілігі конституция бойынша шектеліп, мемлекетте биліктің тәуелсіз органдары жұмыс істейді. Аталған жүйемен әлемде 30-дан астам ел билік жүргізеді. Соның ішінде 11 ел Еуропада орналасқан. Аталған жүйе де екіге бөлінеді: дуалисттік және парламенттік.

 

Дуалистік – билік тікелей монархқа бағынып, конституция шеңберінде әрекет етеді. Ал парламенттік жүйе – негізгі шынайы билік үкімет тағайындайтын үкімет басшысында болады. Осы жерде айта кету керек, негізгі түсінік бойынша парламенттік монархияда монархтың билігі болмайды, ол тек өкілдік функция атқарады немесе символ ретінде көрініс береді деп қарастырамыз. Дегенмен, монархия басқару формасы ретінде ғана сақталып қоймай, қайта қалпына келтіріліп, саяси жүйенің мықты кепілі бола алады.

Конституциялық монархияны орнатқан кім?

 

Патша Карл І билігіне, абсолютті монархияға қарсы шыққан, тарихта қарапайым отбасынан шығып, үлкен тарихи өзгеріс әкелген Оливер Кромвельдің беделі ерекше.

Карл ІІ патша билікке келген соң (Карл І патшаның баласы) әкесіне қарсы шыққандардың бәрін өлім жазасына кесті. Ал Оливер Кромвельдің денесін жерден қаздырып алып, орталық алаңның біріне іліп қойған. Одан кейін басын бөлек алып алты метрлік темірге іліп, аспан бойы көтеріп қояды. Жел тұрып, темір құлаған күні Кромвельдің басын бәз біреулер ұрлап әкетеді. 1960 жылғы дейін түрлі коллекционерлердің қолында болған бас, ақыры қалған денесімен бірге жерге көмілді.

Үлкен соғыстар жүргізе отырып, патшаны жеңуі арқылы Ұлыбританияға конституциялық монархия негізін қалап берген Кромвельдің ұстанымын қазірге дейін көптеген монархиялы елдер пайдаға асырып отыр. Соның ішінде Ұлыбритания да бар. Алайда...

Елизавета ІІ – монархтың билігі қандай?

 

Саясат сахнасында айтылатын әңгіменің ауылы Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ туралы. Букингем сарайындағы патшайымның биліктегі рөлі тек «символдық» жағынан қарастырылады. Шындығында, шектеулі монархияның парламенттік жүйесіндегі қағидаға сәйкес, билік тізгіні парламенттің және премьер-министірдің қолында болуы керек. Елизавета екіншінің билігіне келсек.

66 жастағы патшайымның монарх ретінде билігі жоқ деп айту қателік болар еді:

-         Елизавета ІІ патшайым ретінде ең маңызды атақтарды (Викториан ордені секілді) және марапаттарды билік өкілдеріне табыстай алады. Бұл оның құқында сақталған;

-        Ұлыбританияға қарастынемесеҰлттар достастығынакіретін елдердің премьер-министрлерін сайлай алады және орнынан алып тастау құқы бар;

-         Патшайым болмаған жағдайда бұл шешімді генерал-губернатор тағайындайды. Ал генерал-губернатор тікелей Елизавета екіншіге бағынады;

Бұл бізге белгілі жағы. Ал құпия түрде жүргізілетін саяси-құқықтардың жөні басқа.

Ұлттар достастығына кімдер кіреді?

 

Ұлттар достастығы (бұрын Британ ұлттар достастығы) – 53 мемлекеттің бірлескен ортасы. 1947 жылға дейін Британ ұлттар достастығы ретінде аталып келген. Достастыққа кіретін елдердің ішінде 16 мемлекет  тікелей Ұлыбритания монархына бағынады. Бағынады деп айту құлаққа түрпідей тиері анық, алайда достастыққа кірген елдер өздерінің патшайымы ретінде Елизавета екіншіні таниды.

Атап айтқанда: Ұлыбритания, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка республикасы, Үндістан, Пәкістан, Шри-Ланка, Гана, Малайзия, Сингапур, Кипр, Нигерия, Руанда, Сьерра-Леоне, Танзания, Ямайка, Уганда, Кения, Замбия, Камерун, Мозамбик, Бангладеш секілді тағы да басқа елдер осы Ұлттар достастығына кіреді.

Жыл сайын аталған бірлестіктің төл мерекелері аталып өтеді. Дәл осы кезде патшайым Елизавета ІІ қатысып, Ұлттар достастығының төрағасы ретінде құрмет көрсетіледі. Айта кету керек, патшайым тек Ұлттар Достастығының төрағасы ғана емес, оған кіретін жеке-жеке елдердің ханшайымы болып табылады.

 

Елизавета ІІ (монарх) – Генерал-губернатор – премьер-министр.

Канада секілді елдердің ақпарат кеңістігін ашып қалсаңыз, онда «монарх-Елизваета ІІ» деп тұрғанын көресіз. Сонымен қатар олар вестминистр статуымен жүреді. Бұл дегеніміз, Ұлыбритания парламентінің 1931 жылы 11 желтоқсанда қабылдаған акты. Бұл акт Британ империясына кіретін тәуелсіз елдердің құқықтық ережесі болып саналады. Аталған ереже Ұлыбритания мен өзгеде бағынышты елдердің арасындағы қарым-қатынастың көрінісі.

Елизавета ІІ және Ресей федерациясы

 

17 100 000 км² аумақты алып жатқан Ресейдің өзінде 21 республика бар. Олардың өз заңдары мен президенттері және атқарушы биліктері болады. Алайда Ресей құрамында болғандықтан олар бағынышты болып есептеледі.

Федерация деген сөздің өзі заң жүзінде саяси дербестігі сақталатын бірнеше субъектінің біртұтас одақтық мемлекет құруы.

Ұлттар достастығы және федерация жалпылай ортақ түсініпен жұмыс жасайды. Мәселен ұлттар достастығына қарайтын тәуелсіз мемлекеттерде өзіндік заң жүйесі, президенті және билік жүйесі бар. Алайда билік басындағы монарх ретінде Елизавета ІІ тұрады. Дәл осы секілді Ресей федерациясына кіретін елдердің де құқықты формалары сақталған, тек мұнда олар жалпы ресейлік заңнамаға да бағынады.

Британ Империясы және шетел аумақтары

 

Ұлыбританияның суверенттік тәуелдігіндегі, бірақ оның үлесіне қарамайтын шетел аумақтарының саны – 14. Байрақ – бір елдің рәмізі. Ол сол елдің тәуелсіздігін және еркіндігін мойындауға бірден-бір құрал. Алайда аталған 14 мемлекеттің туында Ұлыбритания туының белгіленуі әлі де болса, сол елге отар екенін көрсетеді. Тек екеуара конституциялық қарым-қатынас орын алған.

Бұдан бөлек Британ империясына қарасты жерлерді карта арқылы қарайтын болсақ, әлдеқайда алып мемлекеттің бар екенін көруге болады.

Түйін және талдау

 

Елизавета ІІ монарх ретінде елдің экономикасына жыл сайын 25 миллиард фунт қаржы әкеледі. Бір сөзбен айтқан кезде, патшайымның ел билігіне тікелей қатысы бар.

Шындығында, Ұлыбритания және Ұлттар достастығындағы 16 елге монарх ретінде билік жүргізе алатын патшайым мүмкіндігін генерал-губернатор атқарады және тәуелсіз ел ретінде қалыптасып отырған (Канада секілді) елдің премьер-министрін сайлай алады. Нақтылап айтқанда, Елизавета ІІ тек симовол емес, доминат ретінде өзіне қарасты тәуелсіз елдің басында тұр. Конституциялық монархияның негізінде қанша жерден оның тек өкілеттелігі ғана бар дегенмен, ол монарх және үстемдік етуші.

Британ империясының тарихта болағынын мойындаймыз және олардың өте қуатты болғанын да алға тарат аламыз. Үлкен соғыстар мен жаулап алу үрдісін бастан кешкен империяның әлі де болсын дүниежүзінде үстемдік орнатып отырғанын бірде ашық айтамыз, бірде тек формалды түрде қарастырамыз. Егер монарх Елизавета екіншінің басқару билігімен қарастыратын болсақ, Ұлыбританияның жер көлемі Ресей империясынан асып түсер еді.

Ресей федерациясы – 17 100 000 км²

 

Ұлыбритания –  243 809 км².

Канада – 9 984 670 км².

Австралия – 7 692 027 км².

Басқа елдерді қоспаған күннің өзінде Елизавета екінші үстемдік ететін үш елдің жер аумағы – 17 920 506 км².

Жоғарыда атап өткеніміздей, монархтың билігі шектеулі болғанымен оның басқару жүйесі негізінде тәуелсіз елдердің генерал-губернаторлары мен премьер-министрлері тікелей Елизавета екінші арқылы таққа отыратын болса, оларға қарасты мемлекеттердің Ұлыбританияға әлі де болса бағынышты екенін аңғаруға болады.

Конституциялық монархия, соның ішінде парламенттік жүйемен басқарылып отырған монархқа бағынатын елдердің бағынышты екенін саясаткерлер де түсіндіріп бере алады. Алайда Елизавета екіншінің жалпы халыққа ортақ емес, құқық-нормаларына, билігіне келген кезде «символ» ретіндегі түсінік қана рөл ойнап кетеді.

Символ – пайдалануға жарамайтын, бірақ сол заттың құны мен бағасын, ерекшелігін айқындап тұратын ұғым. Әрине Елизавета ІІ символ ретінде өткен ғасырдан келе жатқан Британ Империясының бүгінгі көрінісі. Алайда оның биліктегі мүмкіндіктерін ескерер болсақ, бәрінің басқаша болып шыға келетінін анық байқауға болады.

 

Тек көкейде сұрақ қалады: Үстемдік құрушы Ұлыбритания жер көлемі бойынша жер бетіндегі  ең үлкен ел  болуы мүмкін бе?