Hi-Tech

Қазақ жастары "Аpple", "Siemens"-те қызмет етіп жүр

Қазақ қызы "Аpple-де", қазақтың ұлы "Microsoft" корпорациясында еңбек етіп жүр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жайдан-жай емес, сырт елдің шақыруымен елден кетіп, үлкен нарыққа аяқ басты. Қарым-қабілеті тек қазаққа ғана емес, алпауыт Американың менмін деген корпорациясына жарап тұрған жастардың шетелден шақырту алып, көптің қолы жете бермейтін қызметке алынуы "қазақ жастары қабілетсіз", "жастар жалқау" деген сынаржақ пікірдің тамырын кеседі. Мұхиттың арғы жағындағы табысы тіпті миллиардтан асып кеткен, қызметкері миллионға жақындаған алпауыт компанияларда қазақ жастарының еңбек етіп жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті шетелдік компанияларда қызмет ететін жастар туралы да статистикалық мәліметтер жоқ деуге келеді. Осыған дейін шетелге кетіп, "Work and travel" бағдарламасы арқылы жұмыс істеуге аттанған жастар туралы да мардымды мәлімет көзге ілінбеп еді. Бұл жолы да қыр асып, белді компанияларда қызмет қылып жүрген жастар жайында ақпаратты жидық. Мақсат - жырақта жүріп жайлы жұмысқа қолы жеткен қазақ жастарының бар екенін айту, олар туралы ақпараттың әлі де толық қалыптаспай жүргеніне назар салу.

Ә дегеннен "Аpple-мен" әңгімені бастадық. Әлемдік брендтерді шығаратын алпа­уыт компанияда кімнің де болмасын қызмет еткісі келері хақ. Алайда, Тим Кук басқаратын "Аpple-ге" 20 жасында шақырту алған Заңғар Орынбетовты уақытында журналис­тер жарыса жазды. Дүние­жүзілік iOS құрастырушылардың конференциясына қатыс­қан тұңғыш қазақ жігіті аузын айға білеген Америкада ұзақ уақыт жүре алмады. Қызмет ете жүріп, ғылымға бар көңілін бұрды. Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел университетін үздік дипломға бітірген ол студент кезден идеялар бай­қауына қатысып, ІТ әлемге енеді. Уақыт өте келе, ниеттес досымен бірге in Touch деген мобильді қосымша құ­рас­тырады. Әлеуметтік желі­нің функциясын атқаратын қо­сымша көптің қолдауына ие болды. Ал, мына бір ІТ әлемге енгізген жаңалығы қазақтың қабілеті шектеулі деген пікірді жоққа шығарады. Ол аз уақыт ішінде тілді меңгеріп, QZ қа­зақ тілінің білгір пернетақтасын жасақтаған. Бір жыл уақы­тын осы жоба жасауға арнаған Заңғардың бұл еңбегі біз бен сіздің телефоныңыздағы қа­зақ­ша пернетақтаны пайдалануға мүмкіндік берді. Осы ең­бегінің жемісі шығар, Аpple компаниясының еңбеккерлерімен бір мезетте жұмыс жасап, Америкаға аттанады. Алайда, тәңір жазғаны болар, қоғамға зиянынан гөрі пайдасын әкелген Заңғар Орынбаев денсаулығы сыр беріп, 2016 жылы дүние салды. Отандық ғылым саласына барын берген оның тынымсыз еңбегі көп қазаққа үлгі болып қала бермек.

"Аpple-де" аз уақыт қызмет етсе де, қазақтың атын шығарған Заң­ғардан кейін Моң­ғолия қазағы Әйгерім Сәулетхан да осы компанияда қызмет етіп жүрген жастың бірі. Жақында ғана "Қазақпарат" агенттігіне сұх­бат берген ол компа­ния­да инженер ретінде еңбек етеді.

- "Аpple" компаниясында Моңғолиядан келген алғашқы инженер қазақ қызы болып жұмыс істеп жүргенім рас. Ба­ла кезден бүлінген затты құ­рас­тырып, жөңдеуге бейімім болды. Кейіннен компьютерлік бағдарламаға әуесте­н­дім. Компьютер ғылымы туындаған мәселені логика ретінде қолданып, жүйелі түрде шешеді. Бұл сала әлемді бір-біріне жақындатып ғана қоймай, медицина, ғылым-білім, саясат, өнер сынды басқа салалардың да қарыштап дамуына үлес қосып отыр,-дейді Әйгерім Сәулетхан.

Америка Құрама Штаттарында "Компьютер ғылымы" мамандығын меңгерген Әйгерім Жапония, Түркия, Ресейдің маңдайалды оқу орындарына шақырту алған. Алайда, таңдауына ерік берген ол Хьюстондағы Сол­түстік Америка университетінің түлегі болуды қалаған. Сонда жүріп, білімін шыңдаған қазақ қызы "Аpple-дің" қызметкері атанды. Инженер қыз елге оралуға асықпайды. Себебі білімі мойындалған оқу орнында тек біліммен қатар тәжірибені де меңгеруді ойлайды. Сол үшін де ізденіске ден қоюды мақсат тұтыпты.

Қолдауды өз ортаңнан емес, өзге ортадан іздеген, арман мен мақсат жолына аяқ бас­қан Дархан Құралханов та топ-менеджерлерді дайындайтын "Siemens" компаниясына шақырту алған қазақтың бірі. Елдегі "Қарашығанақ" компаниясында қыз­мет ете жүріп, біліміне қанағаттанбаған ол бакалавр дәрежесінің аздығын сезіне келе, шетелдік 4 бірдей оқу орнына құжат тапсырады. Таңдау Американың Стэнфорд университетіне түседі. Студент бола жүре бизнес мектептің INSEAD MBA деңгейін оқып алып, америкалық компаниялардың зерттеуімен айналысады. INSEAD деңгейіне машықтанған Дарханды Германияның "Siemens" компаниясы CEO бағдарламасы бойынша дайындықтан өтуге шақырады. Кейін білімін шың­дауда Сингапурде және Францияда жаңа бизнес қарқынын меңгереді. Ол осы деңгейге сырт адамдардың оған деген сенімсіздігін жою үшін барғанын айтады.

- Қарап тұрсам, мені алға жетелеген сөз - "Сенің қолыңнан келмейді!". Мектеп бітір­ген тұста мұнай-газ саласы беделді еді. Оған түсу әркімнің қолынан кел­­мейтін. Ал, менің "әркім" болғым келмеді. "Қолымнан келеді!" дедім де, грант­қа түстім. Егер сен Батыс Қазақстаннан болмасаң, мұнай-газ саласында ағаң немесе "көкең" болмаса жұ­мысқа орналаса алмайсың дегендерге ерегескенде "Қарашығанаққа" жұмысқа тұрдым. Менің қо­лым­нан келді. Шетелде оқимын дегенде әріптестерім тағы да сол, "қолыңнан келмейдіні" алға тартты. Мен тағы да өз дегенімді істедім. АҚШ-та да "қазақылықтың" иісі бар. Себебі, олар да маған: "Бизнес саласында жұмыс істеу үшін жоғары білім керек, ал бұл сенің қолыңнан келмейді", - деп айтты. Мен адамның мүм­кіндігі шексіз екенін, қолынан бәрі келетінін дәлелдеп келемін,-дейді Дархан Құралханов.

"Siemens" компаниясында еңбек еткен Дархан тәжірибесі толысқан сәттен бастап елге оралып, жас маман даярлау жолына түсіп, ұстаздық етуге бел байлайды. Қазақ-Британ техникалық университетінің студенттеріне дәріс беріп жүр­геніне екі жылдан асып бара жатқан жас маман "жастар шетелде оқығанның жақсы нәрсе екенін ғана біледі. Алайда өзінің не үшін шетелде оқы­ғысы келетінін анық біл­мейді" деген ашық пікірін ортаға салды.

"Siemens" компаниясының жұмыс режимін көріп, алғаш­қы нәпақасын тапқан Дархан Құралханов құр алақан қайт­қан жоқ. Шетелдік озық тәжі­ри­бесін кейінгілерге үлгі етуді мақсат етті. Сонысын орындап та келеді. Қабілетті қазақ жастарын қанаттандыруды әрі қарай жалғай бермек.

Елден жырақта жүргендердің дені тек Америкада ғана емес, Германияда да қазақ қабілеттілері күн кешуде. 31 жастағы Ержан Баимбетов немістің әйгілі Check24 компаниясында инженер-программист қызметін атқарады.Ол еңбек ететін компания 17 млн. тұтынушысы бар нарықтағы белді компания. Ержан аптасына 35-40 сағат уақыт еңбекке жұмсайтынын және Германияда білімді әрдайым же­тіл­діріп отыруға шарт қоятынын әңгімелейді Weproject ресурсына берген сұхбатында.

- Мюнхенде жоғары технологиялы инновациялық компаниялардың қатары көп. Бұл адамның кәсіби қабілетімен қатар қызығушылығын арттырады. Бі­рақ, неміс халқы тәжірибесіз маманды қызметке ала қоймайды. Себебі онда университетте бі­лім алып жүрген жастар қызмет пен оқуды қатар алып жүреді. Сондықтан сырттан келген маманды сынақсыз жұ­мыс­қа тарта бермейді,-дейді Ержан Баимбетов.

Ал, сіз күнде жаңалық қа­райтын "Фейсбук" әлеуметтік желісінде де қазақ жастарының қызмет қылып жүргенінен көптің хабары жоқ. Арайлым Жақыпованың Дубайға қоныс аударып, тұрақтағанына екі жылға таяп қалған. Маркетинг маманы Арайлым Дубайдағы фейсбуктегі жұмыс жарнамасына көзі түсіп, хабарласады. Алдын ала берілген тапсырманы орындай ке­ле, жұмысқа алынады. Дегенмен, мұнда ұзақ қызмет етуге бекінбейді. Себебі университетте алған білім жолындағы еңбегін әрі қарай ұштай түсу үшін Дубайдағы менеджмент колледжінің корпоративтік басқару бөлімінің басшысы қызметіне көтеріледі.

- Дубай өмірі бизнес, мансап қуу, қызмет ауыстыруды қажет етеді. Тіпті жұмыстан қол үзіп қалмас үшін достармен кездесіп, еркін бас қоса алмаймыз. Себебі арабтар талапқа тез бейімделгіш, әрі заңды қатаң сақтайды,-дейді Арайлым.

Польшада да қазақ жас­тары ел үмітін ақтау жолында жүр. Олар Қазақстанға қарағанда, Польшада жұмыс табу әлдеқайда оңай дейді. Ермұрат Тәкен есімді жас маман ағылшын тілін білген адамға бұл елде екі қолға бір күрек табу оңай дейді. Ол бірнеше әң­гі­мелесуден кейін-ақ қызметке алынып кеткенін әңгімелейді.

- Қазақстанда тәжірибең болмаса жұмыс табу қиын. Arvato Berte Ismann компа­ния­сында қызмет етемін. Шетелдің тәжірибесін үйренгеннен кейін, елге ораламын. Себебі Қазақстанымды сағынамын,-деп ой қалдырған еді желілердің бірінде.

Жалпы "бұл тақырып БАҚ бетінде тым аз қаузалады" десек, артық емес. Ақпараттың аздығы да қол байлады. "Фейс­­бук" әлеуметтік желі­сін­де де шетелге кеткен бірқатар азаматтармен байланыс құ­ра алмадық. Дегенмен, біз көрмеген, ел әлі біле қоймаған, шетелді мойындатып кеткен жастардың да сырт елдің еңбек нарығында жүргенін білу қиын емес. Байқасаңыз, қазір бүкіл әлем ІТ нарыққа ауыз ашып отыр. Жылт еткен жаңа идея, тың технология ІТ салаға байлаулы. Осыны се­зін­ген көршілес елдер қамдануды бүгіннен бастаған сыңайлы. Ерте тұратын ел атанып кеткен Қытай шетелде қызмет істеп жүрген 432 мың ІТ мамандарын елге қайтарып алған. Аспанасты елі алаңдаған мәселеге ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев көңіл бөліп, Үкімет сағатында былай деген еді.

- Қазір ІТ саласының қызметкерлері әлем бойынша ең қажетті мамандықтардың ті­зімінде екінші орында тұр. Осы орайда, шетелдік жұмыс берушілерге жоғары деңгейлі кадрлар ауадай қажет. Сондықтан өзіміздің озық білімі бар азаматтарды уысымыздан шығарып алмау басты талаптардың бірі. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономиканы жан-жақты нығайту үшін еңбек нарығындағы ІТ мамандарының үлесі үш пайыздан төмен болмағаны дұ­рыс,-деген еді Дәурен Әскербекұлы.

P.S. Статистикалық ақпаратқа көз салсаңыз, елден үдере көшіп кеткен жастардың саны жылдан-жылға артып бара жатқанын бай­қайсыз. Көбісі күнін көре алмағаннан емес, қабілеті жеткеннен, қала берді арнайы шақырумен сырт елдің нарығына ену жолында кетеді. Біз мысал еткен жырақтағы жастардың дені Қазақстанда таныс-тамырсыз қызметке кіру қиын деген проблеманы өзек етіп шығарды. Демек, елдегі жұмысқа алудың принципін өзгертпей, жемқорлардың аяғына тұсау салмай, қабілеттілерді көре тұра қаржысы барларды қызметке тартуды тоқтатпай, елден сыртқа аттанатын жастардың қатары көбеймесе, кемімейді. Демек, білім мен еңбек нарығының механизмін реттеу бүгінгі биліктің бас қатырар шаруасы болуы керек. Бұл қолдан келмесе, талай талантты қазақ жастарының қабі­летін өзге ел көре бермек.