Саясат

Бір шайқастың тарихы: Қытайдың зарлы әні

Көшпенділер әдісі: сан емес, айла маңызды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ өз тарихын сонау сақтан, ғұннан тарататын халық. Бүгінгі аумалы-төкпелі геосаяси ойындар өрбіген заманда, көршілес Қытайдың әскери-экономикалық әлеуеті артқан уақытта ғұн тарихына жаңаша көзқараспен қарау өзекті мәселеге айналды. Біз Қытай қорғанын ғұндардан сақтанып салғанын естіп өссек те, екі ел арасындағы ірілі-ұсақты шайқастар жайлы біле бермейтініміз тағы бар. Бүгін сол шайқастардың бірі жайлы айтатын боламыз.

Мөде қағанның (шаньюй) алғашқы ірі жорықтары көршілес тайпаларға б.з.д 203-202 жылдары орын алды. Билікті қолына алып, ел іргесін тіктеген сәтте Мөде «ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» принципімен Қытайға ұлы жорық бастады. Бұл жорыққа дейін ол Батыс және Солтүстіктегі тайпаларды өзіне бағындырып, Ғұн империясының аумағын Алтай мен Тибеттің арасына дейін кеңейтті.

Б.з.д 200 жылы ғұндар Қытайға басып кірісімен, оңтүстікке жылдам жылжи бастады. Бірінші айдың өзінде олар Гуэжу асуынан асып, солтүстік Шаньсидіңастанасы Цзиньян қаласына келіп жетті. Мөденің қарқынынан сескенген Гаоцзу император(Хань империясын негізін қалаушылардың бірі)әскери қолды өзі бастап, қарсы шықты. Алайда қақаған қыс пен үскірік аяз Қытай әскерінің жартысын үсікке ұрындырып, шығынды еселей түсті. Мөде кез келген көшпендіге тән тәсілді тамаша қолданды. Ол "шегіне отырып шеп құру" әдісіне көшті. Қытай әскері өтірік шегінген ғұн жасақтарын қуалаймын деп, бір-бірінен ұзап кетті. Бөлінгенді бөрі жейтіні анық. Бөлшектенген Қытай жасақтарын ғұн атты әскерлері жойып жіберді. Осындай әдістердің бірінде император Гаоцзудың өзі қоршауға түсіп, жеті күн бойын ас пен сусыз шайқасуға мәжбүр болды. Соңында Мөде оларға "достық пен туысқандық" келісімін ұсынды. Бұл дегеніміз капитуляция болатын. Амалы таусылған Гаоцзу бұл ұсынысты қабылдамасқа болмады. Келісім нәтижесінде Қытай империясы ғұндарға мата, бағалы сыйлықтар мен күміс, жылқы мен құрал-жабдықтар жіберіп тұруға және император әулетінің қыздарын ғұн билеушілеріне қалыңдық ретінде жіберуге міндеттелді. 

Жеті күндік қоршауда қалып, қырғынға ұшыраған Қытай жасағы кейіннен: "Пьхин қаласының түбінде, азап шегіп, от кешіп, аштықтан өзек талып, қалтырап, садақ тартпас күйге жеттік" деген зарлы ән шығарған деседі. Мөденің алғашқы жорыға осылайша ірі жеңіспен аяқталды. 40 мың жасақпен кірген Мөде, 300 мыңдық жау әскерін талқандап, көшпенділердің соғысу тактикасын қалады. Алда әлі сансыз шайқас күтіп тұрған болатын.