Weekend

«Елім-ай» қайда біз тыңдаған?

Қазақ кімді һәм нені тыңдап жүр?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Эберт» атты фонд 2015 жылы Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы адамдардың, яғни жастардың 1000 «данасынан» әлеуметтік сауалнама алған. Қандай түсті нәски киеді, күніне неше рет дәрет сындырады, тіпті аптасына қанша рет жыныстық қатынасқа түседі, бәрін сұраған ғой. Ал, адам бос уақытында немен айналысады деген сауалға жауап бергендердің көбі - музыка тыңдауды көрсеткен. Сонда, 1000 адамның 698 өте жиі музыка тыңдайтынын айтса, 230 адам арасында, уақыты болғанда тыңдайтыным бар деген, 63 адам кейде тыңдаймын десе, 7 адам мүлдем тыңдамаймын депті, қалған 2 адам жауап бермеген екен. Статистикаға қарасақ 70%-ға жуық жастар бос уақытында музыка тыңдайды. Ал, олар кімді, «тоесть» қандай музыканы тыңдайды деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Әр уақыттың өзіндік хедлайнері мен хиті болғаны белгілі. 1723-1725 жылдарда қазақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» басынан кешірді. Сол кезде атақты «Елім-ай» зары дүниеге келді. Егер сол уақытта радио болған кезде, бұл ән топ-3-тен түспейтін бе еді!? «Елім-ай» сол уақыттың әлеуметтік жағдайын тура сипаттап берген туынды. 70 жылдардың хиті болған «Дос-Мұқасанды» талдайық. Олар нені жырлады? Кім туралы ән салды? Білсеңіздер топтың негізгі репертуары көңілді әндерден тұрды. Екінші Дүние жүзілік соғыс бітті, жеңіске қол жеткізілді, енді үйленіп, ұрпақ қалдыру керек. Әндеріне қараңыз: «16 қыз», «Су тасушы қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», «Той жыры» тағы сол сияқты. Нені аңғарасыз? Арулар һәм той. 1950 жылдардан бастап, Қазақстанда халық санының күрт өскенін білеміз. Мысалы, елімізде 1950 жыл мен 1962 жыл аралығында 4000000 астам бала дүниеге келген. 1960 жылы 9754800 адам болса, 1972 жылы 13430000 адамға дейін жеткен, 12 жылдың ішінде 3675200 адам дүниеге келген. Демек 1950-1970 жыл аралығы қазақстандағы демографияның өсу кезеңін көрсетеді. Бұл жерде сәби туса, демек той болды, той болса құдаша пайда болды деген түсінік орын алмай ма? Әнге деген тақырыпты музыкант ешқашан аспаннан алмайды. Әннің тууы сол қоғамда орын алып жатқан оқиғаларға, саяси һәм әлеуметтік жағдайға байланысты. Тағы да мысал келтірейік, 1990 жылдар қазақстан қоғамы үшін ғана емес, жалпы постсоветтік мемлекеттер үшін ауыр болды. Империя құлады, жұмыс жоқ, демек ақша да жоқ, зауыттар жабылды, совхоз, колхоздар тарады, 1000 рублің 10 теңге де болмай қалды. Жалпы 90 жылдар жоқшылық жылдарына айналды. Мини «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» десе де болатын шығар. Сол кездің хиті кім? «Нұр-Мұқасан». Атақты «Не пайда?» әнімен. «Ожидание, реальность» болған қоғамды сүреттейтін туынды. Халықтың барар жер, басар тауы болмаған қиыншылық кезең. Алайда, ол күндер де өтті. 2000 жылдар сахнаға «Қазақтай ел қайда?», «Өз елім», «Шашбаулым» деген әндерімен «Мұзартты» алып келді. «Мұзарт» – жарқын болшақты насихаттаушы, «кішкене күтіңдер, бәрі жақсы болады», дегенге сілтеме тастаған топ болды. Олардың әні халықты сабырға шақырып, тәуелсіз елді бір бағытқа, бір жолға, бір жұдырыққа ұйысуға шақырды. «Мұзарт» – өз миссиясын толығымен орындаған, тіпті, миссия орындап жүргенін түсінбеген инструмент. 2000 жылдардан кейін Қазақстанға жаңа поп-мәдениет келді. Оны алып келген «Орда» тобы. Лирика мен драмаға толы синглдар. «Қағаз кеме», «Белгісіз жан», «Кеш мені». Бұл әндер махаббат деген түсінікті ұмытқан қоғамға, оны қайтадан сезінуге мүмкіндік сыйлады. Адамдар жұмыс пен ақша дегеннен басқа - рухани қажеттіліктер бар екенін түсінді. Махаббатты сезіне бастаған қоғамға, бірнеше жылдан кейін – Қайрат Нұртас енді. Оның «Арман» әні 2006-2009 – жылдардағы экономикалық кризис уақытында шықты. Бұл ән әлеуметтік жағдайы нашарлаған халықтың ойын басқа арнаға ойыстыруға мүмкінді берді. Халық Қайрат Нұртасты жан жараны емдейтін дәрігер көрді. Жоғарыда айтылған «Мұзарт» секілді Қайрат заман емшісіне айналды. Бірнеше уақыт бойы «Қайрат Нұртас» қазақ эстрадасының, жалпы поп-музыканың сөзсіз фэномені саналды. Қайрат Нұртаста алғашқылардың бірі болып фанбаза қалыптасты. 2011-2012 жылдар, Қазақстанның әлемдік аренадағы жеңістерін еске салады. Қысқы Азиададағы триумф, Лондон олимпидасындағы рекордтық көрсеткіштер, Ерболат Құдайберген атты әншінің тез арада танылуына себепкер болды. Оның «Мен қазақпын» әнін түрлендіріп, заманға сәйкестендіріп, елге ұсынуы осы жеңістерге тұспа-тұс келді. Және оның тез танылуына себепкер болды. Алайда Ерболат Құдайберген ұзаққа шаба алмады.  

Дәл осы реттен кейін, қазақ музыкасында хаус орын алды. Фанограммамен ән айтатындардың саны күрт өсті. Телевизия мен радиода табыс табу үшін жазылған той әндері қаптады. «Мария Магдалена», «Чип-чип-чип», «Аспанға қараймын» қазақ музыкасының дәрежесін бұрын соңды болмаған деңгейге түсірді. Халықтың ән тыңдау стилі жан-жақа ойысып кетті. Бұл «Хит тв» арнасының құлдырауымен бір уақытта орын алды. Мойындау керек, өз кезінде «Хит тв» арнасы заманауи қазақ музыкасын қалыптастыруға мүмкіндік берген орта болды.

2015 жылы қазақ эстрада сахнасына «91» тобы келді. Алғашқысында топ қоғамның үлкен қарсылығына тап болды. Концерттеріне тосқауыл қойылды. Бұл сол топқа деген қызығушылықты одан ары арттырды. Алайда бұл топ - Z-ұрпақтарының асыға күткен жаңалығы болды. Себебі, бүгінде жастардың 80% қалада тұрады. Қала жастары, Ернар Айдар мен Төреғали Төреәліні өлседе тыңдамайды, тыңдай алмайды. Ал, жауапсыз махаббаттарын емдейтін «Орда» тобының соңғы хиті қай жылы жазылғаны ұмыт. «91» - қала жастарының қайтадан сапалы қазақ әнін тыңдауына себепкер болды. «91»- хаус уақытында шет елдік музыкаға ойысқан тыңдармандардың басын, қайтадан қазақ тіліндегі контентке бұрды. Қайрат Нұртастан кейін үзіліп қалған фанбаза – қайта жаңғырды. Q-pop – деген түсінік пайда болды. Ол – заманауи, сапалы қазақ музыкасы дегенді білдіреді. Көп адамдардың ойынша Q-pop – «91» тобы ойлап тапқан жаңа жанр. Жоқ. «91» - заманауи, сапалы қазақ музыкасын жасаушы ғана топ. Және Q-pop-қа эстрадаға «91»-ден бұрын келген, сапалы ән жазып жүрген әншілер де кіреді. Мысалы, Али Окапов, Ғалымжан Молданазар, Мархаба Саби сынды.

Жоғарыда айтқандай 1000 адамның 698-і бос уақытында музыка тыңдайды. Ал, музыка арқылы насихаттауға болмайтын дүние жоқ. Дұрыс ән, адамның дұрыс дамуын қамтамасыз етеді. Оны ғалымдар зерттеп, жазып-сызып тастаған. Жастардың қай тілде, кімді, қандай музыканы тыңдап жүргенін біліп, неге сол музыканы тыңдағанына зер салу аса маңызды. Себебі адамның көңіл-күйін оның тыңдайтын әні анықтап береді. Балаңыздың кімді тыңдайтынына және неге оны тыңдайтынын бақылаңыз. Ғалымдар өз-өзіне қол жұмсаған балалардың плейлистін тексерген кезде үнемі ұқсас жанрдағы әндерді аңғарған. Реже Шереш деген венгр композиторының «Gloomy Sunday» деген әнін естіген бірнеше адамдар терезеден секіріп, өзіне қол жұмсаған және соңында қалдырған хаттарында осы әннің себепкер болғанын жазған. Сосын 2000 жылдардың басында Қазақстанда хит болған түріктің «Tutamas» әнін алайық. Былай қарасаң жай ғана ән, жатталуға да жеңіл, бірақ сол әнді тыңдаған 100 деген адам өз-өздеріне қол жұмасаған, содан кейін бұл әнді түрік үкіметі өз территориясында тыңдауға тыйым салды. «Әннің де естісі бар, есері бар» - деген данышпан Абай, бұл өнердің құдіретін сол кезден білген болуы керек. Ал, «91» керісінше 2019 жылдың басында «Уайым» атты ән шығарды. Текстін қараңыз: «Сүй! Біл! Көр де қателес! Дым уайымдама» - мотивацияға толы жолдар. Қиындық болады, өтеді, кетеді, уайымдаудың қажеті жоқ дейді. Бұл топтың 80% аудиториясы жастар, тіпті жасөспірімдер. Бұл сөздерді ата-аналар ешқашан балаларына айтпайды. Адам баласының міндетті түрде басынан кешіретін бір ғана сезімі бар: Ол – махаббат. Осы айуан сезімнің көп жағдайда жауапсыз болатыны бар. Елімізде былтыр уақытша қиындыққа психикасы шыдамаған 100 адамның 23-і өз өміріне балта шапқан. 2018 жылы Қазақстан әлем бойынша өз-өзіне қол жұмсағандар тізімінде 10 орында болған. Қорқынышты статистика. Сағаттың ұзын тілі жылжыған сайын, қоғамда да сантараулы оқиғалар орын алады. Былтыр киген көйлек, биыл сәннен шығатыны тағы бар. Музыкада дәл сондай. Кешегі хит, бүгін - ретро. Қанша адам болса, сол адамдарға арналған сан түрлі жанр бар. Бар жоғы 7 нота – миллиардтаған адамның көңіл-күйін жасайды. Дұрыс ән тыңдағанға не жетсін...