Bugin.kz

Осы арқылы кезекті жою және қызмет көрсету сапасын арттыру міндеті қойылды.

Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, профессор Манас Рамазанов Елбасының қазан айындағы Жолдауына ақпараттық жүйені модернизациялау кезінде жаңа технология мен есептеу техникасы саласындағы жетістіктерді қолданатыны туралы айтып өтті.

Маманның айтуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы барша ел азаматтары үшін маңызды құжат.

"Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы күллі еліміз үшін маңызды оқиға. Ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының өсуіне септігін тигізеді. Президент өзінің әр Жолдауында халқымыздың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасының жақсаруына ерекше көңіл бөледі", - деді профессор.

Манас Рамазанов маңызды құжаттың медициналық қызмет сапасын арттыруда тың серпін болатынын айтты.

"Біз, елдің медициналық қауымдастығы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқының игілігіне бағытталған жобаларына қолдау көрсетеміз. Сонымен бірге әр медициналық қызметкер өз жұмыс аумағында Президент қойған міндеттерді орындауға бар күшін салатынына сенім білдіремін. Жолдаудың денсаулық сақтау саласының мәселесінің айтылған 6-бағытында ең алдымен, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілді. Мемлекет, Президенттің жеке өзі отандық медицинаның дамуына зор көңіл бөліп келеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлері ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен 20 пайызға өседі. Жолдауда көрсетілген ең маңызды мақсаттардың бірі - медицинаны цифрландыруды дамыту. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап республикадағы барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электрондық денсаулық паспортын жасауға, ал осы арқылы кезектерді жоюға және қызмет көрсету сапасын арттыру міндеті қойылды. Жолдауда онкологиялық қызмет көрсетуді дамытуға да ерекше көңіл бөлінген", - деді ол.

Бүгінде №7 қалалық клиникалық ауруханада 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әлемдік деңгейіндегі инновациялық әдістерді, диагностика мен емдеу тәсілдерін енгізу бойынша шаралар жүргізілуде. Стационарларды науқастарға қызмет көрсетудің жаңа стандарттарына көшіру аясында клиника 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық құжаттаманы цифрлық жүргізуге көшті.

«Алдағы уақытта ақпараттық жүйені модернизациялау кезінде жаңа технология мен есептеу техникасы саласындағы жетістіктерді мейлінше қолдануға тырысамыз», - деді Манас Рамазанов. 

0 Пікір Кіру