Weekend

Жарқын болашақтың бейнесі – жастар!

Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Үкілі үміт таймасын халқым басыңнан,

Мол бақыт күтем жас ұрпақ сенен жасырман.

Басқаны қайдан ұлылық күтем өз басым,

Басталған мынау бәйтерек жаңа ғасырдан.

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздер жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», - деген сөзі мемлекетпен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.Жасыратыны жоқ, республикамыздың барлық өңірлерінде жастар белсенділігі күшейіп келеді. Жастар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің белортасынан табылып келеді. Елбасының Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интелектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын білеміз.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында жастарға дәстүрді ардақтап, дәстүрге сай діни сана қалыптастыру қажеттігін айта келіп, қаракөз қазақ қыздарын өзге елдің киімін үлгі тұтпай, ұлттық болмысқа сай киінуге мен қазіргі заман ағымына сәйкес өмір салтын ұстануға шақырды.

Қазақстанның зайырлылық қағидасына сай дін таңдау – әр адамның өз еркінде. Осы еркіндікті дұрыс түсінбейтін жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Діни білімі таяз жастар діннің не екенін, оның мақсатының қандай екенін жете түсінбегендіктен де осындай қателіктерге ұрынуда. Әлі оң мен солын танымаған, жақсылық мен жамандықты ажырата алмайтын жастарды теріс ағым өкілдері арам пиғылдарына пайдалануда. Мемлекеттің келешегі жастарға байланысты, сондықтан бұл құбылыс мемлекетке қауіп төндіреді.

2018 жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы қазақстандық жастардың өзекті мәселелері бойынша жүргізген әлекметтік сауалнамасы бойынша жастардың 69 пайызы өздерін діншілмін деп санайтындығын көрсетті. Олардың ішінде діни ұстанымға беріліп кеткен, өз өмірлерінде діни нормаларды ұстанатын дағдыланған діндарлар 6,4%-н құрады. Қалған жастар діншіл болғанымен, діни салтпен өмір сүрмейді және діни нормаларды сирек ұстанады немесе діншіл болса да, діни өмірге қатыспайды. 

Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы өлшеусіз. Мобильді әлемде өмір сүру, ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың діни немесе өзге де мәліметтерді таңдауына дес бермейді. Сондықтан, ең басты бағдаршам – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстаным рухани ізгілік болса ғана ұтылмаймыз.

Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда,яғни жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беру керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануы- оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындағын аңғартады. Статистика агенттігінің жүргізген моноторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап, қандай тәрбие алуы мен отан сүйгіштік қасиеттің дамуы аса маңызды. Ең әуелі жастар бойында рухани адамгершілік, саяси интелекттік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн. 

Заманның заңғар тұлғаларының бірі – Мыржақып Дулатов: «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», - деп айтқанындай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен  әрқашанда мақтанамыз.

Қорыта келгенде  бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны - Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек. Елбасымыздың Халыққа Жолдауында: Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр,- деп , жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын қылайық!