Bugin

Әйелдің қуаты қайда кетеді? Жігіттер де біле жүрсін

Facebook желісінде қыз-келіншектерге де, жігіттерге де ой салған Шынар Әбділдә аудармасын назарларыңызға ұсынамыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 Даулассаң ғана ақиқатты табасың деу қаншалықты рас? 

Әйелдер қуатын қалай жинайтынын білеміз. Қандай қуатты жинайтыны да құпия емес. Күніне қанша тәсіл қолданып, қайсысы тиімді болатыны да белгілі. Қуат деген жан байлығы. Иман байлығы. Жинағанның көбін керек емес жерге жұмсай саламыз. Мұндай қуат сорғыштардың қатарына біраз дүниені кіргізуге болады:

  • кей адамдармен сөйлессең, құмыраң бос қалғандай болады;
  • Күйзеліс мезеттері;
  • Теледидар көру, жаңалық тыңдау;
  • Ұрыс-керіс;
  • Өзгені айыптау мен талқылау және осы тектес дүниелер.

Көзге түсе бермейтін тағы бір себеп бар. Адамды көбіне-көп дауласу сорып тастайды. Даулассаң ғана ақиқатты табасың деу қаншалықты рас? Еркектер үшін – рас. Әйелдерге – жоқ. Әрине, бірдеңе түсінуге, пайымдауға, ойлануға болады. Ақылға бір сәуле түсуі ықтимал. Бірақ жан дүниең түгесіліп, босап қалады.

Ол дауда сенікі дұрыс па, басқанікі ме – бәрібір. Дауда ұтылсаң, көңіл қалады. Күшің таусылады. Дегенмен жеңіп кетсең де, әйелдік қуатың сарқылады.

Бұны түсіндіру өте оңай. Әйел қуатты қарым-қатынастан алады. Кез келген қарым-қатынастан – күйеуімен, баласымен, ата-анасымен, құрбыларымен. Ал дауласу қарым-қатынасты бүлдіреді. Егер ет жақының сенімен дауласса, бұл жағымсыз. Кейде жаныңды ауыртады. Кейде ашуға тиеді.

Еркектерге кейде дауласқан пайдалы – әсіресе, басқа еркектермен. Сенген дүниесін ақтауға барын салуға еркектердің қақысы бар. Еркектің болмысы сондай, ол жаулаушы, ол жеңімпаз.

Не үшін дауласамыз?

Өзіміздің дұрыстығымызды дәлелдеу үшін. Өзімізге және өзгелерге қандай екенімізді дәлелдеу үшін. Қандай ақылды, сұлу, рухани бай екенімізді көрсету үшін. Өзіңнің құныңды түсіру осындайдан басталады. Елді өз биігімізден сынап, ақылдымсыну – өз құнымыздың тым төмендігінен.

Сондықтан өз позициямызды қорғаймыз. Бәлкім, аяғына дейін өзіміздің істегеніміздің дұрыстығына көзіміз жетпейтін шығар. Сол себепті кез келген қарсы пікір сенің меніңді басып-жаншу деп қабылданады. Өмірін өзгертуге тырысқан адамның бәрі осындай күйді бастан кешеді. Дауласу арқылы өзінің таңдауының дұрыстығына сенімін нығайтады немесе сенімінен айырылып, түзу жолдан таяды.

Өзімізге назар аудартқымыз келеді. Бәрімізге махаббат пен ыстық құшақ жетіспей жатады. Кейде біз өзімізді ешкімге керек емес, қызық еместей сезінеміз. Осындай сәтте беделді бір адаммен дауласқаннан асқан бақыт жоқ. Сол сәтте жұрттың бәрі саған мән береді. Байқайды. Кейбір интернет-тролльдер осылай күн кешеді.

Өзгелерді «құтқармақ» ниетпен сөйтеді. Бұл өте абыройлы іс боп көрінеді. Бірақ бұл бөтеннің рөлін ойнау емес пе? Құдай болу, Иса Мәсіх болу. Жұрттың бәрін ақиқат жолына түсіргісі келеді. Жалпы алғанда басқаларға тек өзің үлгі болып қана көмектесуге болады. Жылқыға суаттың қайда екенін көрсетуге болар, бірақ зорлықпен су ішкізе алмайсың.

Не істеп, не сөйлегеніне сенімді адамдар өзін де, өзгені де сыйлай біледі, мұндайлар – кез келген дауды сырт айналып өтеді. Мектептегі ұстазымды еске алып тұрамын. Біз оны кітапқа, ойымызға, әріптестеріне қатысты пікірталастарға араластырғымыз келетін. Бірақ ол кісі бізді үндемей, жымиып тыңдайтын. Сосын екі сөзбен аузымызды жабатын – пікірталас сонымен тәмам болушы еді. Себебі, дауласу үшін екі тарап керек. Өзіңмен екі минут қана дауласасың. Сосын қызық емес. Егер қарсы тарап дауласқысы келмесе – дау бітеді. Кімдікі дұрыс – ол маңызды емес. Кез келген дауласу қарым-қатынасты тұралатады.

Бір мақалам шықса, әйелдер жақ-жақ болып дауласып жатады. Біреуге жағады, біреуге жақпайды. Осындайды оқып отырып жаным ауыратын. Себебі, даудың көбі мақаланың мазмұнына қатысты болмай қалады. Көбісі жеке басты жамандауға өтіп кетеді. Басында осының бәрі қитығыма тиетін. Сосын бәрібір боп кетті. Олардың дауынан менің өмірім өзгермейді екен. Қыздардың қаншама өмірлік қуатын бос дауға төгіп-шаша салатынына жаным ашиды. Жаңа сауып әкелген бір шелек сүтіңді күлге төккендейсің. Үнемі күш-қуат жинайтын жаттығуларды жасай жүріп, рухани құмыраңды бос қалдыруға да болады екен. «Барыңды шашу» деген механизм жұмыс істеп тұрғанда – өміріңде ештеңе өзгермейді. Сондықтан сайтымдағы комментарий қалдыру тетігін өшіріп тастадым. Өзімнің де, өзгенің де қуатын текке төгіп, шашпайын дедім. Әрине, басқалардың тәжірибесі мен көзқарасы болуы қалыпты дүние. Менің мақалаларым – менің әлемім туралы. Мен осылай өмір сүрем, ойлаймын, сезінемін. Сондықтан соны жазамын. Сіз басқаша өмір сүруге хақылысыз. Менен де бақытты өмір сүруге қақыңыз бар. Мұныңызға қуана келісемін. Ал енді бір қысқа ғана әпсана.

Бір патша төбелеске қатыстыратын қораз ұстамақ болады. Көпті көрген уәзіріне соны жаттықтыр дейді. Он күннен кейін патша қоразына келеді. Уәзір қораз әлі дайын емес дейді.

«Ол өзіне қатты сенгендіктен бәріне бірдей тарпа бас салып, ақырында өзі жеңіліп қап жатыр» деп түсіндіреді. Патша тағы бір он күннен соң айналып келеді. Бұл жолы уәзір: «Өз көлеңкесінен өзі қорқады. Қорадан шықпай жатыр. Әлі ерте» дейді. Және бір он күннен соң да патшаға қоразды бермейді. «Қанішер әрі қатыгез боп кетті – қарсыластан дым қалдырмады, жоқ жерден қарсылас іздейді» деп қайтарыпты. Тағы он күн өтеді. Патша тағы келеді.

«Дайын болды, хан ием, ол өте сабырлы, сенімді, қораз атаулы оның жанына жақындауға жүрексінеді. Онымен төбелесуге ешбірінің де батылы жетпес» депті.

Тәулігіне 24 сағат болмысыңыз бүтін, құмыраңыз толы болсын. Қасықтап жинаған өмірлік қуатты болмашыға бола шелектеп төге салмаңыз!

                                                                                                                                                                                                                                                                               

 Сурет авторы: Яна Федорцива