Weekend

Халқымыз «Қалаулымды» қалай ма?

Теледидарда көңілді немесе «көрермен жеңіл қабылдайтын» бағдарламалар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елімізде көрсетіліп жатқан телеарналардың көрермендерге тигізер әсері орасан зор. Халыққа дұрыс жол тауып, олардың көңілінен шығу үшін ең алдымен телеарналарымыздағы көрсетіліп жүрген түрлі бағдарламаларды сүзгіден өткізгеніміз абзал. Бұрындары қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихына қатысты тыңдарманы мен көрерменінің көңілінен шыққан танымдық хабарлар көп болған. Әрі ол хабарларды даусы қойылған, тілдің ырғағын, әуенін сақтап сөйлейтін кез келген мәселеде жол тауып кететін суырып-салма журналистік білімі бар мамандар жүргізген. Ал қазір тілдің заңдығылын сақтамай, қалай болса сөлейтін, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыра алмайтын, қазақтың өткір де өтімді сөздерін дұрыс қолдана алмай әбдігерге түсіп жатқан журналист сымақтарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Әсіресе, сахнаның саңлағына айналған әншілеріміздің өзге мамандықтың тізгінін ұстап, жкрналистермен жарыса бағдарлама жүргізіп жүргеніне қарнымыз ашитыны тағы бар. Қазақы менталитетімізге жат, кішкентай бүлдіршіндерге берер еш тәлім-тәрбиесі жоқ бағдарламалардан әлі арыла алмай келеміз. Солардың бірі де бірегейі аты шулы «Қалаулым» бағдарламасын айтуымызға болады.

Арзан, түкке тұрғысыз үнді, түрік, өзбек телехикаяларынан құтыла алмай жүрген дүмбілез шақта телеарналарымыз текті тәрбие беруге тырысса игі еді. Жоқ, ол игіліктің нышаны аз болып тұр. Рейтинг қуалаған, айтар ойында салмақ жоқ «қаңбақ бағдарламалар» мен әсіреқызыл тілмен сайрайтын, маңыздылығы шамалы «жұлдызды» шоулар қазақты теріс тәрбиелеп жатыр. Шетелдің шатпақтаған телехикаяларын сағаттап сандырақтатып, ал таң ата оларды қайталап көрерменін «көзайым» етуден бір танбай-ақ келеді.

Сауабы мол, берері береке деп күттірген «Еуразия» телеарнасының реалити-шоуы «Қалаулым» қалың көрерменнің қазақы намысын қытықтап қояр емес.  Үш сағат тікелей эфирде өтетін бағдарлама жүргізушісі Аша Матай әнші өзін журналистік қырынан «жарқырата» көрсетті. Жұпыны сөз саптасын былай қойғанда, күрсіне, аһылап-үһілеп тіл қататыны көңіл төрінде көркем сөзді тербететін көкірегі ояу көрермендерді шамырқандырып тастады.  Жүргізушісі әнші болса, рейтинг те жер жарады деп күтілетіні белгісіз заңдылыққа айналып кеткені қашан? Сондықтан әнші Ашаның тележүргізуші болып, ақтарыла сөйлей алмай, кеңінен толғап тебірене алмай тұрғанын көргенде, аса таңырқаған да  жоқпыз. Еуразия Бірінші арнасындағы “Қалаулым” шоуына қатысты ел арасында түрлі пікірлер тарады. Қазақы тәрбиеге жат деген азаматтар әлеуметтік желілерде аталмыш бағдарламаның жабылуын да талап еткен болатын. Дегенмен шоу бағдарламаны күн санап тамашалайтындар қатары көбейіп келеді. Себебі, қазір осы бағдарлама Қазақстан арналарындағы ең рейтингі жоғары шоулардың қатарында. Бәрін қойшы, осындай арзан дүниеге түсте үш сағат, кешке тағы жалғасатын бұл жобаға бөлінген қайран уақыт пен ақшаны айтсаңызшы? Қазақша бағдарламаны осындай сорақы қалыпта ұзағынан беретін сонда бұл телеарнаның не ойлағаны бар дейсіз? Әрине, жаны ашымастық қой. Осыдан кейін оларды қалай сыйлайсың? Ата-бабаларымыз сонау қиын қыстау заманда елі үшін, жері үшін, әлпештеп аялап отырған қаракөз қара домалақ қыздарымыз үшін жан аямай қасық қаны қалғанша жаумен арпалысты емес пе?! Енді сол аялаған қыздарымыз қазір дүйім жұрттың көзінше өзіне жар іздеп жүр деген не деген сұмдық? Қыздарымыздың сыпайылығы мен имандылығы, инабаттылығы қайда қалып барады? Ал, жау шапша елін қорғайтын азаматтарымыз қайда? «Қалаулым» бағдарламасындағы ер азаматтарға қарап қарның ашады. Қыз баласымен сөз таластырып, одан қалды бір-біріне жұдырық таянып, өркөкіректікке салынып, экранның этика, эстетикасы білмеген жігіттерден не ғайбыл, не үміт? Мағжан бабамыз сенген арыстандай һәм жолбарыстай жастарымыздың әлденеше бөлігі бір жүрегінің не қалайтынын білмей, етегін жасқа толтырып отырса, ел басына күн туар қысылтаяң заман орнаса, олардан не қайыр? Міне, бір бағдарламаның болмысы бүгінгі өз қоғамымыздың көлеңкелі  кейпін бүкпесіз көрсетті. 

 Халқымызды «Қалаулым» тәрізді арзан бағдарламалардан құтқара алмасымыз анық. Бұндай қазақы менталитетімізге сай емес «реалити-шоуларды»  жарнамалай бергенше, әрекетке көшкеніміз абзал! Нәзік жандыларымыз «қазақ қызы» деген, азаматтарымыз «қазақ жігіті» деген атқа лайық болып, ар-намыстарын аяққа таптатпаса екен дейміз!