Денсаулық

Күздің қара суығында менингиттен сақ болыңыз

Миқұрт дертінің аса қауіпті екенін білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дәл қазір күздің қара суығы. Еліміздегі әр өңірде түрлі ауа райы тіркеліп жатыр. Бірде суық, бірде ыстық, бірде салқын түсініксіз әрі қолайсыз табиғат құбылысына қарай бермей, жылы киініп жүрген абзал. Себебі миқұрт ауруының дендейтін және тез тарайтын кезі де осы кез. Сіздерге бұл дерттің қандай қауіпті екені туралы, онымен қалай күресу керектігі жайлы ақпарат береміз. 

 

Туберкулезбен ауыратын анадан туған балалар кейде туғаннан кейінгі алғашқы айларда туберкулез менингитімен ауырады. Оның неше түрлi кезеңiмен көптеген адамдар ауырады. Ертеде бұл аурумен науқастанған жан ем табылмауы себептi көп өмiр сүрмеген. Ал, бүгiнгi таңда жетiлген медицинаның көмегiмен құлантаза айығып кететiн адамдар саны артып келедi. Көбiне суықтан болатын бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. 

Ең алғаш рет оған қарсы емдiк препаратты 1887 жылы А.Вейксельбаум ойлап тапқан болатын. Күз бен қыстың арасында әр түрлі тыныс жол ауруларымен асқынады. Сонымен қатар бұл мезгілде мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабаты мен мидың жұмсақ қабатын зақымдайтын жедел жұқпалы менингит ауруы да өрши түседі. Бұл ауру қыстың басынан басталып, көктемге дейін, анығын айтсақ, наурыз, сәуір айларына дейін жалғасады. Демек, менингит ауруы ауарайына тәуелді. Сол үшін күзден бастап жылы киінуге, суықтан басыңызды қорғауға әдеттенгеніңіз жөн. 

Жұғу жолдары: 

Миқұрт бактериясы жөтел кезінде, ауа арқылы жұғуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, ауа-тамшы жолымен, науқас адаммен сөйлескенде, ол түшкіргенде, сүйіскенде сілекей арқылы жұғады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға өтіп, қан айналымына енеді де, қоздырғыштарды күшейтеді. Әсіресе, адамдар көп шоғырланған жерде, әлеуметтік ортада тез тарайды. Оның таралу көздері ластанған ауа, тазалықсыз орта, болып табылады. 

Менингококты инфекцияның клиникалық көрінісі симптомсыз бактерия тасымалдаушылықтан назофарингит, менингит, менингококцемия, менингоэнцефалиттен іріңді менингококты сепсиске дейін байқалуы мүмкін. Аурудың менингококты инфекциясымен көбіне мектепке дейінгі жастағы балалар ауырса, сонымен қатар ол жасөспірімдер мен ересектер арасында да кездеседі. 

Ауру белгілері: 

Ауру жедел басталып, жалпы әлсіздік, бас айналу, бас ауруы пайда болады. Температураның көтерілуі, лоқсу, құсу байқалады. Сырттай қарағанда ауру белгілері тұмауға ұқсас болып келеді. Науқастың көңіл-күйі бұзылып, қозғалысы бәсеңдейді, ол қатты дыбысқа, шуылға төзімсіз келеді, басын орап жатады. Ал менингиттің ауыр түрімен науқастанған сырқат аяғын созып, басын артқа шалқайтып, бір жанымен жатады. Мойынның, арқаның, іштің еттері тырысып, науқастың басын кеудеге еңкейтуі қиынға түседі. Тыныс алуы нашарлап, тері қабаттары бозарып, іштің төменгі жақтарында бөртпе (менингококты сепсис) пайда болады, еріннің айналасы көгеріп кетеді. Адам өз-өзінен шалқалақтай береді. Басын еңкейтіп, иегін кеудесіне жеткізе алмайды, тізелері де толықтай жазылмауы мүмкін. Ыстығы түспей, сандырақтап сөйлей бастайды, есін жоғалтады. Денесі құрысуы (судорога) мүмкін. Мұндайда балалар тамақтан бас тартады, бірақ суды жиі-жиі ішеді. Ескере кететін жағдай, балалар миқұрты ауруымен ауырғанда «бала тіс жарып жатыр» деп мән бермей өткізіп алып, өкініп қалатындар аз емес. Сол үшін жоғарыда айтылған ауру белгілері көріне бастағаннан-ақ, науқасты оңашалап, дер кезінде ауруханаға жатқызу керек. 

Егер миқұрттың шұғыл түрі болатын болса, бұл ауру бірнеше сағаттың ішінде ажал құштырады. Бірақ, аурудың мұндай шұғыл түрі сирек кездеседі. Көп жағдайда миқұртпен ауырған адамды емдеп жазуға болады. Сондай-ақ, бұл аурудан жазылған адамның денсаулығанда ешқандай дақ қалмайды. Дер кезінде қаралатын болса құлантаза айығуға болады. 

Ауру анықталған соң 

Миқұрты ауруын анықтау үшін науқас адамның жұлынынан міндетті түрде су алынады. Миқұрты ауруына тура диагноз қоюдың бірден бір жолы осы. Егер науқас миқұрт болса, онда жұлыннан алынған су мөп-мөлдір болып келеді. Ауру анықталған үйді оңашалап, арнайы тазалау жүргізілу керек. Ауырған адам істеткен тұрмыстық бұйымдарын бөлектеп ұстау керек. Миқұртымен ауырған адамның жақындарын түгел мдициналық тексеруден өткізіп, оларды біраз уақытқа бөлектеу тиіс. Бұл шаралардың барлығы дәрігердің нұсқауымен болуы керек. Науқас жазылып шыққаннан кейін дәрігер-невропатологтың диспансерлік бақылауына алынады. 

Аурудан айыққан соң 

Миқұртпен ауырып жазылған адамның денсаулығы бірден қалпына келе қоймайды. Аурудан айыққан адам екі-үш ай уақыт ішінде өзін әлсіз сезініп, үнемі шаршап тұратын болады. Ауыр жұмыс пен қарбалас тіршілікке бірден бейімделе алмайды. Сондықтан ауырыған адамдардың жақындары ол кісіге барынша көңіл бөліп, аурудың салдарын біржолата жоғалтуға көмектесу керек. Әсіресе, балалар сабақ оқуға ынтасы азайып, білім көрсеткіштері төмендеп кетуі мүмкін. Бұл кезде балаға қысым көрсетуге, артық талап қоюға мүлдем болмайды. Керісінше, оған рухани жақтан дем беріп, бірнеше ай ішінде өз қалпына келуге ықпал жасау керек.

Дереккөз: "ЖасАй" журналы