Редактор бағаны

Әлеуметтік желі – «желім»

Сіз күніне неше рет әлеуметтік желіңізді тексересіз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлем күннен күнге қадамын алшақ басып дамуда. Бүгінде, қай қызмет саласы болмасын, жаңа технологиялармен, демек ғаламтормен байланысты. Ғаламтор деп отырғанымыз, жер шарындағы 7.5 миллиард адамның жартысынан көбін байланыстырып тұрған «екінші әлем». Ақпараттық агенттіктердің пайымдауынша, әлемдегі 3.5 миллиард халық тұрақты түрде, ұзақ уақыт көлемінде ғаламторды пайдаланады. Ал, өзгелері күніне кем дегенде 1.5 сағатын жұмсайды екен. Осыдан амалсыз, «соткасыз адам, «соскасыз» сәбимен тең» дейсің.

Қазақстандықтардың 20% ғаламторды күнделікті 5 сағаттан астам уақыт қолданады. Ең танымал сайттардың бірі Вконтакте желісіне еліміздің 1, 945млн Инстаграмға 1, 366млн, Мой мирге 156 000 адам тіркелген, олардың көп бөлігі кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер. Қолданушылар саны Үндістан мен Қытай халқынан да көп Facebook-та 125800 отандасымыз отырады. Демек, әлемде әр секунд сайын сегіз адам әлеуметтік желіге тіркеледі. Қазіргі заман, желіге байланып келген құлдың емес, желіге желімденген қоғамның кезеңіне айналғандай.

Ғаламтордың жағымды тұстары да жоқ емес. Біріншіден, әлеуметтік желі арқылы танысып, табысып, тату-тәтті отбасы құрғандар да бар. Демек, интернет бірінші кезекте – байланыс құралы. Екіншіден, виртуалды әлем-қиындықсыз өмір, себебі адамдар тағамдарға да , киімдерге де, қажеттінің бәріне үйінен шықпай-ақ, тетіктерді басу арқылы қолжеткізеді. Үшіншіден, бұл -табыс көзі, өйткені ғаламтордағы түрлі әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы өз кәсібін дөңгелетіп әкеткендер біршама. Осындай әдіс кез-келген кәсіпкер үшін аса пайдалы, яғни тауар жарнамасына , кеңсені жалға алуға арналған қаражат үнемделеді. Бастысы, ғаламтор-ақпарат көзі.

Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние...» - дегендей, ғаламат ғаламтордың да қасіреті жоқ емес. Өрмекші торынан оратылып шыға алмағандар: көз, құлақ , бас, жүйке, омыртқа, сүйек, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы, жеке бас тазалығына мән бермеу секілді өзге де ауруларға шалдығып жатыр. Мәселен, Оңтүстік Кореяда интернет кафеде тым ұзақ уақыт отырған10адам компьютер алдында қаза тапты. Одан өзге, кейбіреулер құдайдан бала тілеп жүргенде, Сувенон қаласының тұрғыны дәл осы компьютерлік ойынға құмарлықтың салдарынан 5 айлық баласының бар екенін есінен шығарып, сәбиді аш-жалаңаш, назарсыз қалдырып өлтіріп алған. Осыдан, көкейде «сайт сізге сабақ беріп жатыр ма, әлде сізді сабап беріп жатыр ма?!» , деген сауал туады, амалсыз. Атап өткендей, ғаламторға деген тәуелділік адамдарда психикалық аурулар туғызады. Мысалы, сабырсыздық, болмашы нәрсеге шу шығару, айналадағы адамдарды елеп ескермеу, тіпті өз-өздерін ұмытуға дейін барады. Осындай мәселелердің бірі, Оңтүстік Корей мемлекетіндегі компьютерлік ойынға тәуелді баланың өзін тоқтатпақшы болған анасын ешбір аяусыз пышақтап өлтіруі. Ең өкініштісі, осындай жайттар соңғы кездері тек қана Кореяда емес, көптеген алыс жақын көршілес мемлекеттерде жиі кездесіп жүр.  Сондықтан, қоғамдық індеттен арылу мақсатында көршілес Қытай елінде 250-ге жуық қатаң әскери тәртіптегі лагерьлер, Ұлыбританияда ғаламторға деген тәуелділікпен күресетін 12 психиатриялық аурухана, 2009 жылдан бері АҚШ-тың Сиэтл қаласында науқасқа 45 күн бойы ем-дом жүргізетін клиника жұмыс істеп келеді.

Ғаламтор- алысты жақындатып, жақынды алыстатады. Өйткені, бір дастарқан басында отырып бір- бірімен тілдеспейтін телефонға үңілетін, комментарийлерден жанына медеу, лайктан медет іздейтін халге жеткенбіз. Осыған орай, ақын Мейірбек Сұлтанханның келесі өлең жолдары еске түсіп тұр: «Ұқсап жүрміз тордағы тотыға біз, ұнамаса пікірім, оқымаңыз. Дастарқанның басына жиналсақ та, телефонға телміріп отырамыз...». Шындығы сол, қазіргі таңда адамның төрт ұйқысын төрт бөлген сәбидің дауысы емес, телефонның шырылы болды. Қылт етсе болды, аузымыз әңгімеге бармаса да, саусағымыз сенсорға жүгіріп тұрады. Психолог Жанна Әлиақпардың пікірінше, желіде адам өзінің жауапкершілігін сезінбейді. Жазаланбайтынын, ешкімге міндетті емес екенін ұғынған соң, ойына келгенін істейді. Бұл болса, өз кезегінде адамдардың шынайылықтан алшақтап, идеалды образға енуіне әкеп соғады. Әлеуметтік желінің әлегі әлемді әбігерге салды деген осы шығар.

Ғаламторды «от» десек, лаулап жанған отқа күйген адамды құтқаруға болады, өйткені ол тән азабы. Ал, желінің желімен еріп өртенген отты күшейткен адамды емдеу қиын, себеп: сананың күйік шалуы. Есіңізде болсын, керемет саналатын «Apple» компаниясының негізін қалаушы Стив Джобстың өзі, балаларына интернетті пайдалануға рұқсат етпейді. Осындай тәрбиенің арқасында болар, олар ғаламтордың құлы емес, қожайыны атанып отыр.

Кез келген дүниенің жағымды да, жағымсыз тұсы бары хақ, алайда оның қай жағын пайдалану сіздің шешіміңіз. Сондықтан, әр нәрсенің тек жақсылығын алып, жамандығынан жиренуді әдетке айналдырайық, сонда ғана балаларымыз саналы, аналарымыз уайымсыз болмақ.