Денсаулық

Жоғары қан қысымын дәрісіз емдеу жолдары

Ебін тапса ем қонады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дене салмағын тежеу әдісі. Қан қысымы жоғары немесе қалыпты семіз адамдардың дене салмағы жеңілдесе қан қысымы да төмендейді, сонымен бірге қанның сиымдылығы мен жүректің қан ығыстыру мөлшері де азайып, жүрек ритмі баяулайды, қан плазмасындағы несеп қышқылы, холестерин және қандағы қант төмендеп, жүректің жүгі жеңілдейді. Арықтау жоғары қан қысымынан сақтану мен емдеуде шынайы өнім береді. 

Тұз мөлшерін тежеу. 

ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында тұзды тежеу жоғары қан қысымды емдеудің бірден-бір шарасы ретінде айтарлықтай өнім берген еді. Кейін қысым төмендететін дәрілер табылып, бұл жағына немқұрайлы қаралды. Қазіргі кезеңде бұл әдіске қайта мән бере бастады. Мамандар күніне тұздың мөлшерін 5 граммнан асырамауды, сонымен бірге тұздалған балық, тұздалған көкөніс сияқтыларды аз тұтынуды ортаға қойып отыр. Қорытып айтқанда, тұзы аз азық-түлік тұтынған жөн. 

Дене шынықтыру әдісі. 

Дәрі қанша жақсы болғанымен шынығудың денсаулыққа болған пайдасынан артық бола алмайды. Шыныққанда ағза сергек, көңілкүй көтеріңкі, сымбатты сұлу, қан қысымы тұрақты болады. Мұнан сырт майлы тамақты азайту, магнитпен емдеу, басқа ине қою, музыкамен емдеу т.б. сырттай емдеу әдістері бар. 

Жоғары қан қысымды азық-түлікпен емдеу 

«Ауру астан» деген сөз бекер айтылмаса керек. Дәрілік қасиеті бар тағамдарды таңдап, оны үйлесімді жолмен пісіріп, дәрілік тамақ дайындап емделу – азықтүлікпен емделу делінеді. Оның шәймен емдеу, ботқамен емдеу, жануарлардың ішкі органдарымен емдеу сияқты түрлері бар. Жапония ғалымдарының айтуынша құрамында калий тапшы азық-түліктер ерлердің жиырылу қысымы мен кеңею қысымын жоғарылатады екен. Сондықтан құрамында калий көп, натрий аз яғни, тұзы жоқ азық-түлікті тұтынып, қан қысымын төмендетуге болады. 

Мысалы: балдыркөк, қыстық саңырауқұлақ, көкасқабақ, жер жаңғағы, пияз, ащы қияр, усарымсақ, теңіз балдыры, бал, алма сияқтылардың бәрі де калийға бай, натрий кемшіл тағамдарға жатады. Бұдан тыс, теңіз капустасы, рак, теңіз мүгі сияқты құрамында йод біршама мол теңіз өнімдері жоғары қан қысымына, артерияның қатаюынан сақтануға тұтынатын маңызды элементтер. 

Қоғам дамыды, дастарқан молаңдап, жоғары қан қысымына шалдыққандарға тағам таңдау орайы туылды. «Тағамды қоректігіне қарай жеу» деген сөз таралып жүр, оған «тағамды ғылыми жолмен жеу» деген тіркесті қосып қоюға болатын сияқты. Қан қысымы барлар дастарқанында жеміс пен көкөністі көбейтіп, өсімдік майын тұтынып, майлы тағамдарды азайтуы керек. Осылай істеген адамның қан қысымы төмендеп, ғұмыры ұзарады. Халықтың көп жасауы азық-түлік құрылымының жақсаруымен, ғылыми тамақтану мен байланысты болып отыр. 

Қан қысымы жоғарылар көкөністі көп тұтыныңыздар! 

Көкөніс жоғары қан қысымы жоғарыларға өте пайдалы, құрамында витамин С және жеміс қышқылы мол болып, организмдегі басы артық холестеринді айдап шығатындықтан артерия қатаюынан сақтануға болады. Көкөніс құрамында натрий тұздары өте аз, калий көп болады. Натрийдың жоғары қан қысымының тулыуында белгілі рөл атқаратынын бәріміз білеміз, ал калий керісінше қан қысымын төмендетуде белгілі рөл атқарады. Сондықтан, көкөністі көп тұтынғанда, біріншіден, натрий тұздарының салыстырмасын төмендетіп, калий тұздарының салыстырмасын жоғарылату арқылы қан қысымын төмендетуге болса; екіншіден, онда май мен қант өте аз болатындықтан қанша жесе де семірмейді. Сонымен бірге, көкөніс құрамында талшық нәрі көп болатындықтан, ішектің жиырылуы күшейіп, артық майды денеден шығарып, арықтауға мүмкіндік тудырады. 

Көкөністің түрі өте көп болғанымен оның бәрі де жоғары қан қысымды төмендетуге тиімді бола бермейді, тәтті картоп, асқабақ сияқты құрамында крахмал мен қант құрамы біршама жоғарыларын көп тұтынуға болмайды. Бұл ауруға ем болатын көкөністер қызанақ, балдыркөк, көжекөк, теңіз капустасы т.б. 

Жеміс – жоғары қан қысымы ауруы барларға ерекше пайдалы 

Жемістің құрамында витаминдер және калий, магний, темір, кальций сияқты минералды заттар көп болады. Жеміс пен көкөністің парқы шамалы болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Жемістегі витамин Р біршама жоғары болып, қандағы холестерин мөлшерін төмендетеді, қан тамыр бүйірінің ауруға қарсылық қуатын арттырады, миға қан құйылудан сақтануда өзіндік рөлі бар; Е дәрумені қартайтпайтын деп аталады, ол қан тамырдың қызметін күшейтіп, қанды ұйытпайды, организмнің оттегіне болған қажеттілік мөлшерін төмендетеді, жүрек тәж артерияның қатаюынан болған жүрек ауруы мен жоғары қан қысымы қабат келген науқастарға пайдалы; магний жоғары қан қысымынан алдын-ала сақтануға көмектеседі, клиникада күкірт қышқылды магний арқылы қан қысымын төмендетеді; темір – қан жасаудағы басты құрам; кальций нерв бұлшық етке маңызды әсер етеді. 

Жоғары қан қысымына шипалы жемістер өте көп, мысалы: қарбыз, лимон, апелсин, долана, алма, түкті шабдал, манго, жүзім т.б. 

Қан қысымы және ас тұзы 

Ағзада тұз көбейгенде қан қысымы жоғарылап, азайса, қан қысымы төмендейді. Тұзды көп тұтынатындардың жоғары қан қысымына шалдығу шамасы біршама жоғары болады. Десе де, тұзды көп тұтынатындардың барлығы жоғары қан қысымына шалдығады деуге болмайды. Шамамен 20% адам тұзға сезімтал келеді, осы адамдар тұзды көбірек тұтынса, қан қысымына шалдығады. Егер бұрыннан қан қысымы жоғары болса, тіпті жоғарылайды. Медицина тұзға сезімтал адамды анықтай алмайды, сондықтан дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы күндік тұз мөлшерін 5 граммнан асырмауды ұсынып отыр. Тұзды шектеу тұзды азайтып жіберуден дерек бермейді, тым тежеп жіберсе кері әсері болады. Кенет жедел шектеп жіберсе, дене сұйықтығының мөлшері төмендеп, ренин гипертензин жүйесінің активтігі артып, кей науқастардың қан қысымын онан әрі жоғарылатып жібереді. Қалыптан тыс тұзды шектеп жіберсе зат алмасуға пайдасыз болып, жүректің соғуы төмендейді, діңкесі құру, басы айналу, тіпті естен тану сияқты белгілер байқалады. Жоғарғы қан қысымына шалдыққандар тұзды тарта жесе болады. 

Жоғары қан қысымына шалдыққандар майды аз қолдануы қажет 

Май – адам организміне қажетті бес ірі қоректік заттың бірі. 

Әдеттегі жағдайда, жоғары қан қысымына шалдыққан адамдар құрамында холестерин жоғары болатын малдың майын және оның дайын өнімдерін тежегені жөн. Зерттеуге қарағанда холестерин мол тағамдармен артерияның қатаюы тығыз байланысты болады екен, сондықтан майға әуес болмаған жөн. Ал өсімдік майында мұндай нашар әсер болмайды, оның басты құрамы қанықпаған май қышқылы болғандықтан, ол организмде бірқатар өзгерістер арқылы сіңіріліп пайдаланылады да, қан тамырды кеңейтеді, қан қысымын төмендетеді, қан ұюының қалыптасуын тежейді. Өсімдік майындағы қанықпаған май қышқылы ферменттің активтігін төмендетіп, денедегі майдың синтезделуін азайтып, дене салмағын да жеңілдетіп, семіздік сипатты жоғары қан қысымын төмендетеді. Сонымен қатар қан қысымын төмендететін дәрілердің рөлін арттырады. 

Май адам организмін сапалы қуатпен қамдайды, мұның ішінде холестерин мүлде зиянды нәрсе емес, қайта ол организмдегі маңызды әрі кем болса болмайтын құрамдас бөліктердің бірі, организмнің қалыпты физиологиялық қимылын сақтаудағы маңызды зат, бірақ оның мөлшерін арттырып жібермеу керек. Сондықтан, жоғары қан қысымы жеңілдеу, қырық жастан төмен, тым етті жеңді болмағандар, қандағы холестерин мөлшері қалыпты болса майды шектемеген жөн. Қала берсе, мал майындағы көптеген қанықпаған май қышқылдарын қамтыған майлар қан тамырды жұмсартатын тамаша дәрі саналады.

 

Дереккөз: "ЖасАй" журналы