Bugin

Ресей Украинаға не үшін әскер кіргізгенін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей билігі арнайы әскери операция бастар алдында Украинаның әскери күшін жойып, ұлтшылдық билігін құлату үшін шабуыл жасағанын мәлімдеген еді. Алайда РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың бүгінгі ресми мәлімдемесі біршама бөлектеу шықты.

Оның айтуынша, Ресейдің мақсаты – Украинаның аумағын басып алу оккупациялау, билікті тақтан тайдыру емес.

"Біздің мақсатымыз – украин билігін тақтан тайдыру емес, бейбіт халыққа зиян тигізу емес. Негізгі мақсатымыз – Украинаны бейтараптандыру. Әрі қойылған миссияны орындамай тынбаймыз. Сондықтан Украинаның тез арада келіссөзге келгені жөн", - деді бүгін Захарова.

Ал 7 наурыз күні РФ президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков "Киев билігі Мәскеумен келісімге келсе болды, әскери іс-қимыл тоқтатылады" деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ, 7 наурыз күнгі Кремльдің мәлімдемесінде "Украинаның әскери күшін талқандауға аз-ақ қалды, демилитаризация процесі аяқталды" деген еді. Алайда денацификациялау (ұлтшылдық билікті құлату) жайлы ләм-мим демеген.

Ал Bellingcat басылымының жазуынша, Ресей билігі Зеленскийді әскерін тоқтатса, президенттік тағында қалады дегендей шарт қойған екен.

Украина басылымдарының жазуынша, соған қарағанда Ресей билігі әскери операцияның айы оңынан тумағасын, алғашында қойған талаптарын азайта бастаған сыңайлы.