Bugin

Біле жүріңіз: Наурыздағы қазақы ырымдар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Наурыз – түркі жұртының төл мейрамы. Жаңа жылмен тең есептелетін мейрамда қазақ халқы жақындарын құттықтап, ел болып шаттық пен думанға кенеледі. Осы наурыз мейрамына қатысты ертеден келе жатқан ырымдар бар. Солардың бірқатарын ұсынып отырмыз.

1. Қазақ наурыз күні жаңа шыққан күннің жүзіне қарап бетін сипайды. Онысы жаңа күннен басыма бақыт дарысын дегені.

2. Қазақ наурыз күні алғаш жауған жаңбырға басын тосады. Аспаннан нұр жауады деп біледі. Осылай істесе, жылдар бойы басым ауырмайды, жолым жеңіл болады деп сенеді.

3. Қазақ наурыз күні үйіне қарлығаш ұшып кірсе, ерекше қуанады. Жыл құсы кірді, шаңырағыма құт кірді деп ырымдайды.

4. Қазақ наурыз күні тырнақ алмайды, шаш кестірмейді. Олай етсе, бақ кесіледі, жол тосылады деп ырым етеді.

5. Қазақ наурыз күні көңілді жүреді. Біреумен ренжісіп қалудан қорқады. Себебі, жыл басында ренжісе, жыл соңына дейін ісім оңбайды деп ырым етеді.

6. Қазақ наурыз күнгі жауған қардың реңіне қарап ырым етеді. Наурыз күнгі қар ерекше аппақ болады. Наурыз күнгі жауған қарды күремейді, сыпырмайды. Сыпырса, құрғақшылық болады деп ырымдайды.

7. Қазақ наурыз күні баласын ұрмайды, зекімейді, тек қана еркелетіп қана жүреді. Ұрса, зекісе бала меселі қайтады. Бала меселі қайтса, бақ байланады деп ырым етеді.

8. Қазақ наурыз күні ыдыс-аяғын салдырлатпайды, құт қазанда тұрады деп ырым етеді. Ыдыс аяқ салдырласа, құт үркеді деп сенеді.

9. Қазақ наурыз күні отқа сүйек тастап күйдірмейді. Олай етсе, ата-баба аруағы шамырқанады деп ырым етеді.

10. Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген баланы құр қол шығармайды. Бала бақыт, бала бал, баламен бірге үйге бақыт кіреді, бала үйден өкпелеп шықса, бақыт баламен ілесіп кетіп қалады деп ырым етеді.

11. Қазақ наурыз күні алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Онысы жолаушы аман келсін, мереке дәмі береке, осы берекелі астан ауыз тисін дегені.

12. Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген күйеу жігіт пен қызға ерекше құрмет білдіреді. Күйеу баласына шапан жауып қайтарады. Онысы қызымызға жақсы қарасын, қызымыз бақытты болсын дегені.

13. Қазақ наурыз күні малы төлдесе, оның төлін басқа біреуге сыйламайды. Себебі, жыл басындағы құтымыз басқаға ауып кетпесін дегені.

14. Қазақ наурыз күні босанған әйелді құт деп ырымдайды. Оны Қызыр босандырды деп сенеді. Ол туылған бала елге құт болып қонады деп сенеді. Сондықтан ол баланың атын ұл болса, Ұлысбек, Наурызбек қыз болса, Наурызгүл, Ұлысжан деп қоятыны содан.

15. Қазақ наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып шықылықтаса жақсы ырымға балайды. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді.

16. Қазақ наурыз күні ошағының астында от қаулап, лапылдап жанса биыл бақ жұлдызымыз көтеріледі, баиймыз деп ырым етеді.

17. Қазақ наурыз күні төріне қос шырақ жағып қояды. Онысы Отағасы мен Отанасы аман болсын, ошақтағы отымыз сөнбесін деген ырым.

Дереккөз: Қазақы наурызнама кітабынан