Weekend

Қазақ халқында гендерлік теңсіздік болған жоқ

Қызға төрден орын берген елміз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елімізде 2030 жылға дейін арналған отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бар. Атап айтқан кезде, отбасы құндылығы, ана мен бала құқығы, әлеуметтік мәселе мен зорлық-зомбылықпен күресу секілді бірнеше бағдарламалар бар.

Гендерлік саясат мәселесі, батыстағы кәрі құрлықтан ағылып келген түсінік болмаса, қазақ халқының байырғы дәстүрі мен салтында, тәрбиесінде гендерлік мәселе, ер мен әйел арасындағы теңсіздік болған емес.

Көшпелі дала мәдениетін сақтаған түркі жұртының соның ішінде, қазақ халқының тәрбиесінде қыз баланың орны өте ерекше. Ер баланың дүниеге келуін әрбір отбасы жақсы көргенімен, қыз – ұлттың айнасы, қыз – шаңырақтың отын өшірмейтін, әулеттің ұрпағын дүниеге әкелуші және өсіруші тұлға.

Кейінгі феминизм, ер мен әйел арасындағы теңісіздік туралы мәселе еліміздегі ерлерді сыйлау, оларға құрмет көрсету деген түсініктен пайда болды. Шындығында, ердің түзде жұмыс жасауы, әйелдің ошақ қасында өзіне жүктелген міндетін атқару ешқандай да әбестік немесе теңсіздік проблемасы емес.

Қазақ «қызға қырық үйден тиым» десе, бәрінен бас тартып, өмір сүру құқынан әсте дараланып қалсын деген жоқ. Керісінше, дәстүрге, салтқа, сана мен тәрбиеге бағына отырып осы құндылықты қолға алды.

Қазақ халқында қыз баласы дүниеге келгеннен бастап, келін міндетін атқаруға жеткенге дейін оның орны төрде болды. Қыз баласына деген құрмет «ана» деген ұлы есіммен астасып жатты. Мұны бүгін бірі түсінеді, бірі бағамдамайды. Осыдан кейі келіп, гендерлік теңсіздік туындайды.

Біздің халықтың түсінігінде «азаматтық неке», «ажырасу», «жетімін жылату», «баласын далаға тастау» деген секілді проблема кешегі өмір сүрген дәуірде атымен аталған жоқ. Отбасы болған күннен бастап, ер адам өз жауапкершілігін, әйел адам өз міндетін атқарды. Махаббаттан бұрын сыйластық бірінші орында көрініс берді. Осыдан келіп халық санасында қыз баласына деген, ерге деген құрметпен сыйластық пайда болды.

Жаугершілік заманда ерінің амандығын тілеген, отағасының келуін күтіп, қазан-ошақтың қасынан табылған әйелдің жаманы болған жоқ. Тек кейінгі бодандық бұғатынан кейін санадағы үлкен сілкініс бәрінің өзгеруіне алып келді.

Гендерлік теңсіздік мәселесі, кейінгі қоғамда қалыптасып, ер мен әйелдің бірде жұмыс жасауы, әйелдердің де саяси мәселеге араласып, өзіндік пікір білдіруінен туындады. Мынаған қараңыз, қазақ халқында саясатқа әйел адам араласпаған дегенге сенесіз бе? Жоқ, біздің әйелдер саясатты үйде жасады. Ас үстінде еріне қолдау көрсетіп, өзінің ойын ашық айтты. Мысалы, Жиренше шешеннен асқан шешен, ақылды адам бірен-саран еді. Оның да ақылшысы – Қарашаш (әйелі). Бертін келейік, Құнанбай Зередей анасынан асып сөйледі ме? Мәселе, әйел мен ердің өзінде емес, қоғамдық түсініктің кері бағытта пайда болуымен өлшеніп тұр.

Әйелді ұру, оған қол көтеру секілді мәселенің өзі кейін пайда болды. Талақ айтып баласымен жесір қалдыру, жетімін жылату секілді қоғамдық арсыздық мәселесі де кейін шықты. Неге? Себебі, Еуропа идеологиясына бой сіңдіріп алған біздің қоғамда өзгеше ойлау, тәрбиеден гөрі өмір сүру салтын алдыға қоятын топтар пайда болды. Ең ақыры, ер әйелді емес, әйелдер ерді алатын күнге де жеттік. Теңсіздік материалдық проблеманың да әсерінен туындады.

Қазақ: «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» дейді. Өзінің емес, елдің көркі. Ендеше, қыздың мәртебесі – елдің мәртебесі.

Үш қыз өсірген әкенің жұмаққа баратыны туралы да айталды. Неге? Бұл үш бірдей қыздың болуы ғана емес, олардың тәрбиелеу, биігіне жеткізу. Ер балаға қарағанда, тәрбиесі бәрінен биік тұратын қызға деген түсініктің өзі, біздің халық үшін құндылыққа айналып кеткен жоқ па?! Онда гендерлік теңсіздік мәселесін қазақ қоғамында талқылауды да, көтерудің де қажеті шамалы. Керісінше, отбасы құндылығын дәріптеу керек және осы бағытта жұмыла әрекет ету маңызды.

Джентельмендер мен романтиктердің берген гүлі мен көңілі қазақ халықының қыз баласына жасаған сыйластығы мен төрінен қайда төменде жатыр. Тек түсіну керек және қабылдау керек.