Weekend

Қазақ баласы қандай ойын ойнап жүр?

Қай ұлт, қай ұлыс болмасын, барша адамзат баласының интеллектуалды – саналық толысуы мен физикалық жетілуін қамтамасыз ететін құндылық – ойын екені белгілі. Халықтың идеологиясы мен таным – түсінігіне қаныққан ұлттық ойындар – соның ішінде басты рөлде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқының ұлттық ойындары әрдайым кербездік пен күш-жігерді, ақыл мен көрегендікті бастама ететін, дүние жүзіндегі теңдесіз ойындар екенін ғалымдар бірнеше рет дәлелдеді. Расымен де, асығынан бастап көкпарына, тоғызқұмалағынан бастап бәйгесіне дейін тізе берсеңіз қазақы ойындардың мәртебесі тарих деңгейіне көтерілді.

Десе де, сол ойындар тарихтың заңғар биігінде стагнацияға ұшырап, қалып қойды ма деген қауіп те жоқ емес. Себебі, ықылым замандардан бері белес бермей келе жатқан ұлттық ойындардың белсенділігі бүгінде байқалмайды. Жастардың тарихи құндылықтарға деген қызығушылығының төмендігі осы проблемаға әкеліп соқты. Белі бесіктен шықпастан жаңа технологиялардың тамашасына құныққан жас бала аулаға шығып, асық атып, есейе келе жылқыны ерттеп мінетініне күмән көп. Расында, кезігі заман қазақтары, жасы болсын, кәрісі болсын, ертоқымды тартып мініп, жүйріктің құлағында ойнап, бәйгеде алдын, көкпарда серке бермей аласұрушы еді. Тоғызқұмалақтың есебінен жаңылмай, балалар «асықтың әккісі» атанып, жастар жағы ақсүйек тастап, оңашада бастаңғылатып, қазақы ойынды ғана емес қазақы көңіл мен дархандықты да желбіретуші еді. Сәйкесінше, әке балаға саят құру мен садақ атуды, ат ерттеу мен қылыш құюды үйреткен. Бұл өз кезегінде, ұлттың санасын жаңғыртып отырушы еді

Жалпы бұл проблеманы көтерудегі мақсат: жаппай жастарды қаралау яки жаңа технологиялардың кемшілігіне саусақ шошайту емес. Проблема – жас ұрпақтың денсаулығы мен иммунитетінің күрт төмендеуі, ойлау қабілетінің таяздануы мен психологиялық әлсіреуі. Мақсат – аталған проблемалардың шешу жолдарын ұсынып, жолға қою. Балалардың бос уақытты кіммен, қалай өткізетіндігі, қандай ойындарды ойнайтындығы өте маңызды.

Себебі бүгіндері біз мүлде басқа көріністің куәсіміз. Ес білгелі қолынан телефон түспейтін, әліпбиін интернеттен жаттаған балалардың үйкүшіктігі мен гаджеттерге тәуелділігін көреміз. Плэстэйшн, ФИФА сияқты өзге де желілік ойындар расында да бәсекеде бәс бермей келеді. Осындайда, ауылдың қайнаған ошағында асық атқан бірен-саран жеткіншекті көзіміз шала қалса, ет-жүрегіміз езіліп сала беретін күйге жеттік.

Осы орайда, ағымдағы жылы мерейлі 70 жасқа келген Тұрсын есімді әжемізді сөзге тартқан едік. «Біздің бала кезімізде емін-еркін ойын қуатын заман болмады. Өмір бізді ерте есейтті, еңбекке ерте араластық. Бірақ, өзімнің немерелеріме қарап қайран қалам. Телефонмен оянып, телефонмен ұйқыға кетеді. Телефон барда оларға әкенің де шешенің де керегі жоқ секілді. Міне, соның іші толған ойын болса керек. Оның нақты қандай ойын екенін өкінішке орай біле алмаймын. Бірақ балаларға талап қылып, бір мезгіл асық ойнатып, кітап оқытуды бастағалы көп болды, осыдан артық амалым қалмаса керек» - деп, ақ жаулықты өзінің өкінішін білдірді.

Кейуананың немерелерінің бағы жанғаны – «Әй» дейтін әжесінің болғаны. Бағыт-бағдар беретін үлкені жоқ, ата-анасы жұмысбасты балалардың ойынын оқырман өзі де түсіне берер...

Әр заманның өзіндік өрнегі барын ескеріп, балалар қызығушылығына да түсіністікпен қарай, ұлттық ойындардың көмескі тартып бара жатқанына да көңіліміз қалтырайды.Бүгінгі сәби – ертеңгі тұлға, ертеңгі тарих. Сондықтан да, оның бүгінгі тәрбиесі, бүгінгі санасына жақын дүниесі ертеңгі күнініе тікелей әсер берерін түсінген жөн.

Ендеше, баланың балауса жанын ұлттың қастерлі құндылығымен баптауға не кедергі?