Bugin

Референдум өткізу: Ата Заңға қандай өзгеріс енгелі жатыр, неге дауыс береміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 29 сәуір күні, Конституция өзгеріс енгізу үшін халық референдумы өтетінін мәлімдеген еді. Ал сол Ата Заңға қандай өзгеріс енгелі жатыр, халық неге дауыс беруі керек? Соны қарастырып көрейік.

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің айтуынша, Конституцияның негізінен 33-бабына өзгерістер енгізілгелі жатыр екен. Яғни, шамамен Конституцияның үштен бірі өзгергелі тұрған көрінеді.

«Маманданған адам болмаса, мұншалық көп санды түзетулердің ішінен негізгі бағдарды бақылаудың өзі қиынға соғуы мүмкін. Оның үстіне, бұл өзгерістердің бәрі бір-бірімен өзара байланысып жатыр, ортақ тұжырымдамалық қисыны бар. Сондықтан, жекелеген пунктерін талқылай отырып, жалпы көріністі өткізіп алмау маңызды», - дейді мемхатшы.

Ерлан Қариннің пайымынша, конституциялық реформаның мақсаты – қолданыстағы саяси модельді жүйелік тұрғыдан трансформациялау. Ал оның 5 негізгі бағыты бар. Олар:

1. Бірқатар билік уәкілеті қайта бөліске түседі: функциялар Президенттен – Парламентке, орталық биліктен – өңірлік билікке беріледі.

2. Суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшу аяқталады: Президент бәрінен тең дәрежеде оқшау тұратын, ешқандай үстем әрі айрықша уәкілеті жоқ саяси институт болып саналатын классикалық модель орнатылады.

3. Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесі күшейтіледі: Мәжілісті құрылымдаудың аралас моделі енгізіліп, Парламенттің бақылаушы функциялары кеңейтіледі, заңнама процедуралары оңтайландырылады.

4. Халықтың мемлекет басқаруға қатысуы кеңейеді: Мәжіліс депутаттары бірмандатты округ жүйесі бойынша сайланады, депутат мандатын қайтарып алу тетігі енгізіліп, облыс әкімдері баламалы негізде мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалады.

5. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетігі күшейтіледі: Конституциялық Сот құрылып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдер мен иммунитет беріледі, өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салынады.

«Осылайша, реформалардың нәтижесінде билік тармақтарының өзара теңгерімді байланысы қалыптасып, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог жолға қойылады. Мұның бәрі мемлекеттік құрылымның жаңа моделі – Екінші Республикаға көшуіне жағдай жасайды», - дейді Мемлекет хатшысы.