Денсаулық

Өзін-өзі емдеу дұрыс па?

Білмесеңіз, қаралыңыз!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Халық арасында өзін-өзі емдеу көп көрініс беруде. Өзін-өзі емдеу – дәрі-дәрмек пен емдеу шараларын медициналық мекемелердің, дәрігердің тағайындау және қадағалау көмегіне жүгінбей өз бетінше қабылдауы. Өзін-өзі емдеу ұғымына сонымен қатар, медициналық білімі жоқ тұлғаның көмегіне жүгіну де кіреді. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының деректеріне жүгінетін болсақ, мұндай ем қабылдау кезінде дәрі-дәрмекті білместікпен, дәріні мөлшерден артық қолдану, дәріні пайдаланудағы кері әсерлер және де басқа дәрі-дәрмекпен үйлеспеушілік, улану, аллергия өлімнің көбеюіне әкеліп соғып отыр екен. Өзін-өзі емдеу салдарынан болған қаза әлем бойынша жарақаттану (жол көлік апаттары, төбелес, құлау т.б.), қан айналым және тыныс алу жүйелерінің, онкологиялық аурулардан кейінгі 5 орында тұр екен. Иә, ойлантатын мәлімет.

 

Ал өз еліміздің дереккөздеріне жүгінсек, әрбір үшінші адам өзінөзі емдегенді жөн санайды екен. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 10 шілдесінде «Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты халыққа үндеуінде халықтың дәрілік сауаттылығын көтерудің маңыздылығын атап өткен болатын. 

Сондықтан өзін-өзі емдеумен дұрыс айналыспау неге әкеліп соқтыратынын көпшіліктің қаперіне салғымыз келді. Алдымен жұрттың жаппай өзін-өзі емдеуге бет бұрғанының себебіне үңіліп көрейік.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері қазақстандықтар қандай ауруға шалдыға қалса да алдымен өздері ем жасайтынын анықтады. Егер өзі жасаған емнен шипа болмаса ғана медициналық орындарға барады. 

Мұның себебін олар ең бірінші жұмысбастылық, уақыттың аздығымен түсіндірген. Одан соң отандық медициналық қызмет ақысының тым қымбатттығы мен жемқорлық сияқты келеңсіз көріністерден туындаған шарасыз жағдай деп шағымданған. 

Сондай-ақ теледидар, радио, интернетте дәрілік препараттарды жаппай жарнамалау да бұл емнің кең таралуына әкеліп соқтыруда. Барлық дерлік антибиотикті кез келген дәріханадан дәрігердің тағайындауынсыз сатып алуға болады. Әсері күшті препараттарға «Дәрігердің тексеруінсіз қолдануға болмайды», «қарсы көрсетілімдері бар» деген сияқты ескертпелерді қатаң талап ретінде қолдану керек. 

Дәл қазіргі ұшқыр даму ғасырында адам ойлап тапқан барлық зат қалай өзгерске ұшырап жатса, ауру қоздырғыш бактериялар мен вирустар да дәрілік препараттарға қарсы түрлі мутацияға ұшырап құбылып отырады. Медициналық зертханалар мен фармацевтика өндірісі де соған орай сан мыңдаған атаудағы препараттардың құрамын жаңалап, күшейтіп отырады. Сондықтан бұрын пайдаланып жүрген дәрілік заттың құрамы өзгергенін білмей қабылдаудың да соңы зардапты болуы мүмкін. 

Мысалы, қазір әлемде туберкулезге қарсы төрт антибиотик қолданылады. Алайда ұзақ жылдардан бері белгілі бір дәрі түрлерін қолдану сол препараттарға төзімділікті арттырған. Сондықтан медицина мамандары аталған ауру түрін емдеуде қиындықтарға тап болып отыр. 

Еліміздің ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі рұқсатсыз сатылатын дәрідәрмектердің санын қысқартып, антибиотиктерді тек дәрігер тағайындамасымен сату туралы заң жобаларын дайындап, ақ халаттылардың рұқсатынсыз сатып алуға болатын дәрілік заттардың санын қысқарту туралы шешім қабылдады. Антибиотиктер тек дәрігерлердің тағайындауымен ғана сатылмақ. Қазіргі адамдардың санасына антибиотиктерді кез келген ауруға қарсы қолдану әбден орнығып алған. Салқын тию, ыстық өту, іш өту т.б. жеңіл-желпі аурулар түріне де оларды пайдалану қалыпты жағдайға айналған. Қандай да бір емдік препаратты қабылдамас бұрын дерттің неден туындағанын, оның қалай асқынатынын дәрігер маманнан сұрастырған абзал. Ең басты құндылық денсаулықтан білместікпен айрылу тек санасыз жанның тірлігі. Дертке бактериялар себепші болғанда, мысалы, «пневмония» немесе «ангина» сынды ауруларға шалдыққанда ғана антибиотиктер құтқарушымыз бола алатынын ұмытпаған жөн. Ал егер ауруды қарапайым вирустар тудырса, антибиотикті қолдану дерттің асқынуына әкеп соқтыруы ықтимал. 

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде, 2009 жылдан бастап елдің дәрілік сауаттылығын жоғарылату үшін Дәрілік ақапараттық-талдау орталығы (ДАТО) құрылып, жұмыс атқаруда. Сол үшін өз-өзіңізді емдеуді қолға алатындай болсаңыз, не дәрігер жазып берген дәрілерге күмән тудыратын болсаңыз, мамандарымен кеңесе аласыз. 

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының ұсынған анықтамасы бойынша өзін-өзі жауапкершілікпен емдеу – бұл «...тұтынушының денсаулығындағы ауытқулар мен ауру белгілерін өз бетінше танып, дәрілік препараттарды пайдалануы» деп анықтама берген. Олай болса, қандай жағдайда адам өзіне-өзі жауапкершілікпен ем жүргізе алады? 

Егер дәрігерге қаралатын мүмкіндік жоқ алыс жерде тісіміз ауыра қалса, тамағымыз қабынса сода ерітіндісімен немесе йод және сода, тұздың жылы ерітіндісімен шаю арқылы өзімізге көмектесе аламыз. Қатты тоңазып, суық тигенін сезе қалған адам лимонмен, жидектер қайнатпасымен, балмен шай, сорпа ішіп, терлеп, құйрық маймен сыланып, бүркеніп жата қалуы керек (қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып емделу). Дәрілік шөптердің буымен ингаляция жасау арқылы жөтел, тұмау, ангина, тамақтың ауруы мен мұрыннан су ағу сынды тыныс жолдарының бітелуі, құлақтың шаншуы аурулары кезінде сауығуға болады. Міне, өзін өзі емдеу кезінде қолданылатын негізгі амал-тәсілдер осындай жағдайларды орын алуы керек. 

Біліп-білмей дәрі қабылдай бергенше күн сайын бірнеше минут бойы деніңіз сау, күш-қуатқа толы деген ойларға шому керек. Осы ойларды қан жүйесіне, ұлпаларға, жасушаларға жіберіп, энергияның ағзаға қалай таралып бара жатқанын елестетіп, тәнге сауықтырушы күш беруге дағдыланған дұрыс. 

Көңіл-күйдің нашарлауына мән бермеу, температураның көтерілуі, түнде терлеу, салмақ жоғалту, үнемі шаршаңқы жүру сияқтылардың барлығы қалыпты жайттар емес. Бұл белгілер түберкулез, гистоплазмос нелимфома сияқты ерекше емдеуді қажет ететін аурулардың симптомы болуы мүмкін. Алты-сегіз жыл арасында жоғары білім алған, күн сайын қаншама науқастың жағдайын көріп, практикалық жақтан шыңдалған маман мен жарнамадан дәрінің атын ести салып, ғаламтордан құрамы мен емдік қасиетін, кері әсерін бір шолып шыға салған адамның арасынан ұқсастық іздеу ақымақтыққа саяды. 

Әсіресе, балаларын өз бетімен емдемек болған ата-аналар соңында көп жағдайда шарасыз күйде қалады. Олар өз балаларының денсаулығын дәрігерден артық білеміз деп ойлайды да, маманға тек ауру асқынғанда бір-ақ жүгінеді. Ол кезде тым кеш болып кетуі мүмкін екенін ескермейді. Үнемі есте ұстайтын бір нәрсе өмірдің ең басты байлығы – бұл өмірдің өзі, яғни сіздің денсаулығыңыз және сіздің жақындарыңыздың денсаулығы! 

Кез келген көшеде самсап тұрған дәріханадан шектеусіз дәрі-дәрмек сатып ала береміз. Дамыған елдерде дәріханаға барып, «жөтелге қарсы жаңа шыққан қандай дәрі бар?», «үздіксіз бас ауруын тез басатын бірдеңе беріңізші?» деген адамды көрмейсіз де, естімейсіз де. Бұл денсаулық мәдениеті, өзгенің өміріне, алдымен өз өміріңе деген жауапкершіліктің ең үлкен белгісі. 

Өкініштісі, елімізде тіпті есірткі тектес дәрілердің де еркін саудаға сатылымға қойылғаны. Сәл ғана эйфория сезімін беріп, бүкіл дүниені ұмыттыратын препараттарды үнемі қолданатындардың өмірі бір жылдан аспайды екен. Сондай-ақ жыл сайын алыс-жақын шетелдерден қандай санитарлық жағдайда, нендей қоспалардан жасалғаны белгісіз заңсыз жолмен тонналап дәрі-дәрмектің келіп жатқаны тағы бар. Мәселеге осы жағынан келгенде фармацевтика магнаттарының ойлағаны тек қалтаның қамы болып тұрғандай. 

Дәрі-дәрмек өндірісі мен саудасына ұлттық қауіпсіздік биігінен қарайтын кез әлдеқашан туған. Ал әр адам өзін-өзі емдеудің орнына дәрігер қабылдауында болуды дағдыға айналдырса – жауапкершілік деген сол. Өзін-өзі емдеудің соңы қатерлі ауруларға, тіпті өлімге әкеліп соғуы мүмкін екенін әрдайым есте ұстайық. 

Дәрігерге ем алуға барған науқас іштей өзін сол емнен кейін, дәрілік заттардан кейін құлан-таза жазылып кетеріне сендіргені жөн. Міне, бұл психологиялық тұрғыдан өте қажет өзін-өзі емдеу болып табылады. 

 

Дереккөз: "ЖасАй" журналы