Саясат

Әлемдегі ең үлкен кітапхана Отырарда болған

Қасиетін қара жерге жасырып жатқан қала туралы не білесіз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отырар қаласы 

Отырар (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб) – ортағасырлық қала орны. Түркістан облысы Отырар ауданының «Темір» темір жол стансасынан солтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан. Отырар ІХ-Х ғасырларда гүлденген ірі қала болып, ғылымның орталығына айналған. Бұл қалада сәулетті сарайлар, ірі медреселер, мешіттер болған. Отырар VIIIғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деп аталған. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналғаны туралы көне түркі жазбаларда кездеседі. VIII ғасырдағы араб географы Якут: «Тарбанд, Тұрар, Тұрарбанд пен Отырар – бір қала», - деп жазады. Ал, Араб тарихшысы Табаридің Отырар патшасын әл-Мамун халифтың жауларының бірі деп атағанына қарасақ, Отырар IX ғасырдың өзінде-ақ ірі қала болған. Отырар атауының шығуы туралы К.Байпақов оғыз тілінде бір орында ұзақ тұруға байланысты «тураш иер» атты сөз тіркесінен «Отырар», «Тұрар» сөздері туындаған дейді. Көне «Фараб» сөзі «өзеннің арғы жағы», «жағасы» дегенді білдіреді. Отырар X-XI ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған екен. 

«Отырар апаты»

Тарихтан белгілі, 1218 жылы Хорезмшаһ Мұхаммедтің Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан жіберген керуенінің саудагерлері өлтірілген. Содан кейін, Шыңғыс хан осыны сылтау етіп Орталық Азияға шапқыншылық жасаған екен. 1219 жылы күзде моңғол әскерлері Отырарға жетіп, қаланы қиратып, тұрғындары қырғынға ұшыраған.Тарихи жәдігерлерде бұл қырғын «Отырар апаты» деген атпен белгілі. Бірақ 1219 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданады. Оның дәлелі ретінде мынандай естеліктерді атасақ болады: 

• 1255 жылы армян саяхатшысы: «Отырар Сырдария бойындағы ірі қалалар қатарында. Отырар дүниежүзілік саудада бұрынғысынша делдалдық рөл атқаруда», - деген.

 • 1320 жылы Флоренция көпесі Пеголоттидің «Азов теңізінен Қиыр Шығысқа дейінгі сауда жолы туралы» жазбаларында да көптеген деректер айтылған. 

• XIV ғасырда Ақ Орда хандары мұнда медреселер, ханакалар, мешіттер, кеңселер салдырған. 

• XIV ғасырдың аяғында Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кіреді. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына дайындығы қызған кезде (1405) осында қайтыс болады. Әмір Темір мирасқорлары мен Мұхаммед Шайбани әулетінің қазақ хандарымен күресі барысында Отырар тағдыры тағы да сынға түскен. 

• XVI ғасырдың 2-жартысынан бастап қала қазақтардың билігіне біржолата көшіп, шамамен XVIII ғасырдың басына дейін болған. Айта кетейік, Отырарда археологиялық қазба жұмыстары кең көлемде 1969 жылы Қазақстан ҒА-ның К.Ақышев басқарған «Отырар археологиялық экспедициясы» ұйымдастырылғаннан кейін басталады.

 

Отырардың сипаты

Отырардың сипаты Қазіргі уақытта Отырар – бесбұрыш тәріздес төбе. Өлшемдері: оңтүстік жағы – 380 м, оңтүстік-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солтүстік-шығысы – 380 м және шығысы – 350 метрді құрайды. Ал, жалпы аумағы 200 га болатын төбенің ең биік жері іргесінен 18 м. Қала дуалмен қоршалған. Оның солтүстік-шығыс және шығыс жақтағы құрылыстары жақсы сақталған. Сондай-ақ, үш қақпасы болған қаланың негізгі төбесін айналдыра қазған орлардың орны бар. Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде Отырардан шахмат тақтасы табылған. Бұл жергілікті халықтың ақыл-ой, сана-сезіміне ықпал ететін ойындарды ертеден меңгергендігін айғақтайды. 

Шығыс моншасы 

Отырар қаласының аумағынан XI-XII ғасырлардағы екі монша аршылған. Нашар сақталғанына қарамастан, солтүстік рабад аумағындағы моншаның жоспарлануы жалпы белгілері жағынан анықталған. Монша балшық қабаты төселіп, тегістелген алаңға салынған. Моншаның ішінде шешінетін, тынығатын кең белмелер, шомылатын залдар, пештің, оттығының үстіне орналастырылған шабынатын бөлмелер болған. Моншаның шығыс жағына оттық және су құятын бөшкелері бар бөлме орналасқан. Осы жерден моншаны сумен қамтамасыз ететін құдықтың қазылып, оның қабырғалары күйген кірпішпен қапталған. Ал аққан су моншадан құбыр жолы арқылы үйдің сыртындағы су сіңіргіш шұнқырға ағызылған. Сондай-ақ, моншаны қыздыру үшін еденнің астындағы жылу өткізгіш каналдар жүйесі қолданылған. 

Отырар медресесі 

Отырар қаласында ортағасырлық діни оқу орны да болған. Ол VIII ғасырдың аяғында құрылып, моңғол шапқыншылығына дейін жұмыс істеген. Медреседе әр аймақтан білім іздеп келген шәкірттер 10 жыл бойы тәрбиеленетін болған. Оларға бесінге дейін сабақ берілсе, бесіннен кейін медресе жұмысын істеу жүктелген (аула сыпыру, ас пісіру, бау-бақша суару, т.б.). Ал екіндіден кейін шәкірттер өз жұмыстарымен айналысатын болған. Сондай-ақ, медреседе алғашқы 5 жылда сол заманғы әлемдік үш тіл: түркі-қыпшақ, парсы, араб тілдері оқытылған. 5 жылдан кейін шәкірттерге діни сабақтармен қатар астрономия, геометрия, музыка, т.б. ғылым салалары бойынша жан-жақты білім берілген екен. Сонымен қатар, ежелгі заманда жойылып кеткен әліппелер (мыс., Финикия әліппесі) де үйретілген. Айта кетейік, Отырар медресесінде «Әлемнің екінші ұстазы», ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби білім алған. 

Отырар кітапханасы 

Отырар кітапханасы — моңғол билігіне дейінгі Отырарда орналасқан әлемдегі ірі кітапханалардың бірегейі болған. Тарихи деректер бойынша, бұл кітапхананың негізін салушы ретінде ғалым әрі философ Әл-Фараби делінеді. Сонымен қатар, XII ғасырдың соңындағы кітап жинақтардың қараушысы Сунақ руынан шыққан Хисамуддин болған екен. Кейбір деректерде: «Кітапхана ауқымы жағынан тек Александрия кітапханасынан ғана кіші болған», - делінеді. Шыңғысхан Отырарды қиратқаннан кейін, кітапханаға не болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Ондағы кітаптар жайлы да жазба деректерде айтылмаған. 

Қазіргі кезде Отырар кітапханасының кітаптарының «тағдыры» жайлы сан алуан әңгіме бар. Осы жағымен ол іздеушілерді өзіне тартады. Кейбір деректер бойынша моңғол шапқыншылығы кезінде кітаптардың жерасты жолдарында сақталуы мүмкін екен. Ал, кейіннен оларды жеті жасар бала тауып алады делінеді. Дегенмен мұндай болжамдар нақты дәлелдерге негізделмегендіктен ғылымда әлі күнге дейін мойындалмай келеді. 

Профессор Еренғайып ОМАРОВ Отырар кітапханасы туралы сұхбатында: «Александрия кітапханасы 391 жылы өртелген болса, Отырар кітапханасы сол жылдан бастап бері қарай, яғни 830 жылдай әлемдегі ең үлкен кітапхана болып тұрған. Ал енді тым батыл шешім айтар болсақ, Александрия кітапханасының басым бөлігінің өртелуі б.д.д. 47 жылға тиесілі екенін ескерсек, өрттен аман қалған кітаптары бар болған күннің өзінде Отырар кітапханасының қорынан аз болуы мүмкін. Олай болса, Отырар кітапханасы 1000-1200 жыл шамасындай уақыт дүние жүзіндегі ең үлкен кітапхана болған!», - дейді. Міне, көне Отырар қаласы осындай құнды ескерткіштерімен үнемі ел назарында жүре берері сөзсіз. 

 

Дереккөз: Ernur.kz