Спорт

Буффонға бұйырмаған бақ немесе Сульшер шәкірттерінің күтпеген тосынсыйы

Әйгілі италиялық қақпашы Джанлуиджи Буффонға тағы да Чемпиондар лигасы қол жетпес сағымға айналды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Футболдан Чемпиондар лигасы ширек финалына тағы екі команда шықты. Қарымта ойында Уле Гуннар Сульшер шәкірттері париждіктерге күтпеген тосынсый жасады.

Бірінші ойында «қызыл сойқандар» Францияның ПСЖ клубына 0:2 есебімен есе жіберген болатын.  «Манчестер Юнайтедтің» ширек финалға шығатыны күмәнді саналған еді. Алайда біз күтпеген нәтиже орын алып, париждіктер сан соғып қалды.

Ромелу Лукаку дубль жасап, командасына үміт сыйлады. Алғашқы гол қорғаушылардың қателігінен болды. Ал екінші голды 30 минутта Джанлуиджи Буффон допты қолынан шығарып алған сәтті Лукаку ұтымды пайдаланып кетті. Бұл екі голдың арасында Хуан Бернат гол соғып, есепті теңестірген еді.

Ойынға қосылған қосымша уақытта «қызыл сойқандар» пенальти тебуге мүмкіндік алып, Маркус Рэшфорд мүлт кетпей, командасына жеңіс сыйлады. Сырт алаңда соғылған голдар саны бойынша «Манчестер Юнайтедтің» командасы ширек финалға шықты.

Осымен әйгілі италиялық қақпашы Джанлуиджи Буффонға тағы да Чемпиондар лигасы қол жетпес сағымға айналды. 41 жастағы қақпашы «Ювентус» сапында 17 жыл ойнап, 656 ойынға қатысқан. 301 ойында өз қақпасына гол соқтырмаған. 17 чемпиондық атаққа ие болған. Ол былтырғы жылы Париждің ПСЖ командасына ауысқан болатын.