Экономика

Ауылда кәсіп ашу үшін қайда жүгіну керек?

Ел экономикасын өсіру жолында

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекеттік «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіп ашу және оны дамыту мәселесі тек мегаполис қалаларда немесе аудан орталықтарында ғана жүзеге асу керек дегені шарт жоқ. Бастысы елдің қай аумағында болмасын, халықтың жағдайын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында ауылдық жерлер де болсын, кәсіп көзін нәсіп қылып отырған отбасылардың шағын және орта бизнеспен айналысуы мемлекет бағдарламасының негізгі жемісі.

Қазір қазақстандық қоғамның кәсіп ашуға деген қызығушылығы артқан. Одан бөлек, азаматтардың арасында өз кәсібін бастап, өз-өзін қамтығысы келген жандар көбейді.

Ауыл тұрғындары кейде ел үкіметі ұсынып отырған кәсіп ашудың жолдарын білмей жатады. Оның үстіне, былтырдан бастап бірыңғай төлем жүйесі енгізіле бастағаннан кейін, Қазақстанда екі жарым миллионнан аса адамның ресми табыс табудан тыс жеке шаруамен, өзіндік нәсіп табу жолымен айналысатыны белгілі болып отыр.

Қазір қалада кәсіп ашқанға қарағанда ауылда кәсіп ашудың көп мүмкіншілігі берілуде. Ауылда мал мен егіншілікті дамытуға, халыққа қызмет көрсету орындарын ашуға бағытталған бірнеше бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалардың барлығын өңірлік жұмыспен қамту орталықтарына барып білуге болады.

Одан бөлек, «Даму» орталықтары да кәсіп ашқысы келіп жүгінген жанға қандай бағдарламаға қатысып, қай несиені алуға болатындығын таңдап бере алады.

Сонымен сондай бағдарламалардың кейбірін тоқтап өтейік. Қазіргі таңда ауылда бизнес ашуға мүмкіндік беретін «Сыбаға», «Игілік», «Кәсіпкер» сынды бағдарламалар бар. Мұның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы үлкен бизнес-жобаны бастауға арналған. Бұл бағдарламамен 70 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Оның үстіне, бұл бағдарламамен несие алудың шарттары да мол.

Алдымен, «Сыбаға» бағдарламасы ірі қараны, оның ішінде импорттық, яғни, асыл тұқымды ірі қараны сатып алу үшін қабылданған. Одан кейін, несиеге алынған соманың төрттен бір бөлігіне тең құны бар жылжымайтын мүлікті кепілге қою қажет. Ал қалған сомаға сатып алынған ірі қаралардың өзі кепілдікке қойылады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 4%-ға тең, 15 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады.

«Сыбаға» бағдарламасына қатысқан кәсіпкердің өзіне мемлекет қолдау білдіріп, импорттық ірі қара сатып алғаны үшін әр басына 225 мың теңге шамасында субсидия береді. Сол субсидияны пайдалана отырып, несиені қайтаруға болады. Сонымен қатар, ірі қараның бір жылдың тайыншасын бордақылау алаңына беру арқылы да субсидия алуға болады. Бордақылау алаңына өткізілген тайыншаның әр келісіне 200 теңге төленеді.

Жоғарыда аталған бағдарлама ірі шаруашылық ашу үшін қажет болса, «Игілік», «Егінжай», «Кәсіпкер» сынды бағдарламалар арқылы қарапайым ауыл тұрғындары несие ала алады. Мұның ішінде «Игілік» бағдарламасы арқылы 4 млн теңге несие алуға болады, қайтарым мөлшерлемесі – 6%. Бұл бағдарлама да мал сатып алуға арналған.

Ал ауыл ішінде дәмхана, асхана, дүкен, тігіншілік, наубайхана мен көлік жөндеу орнын ашу сынды кіші кәсіп түрлерін ашу үшін «Кәсіпкер» бағдарламасына қатысқан жөн. Бұл бағдарламамен 6 млн теңгеге дейін несие алып, бес жылдың ішінде қайтаруға болады.

Ал көктемгі егіс жұмыстарына мемлекеттен қолдау алу үшін «Егінжай» бағдарламасы бар. Аталмыш бағдарлама аясында дәнді-дақыл, көкөніс тұқымы, жанар-жағармай алу үшін 6 пайызбен несие алуға болады. Берешек уақыты – үш жыл. Осы сынды Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына  берілетін пайыздық мөлшерлерді азайту «Кең дала» кредиттік бағдарламаларының арқасында мүмкін болмақ.  2017 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 60 млрд теңге бөлініп отыр.  «Кең дала» бағдарламасы арқылы шаруалар несиені  үш жолмен ала алады. Біріншісі - ауылшаруашылық тауар өндірушілерді тікелей «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландыру. Мұнда банк кепілдемесі кепілдік болады және жылдық пайыздық мөлшері 3%-ды құрайды. Банк кепілдігінің сыйақысы  4% болады. Яғни, несие алушының төлейтін жалпы пайыздық мөлшерін 7%-ға тең болады.

Бірақ «Игілік», «Егінжай», «Кәсіпкер» сынды ұсақ несие алу бағдарламасына қатысу үшін алған соманың құнын толықтай жаба алатын жылжымайтын мүлік қажет.

Енді бұл бағдарламалармен несие алу үшін азаматтар алдымен Жұмыспен қамту органдарына немесе «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» сынды мемлекеттік ұйымдарға барып жүгіну қажет. Ал бұл мекемелер несие алушы адамды «Даму» кәсіпкерлік орталығына кәсіп үйрету курсына жібереді. Ол курс «Бизнес бастау» деп аталып кеткен. Орталық мамандары жүгінген азаматқа кәсіп ашудың қыр-сырын үйретіп, несие алуға қажетті құжаттардың барлығын дайындап береді. «Бизнес бастау» курсы бір айға созылады. Ал құжаттары дайын болған, азамат банкке немесе басқа микрокредиттік ұйымдарға жүгінеді.

Аталған бағдарлама бойынша несие алғандардың бірі Ернұр Қайыргелді қазір жиһаз өндірісімен айналысуға бел буып отыр. Бағдарламаны үйлестіруші мекемелер жас кәсіпкерге құжат жинау мен банкке жүгінуге көп көмектескен.

- Мұны кәдімгі несие десем болады. Өзім алып, өзім төлеймін. Несиеге жиһаз жасайтын жабдық сатып аламын. Ал «Даму» қоры банк талап еткен кепілдікке гарант бере алады. Сол жағынан ұтымды дер едім. Бірақ несиені рәсімдеу кезінде бәрібір де банктің талаптарын орындау керек. Сол жағынан қиындықтары болмаса, бағдарламаның ұсынатын мүмкіндіктері баршылық, - дейді Ернұр Қайыргелді.

Жоғары аты аталған несиелердің біріне қол жеткізу үшін жүгінуші азамат, міндетті түрде, жұмыссыз болуы керек. Жұмыссыздық жайлы анықтаманы Жұмыспен қамту орталығына барып алуға болады.

Бағдарламалар арқылы несие алуға азаматтың кәсіп ашуға ұсынып отырған жобасы да маңызды. Ашқысы келетін кәсібі барынша ауылдың тұрмысын жақсартуға, қандай да бір пайдасын тигізуге әсер етуі тиіс.

- Ауылымызда наубайхана жоқ. Бөлке нанды жиырма шақырым алыста жатқан қаладан әкелінеді. Алайда кешке дейін дүкендегі нандардың барлығы бітіп қалады. Сондықтан нанға деген сұранысқа аздап болсын қанағаттандыру үшін ауылда наубайхана ашқым келеді. Өзімнің есептеуім бойынша 5 млн теңгедей қаржы керек. Үш жұмысшы алуды көздеп отырмын. Енді осы жобаммен «Даму» орталығына барып жүгінуді жоспарлап жүрмін. Әлеуметтік жағынан пайдасы бар жоба. Өйткені ауылдағы үш адамды жұмыспен қамтимын және күнделікті өмірге қажет нан өндірісін де жолға қоямын, - дейді шығысқазақстандық тұрғын Берік Әміров.

Одан бөлек, «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы қайтарымсыз гранттың көлемі 100 АЕК (240 500 теңге) деп белгіленіп отыр. Қазір оның жүзеге асу механизмдері қарастырылып жатыр. Одан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер әдетте көшіп келген тұрғындарға техника, тұрғын үймен көмектесіп, бастаған кәсібіне қолғабыс етіп, қолдау көрсетеді.

Мемлекет кез келген саланы игеруге жол алған кәсіпкерге қай жағынан болсын қолдау көрсетуге және оның ісінің алған басуына жағдай жасайды. Себебі, бұл жерде тек пайданы кәсіпкер емес, мемлекет те табатын болады. Шағын және орта кәсіптің дамуы, елдегі ортақ экономикалық өрлеудің көрсеткіші болатынын түсінетін болсақ, ендеше, мемлекет барынша кәсіп саласына көңіл бөліп отыр. Ауыл-аймақтардағы шаруашылық кәсібін дөңгелету кез келген шаруаның қолынан келмесі анық. Алайда, бас болып біреуі осы саланың тізгінін ұстаса, қалған азаматтар жұмыспен қамтылатын болады. Мемлекет ешкімге ештеңе міндетті емес, алайда көмектесуге және жол сілтеуге, мүмкіндік беруге дайын отыр.

Ауылды жерлердегі кәсіптің дамуы, оның қарқын ала отырып ел экономикасына әсер етуі, қалада білім алып қалып қойып жатқан жастардың ауылға баруына және сол жерді көркейтуіне үлкен үлес болар еді. Ауыл жастарының да арасында білімді, кәсіпке икемі бар жастар бар. Тек олардың қаржы жағынан және кәсіп саласында сауаты жетпеуі де мүмкін. Осы жағынан қараған кезде, олардың ішкі және сыртқы нарыққа шығып кетуі тез-ақ. Тек тетігін көрсетіп, білім беру керек.