Саясат

Әлемдік ЭГО идеологиясына қарсы иммунитет бар ма?

Қазақты не құтқарады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаһандық даму, озық технологиямен Марсқа жету, Жер планетасынан бөлек өзге планетада да өмір сүруге болатынын дәлелдеуге тырысып жатқан ғалымдардың ұшқыр ой, сана-сезімдерінен бөлек, сымсыз, қорқытусыз, қарусыз, соғыссыз-ақ адам ақылына зақым келтіретін идеология жүріп жатыр. Біздің байқамай, аңдымай қалатынымыз ол сондай бір шеберлікпен, пышақтың жүзіндей өткір, сусып тұрған сынап секілді, қолдан түссе табылмайтын инедей жеке адамға емес, жаппай халық болмысына еніп, үстемдік орнатып келеді. Соның бірі қазір әлемде фильмдерде көрініс тауып жатқан, кәсіпкерлікке байланысты мотивациялық кітаптар мен психологиялық тренингтерде айтылып жүрген «Эгоизм» немесе ұлтсыздандыру үрдісі.


Голливуд – нағыз идеология ортасы

Голливуд фильмдерін білмейтін, естімеген, көрмеген адам санаулы. Әлемнің қай түкіпірінде болмасын, өздерінің фильмдерін көрсетуден шаршамайтын бұл үлкен бірлестіктің кез келген сценарийі идеологияға тұнып тұр. Бір рет көріп тек сюжетке ұрынасыз, екі рет көріп фильмге басқаша көзқараспен қарайсыз, ал үшінші рет көрген кезде барып, астарында жатқан құбылыстарға мәне бере бастайсыз. Алғаш фильмді қараған кезде ұсақ детальдар, көзге түспей қалатын, бірақ көріп отырған адамның жанары арқылы санасына тікелей сигнал жіберетін заттар мен әрекеттер байқалмай қалады.

Голливуд отаны – АҚШ. Америка белгілі бір ұлт мүддесі үшін өмір сүретін ел емес. Онда бірнеше ұлттардың тоғысы бар. Сондықтан болар, олар үшін ең бірінші орында ұлттық құндылық, ұлттық болмыс, дәстүр мен салт секілді тәрбиелік мәні бар философиядан, жеке-дара адам капиталы бірінші орында тұрады. Адам капиталын қалыптастыру және жеке адам құқын дәріптеу, қорғау мүлде басқа әңгіме. Бұл жердегі мәселе – адам баласының жеке басын құндылығын дәріптеп кетуі.

Мәселен, Голливуд фильмдерінде кездесетін сюжеттердің ортақ бір тұсына үңілейік: 25 жастағы жас жігіт немесе бойжеткен өзінің саласында жетістікке жетеді. Түрлі қиындықтар көре отырып, өзін дамыту арқылы, өзінің күшімен сол алынбаған асуды алады. Көріп отырған көрермен іштей «бәрекелді» деуден басқа ештеңе демейді. 1,5 сағатқа созылған фильм аяқталуға таянған кезде 1-2 минуттық тыныштық орнап, рухани-моральды дәріптейтін кездесу не кездейсоқ пікір алмасу болады. Біз көріп отырған басты кейіпкер жігіттің (қыздың) не әкесі, не анасы жоқ болып шығады. Ажырасып кеткен, қайтыс болған деген секілді әлеуметтік проблема көрінеді. Екеуара сөйлесіп отырған кейіпкерлер арасында: «Әкемді көргім келмейді. Ол сұмырайдың атын да атама!», деп жататын жаттанды сценарий сөздерін байқаймыз. Көз көргенін миға жеткізетін секілді, құлақ та естігенін миға туралайды. Қазақтың «Әке – асқар тау» деген киелі сөзін осы жерде бір сәтке итеріп қойып, басты кейіпкердің соңына түсеміз. Кім жаман, әкесі жаман.

Кейіпкердің бойында эго оянады. Ол бәрін өзі жасайды, материалдық құндылықтың максималды деңгейіне жетіп, өзін-өзі жаратқандай күйге де енеді. Осы кезде біздің Голливудтық актер экран артында отырған көрерменге: «Бәріне өзің жет! Сенің арманыңа ешкім кедергі болмауы керек!» деген шағын ой тастайды. Өз біліміңді пайдаланып жеңіске жеткенді кім жек көрсін, тек бәрін жоққа шығару ше? Тіпті ата-анаң мен туған-туысыңнан баз кешу ше? Міне, жоғарыдан алып келе жатқан эгоизм идеологиясының арты осы.

Әлемдік ЭГО

Эгозим – қалыпты құбылыс. Психология, социология саласы жағынан қарастырсақ, адамға керек-ақ. Адам өзін бірінші жақсы көрмей тұрып, өзін бірінші дамытпай тұрып өзгені де жақсы көре алмайды, ортасын да дамыта алмайды. Бұл жағынан келген кезде ішкі ЭГО-ның жөні бір басқа. Алайда, біздің эгомыз бағынбай кетсе, айналасын жоққа шығарып, өзінің жетістігін тек өзінің өмірлік жолында құрбаны қылса қайтпек керек? Шындығында, бұл саналы түрде баратын әрекет пе?

Кәсіпкерлікке байланысты ағылып жатқан кітаптардың дені адамды өзін сүюге, эгоизмге алып келеді. Отбасылық құндылық, ата-ана, туған-туыс деген ұғым екінші орынға ығысып, бала өзінің тапқанын тек «өзімдікі» деп қабылайды. Бөлісуді ұмытады. Жүрек қарайып, мейірім азаяды. Қуанышта да, қайғыда да эмоциясы бір. Салқынқандылық басымдыққа ие болады. Офистегі орындыққа таңылған өмір ақыры біз айтып отырған адам капиталын, жеке дара тұлғаның бойындағы эгоны қажеттен тыс дамытып жібереді.

Күн шығыстағы Жапон мен Корей фильмдері ше?

Жапон – өзінің салтын сақтау арқылы, ұлттық идеологиясын сәтті жүргізе отырып, озық технологиясымен әлемдегі ең мықты мемлекетке айналды. Кореяның да ұстанымы осы. Қос елдің фильмдерін, сериалдарын қарап отырсаңыз, тек отбасылықты дәріптейтін, ата-анаға деген құрметті көрсететін, туған-туысқа деген сүйіспеншілікті негіз ететін сюжеттерді, кадрларды көресіз.

Ішкі эгосының құндылығын да, қоғамдағы ортасын да 50/50 ұстай отырып дамуға, көшбастуға үйретеді. Шіріген байлықтың үстінде отырған баланың өзі үлкенге құрмет көрсетіп, артын көрсетпей тек алдымен басын иіп есіктен шығады. Тәрбиенің тәнге де, санаға да сіңіп кеткен көрінісі де осы. Алаш Орданың Жапонға еліктеу арқылы елді биік жетістікке алып келуіне бірден-бір себеп те осы. Яғни, ұлттық құндылық пен тәрбиені сақтай отырып, дамуға бет алу.

ЭГО және ҰЛТ

Адамның эгосы алдыға шығып, тек адамдық капитал құндылық ретінде қалыптасқан кезде, ол үшін ұлттық түсінік жойылады. «Адамзаттың бәрі бірдей адам» деген ат үсті пікір қалыптасады. Әркімнің өзі құқы, жеке-дара өмір сүру салты басымдық алады.

«Ұлт» деген сөздің артында бір емес бірнеше кие бар: салт-сана, ұлттық идеология, тәрбие және сол ұлтқа тән өмір сүру қағидасы. Кез келген адамды құдай белгілі бір ұлтқа бөліп жаратты. Біз өзіміз бөлінген жоқпыз, бізді табиғат солай бөлді. Өмірдегі мақсатыңның бір бұрышында сол ұлтқа деген махаббат, сол ұлт жолында еңбек ету керек деген түсінік болуы керек.

Әлемде «Нобель», «Оскар» алған, миллиардер атанған адамдардың екі нәрсесіне қараймыз: жасы мен ұлтына (еліне). Себебі, оның қай ұлттан шыққаны маңызды және қай жасында жетістікке жеткені қызық. Яғни, кез келген жетістікке жеткен жалғыз адамның артында бүкіл бір ұлттың абыройы жатыр.

Қазақ қоғамындағы эго және ұлттық идеология

Қазақтың ертеден келе жатқан өмір сүру философиясы – отбасы құндылығы. Ата-ананың бала алдында борышы және баланың ата-анасы алдындағы борышы, туған-туыстар арасындағы тығыз байланыс секілді ұлттық болмысы бар қағидаларымен ерекшеленеді. Бұл хақында бабадан келе жатқан: «Көп түкірсе – көл», «Көппен көрген ұлы той», «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», «Өле жегенше, бөле же» деген мақал-мәтелдері бар.

Қазақстан – дамшуы мемлекет. Дамыған елден гөрі, дамушы елдерде идеологияның әсері қатты жүреді. Себебі, өзінің бағытын әлі толық айқындап болмаған жас елге әркім өзінің қаңсығы мен таңсығын әкелуге асығады. Бұл үрдіс біздің қоғамда жаппай жүріп жатыр. Мәселен, «феминизм», «діндегі радикалдардың пайда болуы» сынды түрлі жат түсініктердің идеологиясы жүріп-ақ тұр. Күресуге қауқарымыздың жетпеуі де, енді ортадан келген голливудтық фильмдердегі барынша ұлтсыздандыру идеологиясына ұрынғанымыз.

Қазақты не құтқарады?

Жаппай жүріп жатқан идеологияның басты қаруы – көгілдір экран және БАҚ. Ендеше, қазақ кино индустриясын дамыту керек. Нақты қай жағынан дамыту керек:

-         Отбасы өмірінің құндылықтарын дәріптейтін сериалдар;

-         Отбасы өмірі және туысқандықты көрсететін фильмдер түсіру;

-         Отбасы жауапкершілігі туралы арнайы теле бағдарламалар;

-         Отбасы туралы тұрақты жүріп тұратын, үзілмейтін арнайы жобалар, бағдарламалар;

-         БАҚ беттерінде, ата-ана, туған-туыс туралы жақсы әңгімелер мен зерттеу мақалалар жариялау;

-         Баспа беттерінде де, кітап жүзінде де отбасы туралы шағын әңгімелерді көбейту;

-         Отбасы өмірінің құндылығын дәріптейтін жыл сайын байқаулар мен республикалық деңгейде үлкен шаралар ұйымдастыру;


Телеарналарда отбасылық мәселені тек негатив жақтан көрсетпей, берекесін келтіретін, отбасындағы тыныштық пен тыныс-тіршілікті суреттейтін, туыстар арасындағы қарым-қатынастың қандай пайдасы бар екенін көрсететін фильмдердің қатарын молынан жіберу керек.

Адамның ішкі эгосы тек ортақ тепе-теңдікті ұстай алған кезде ғана нәтижеге қол жеткізеді және айналасына сыйлы, берекелі болады. Қазаққа аспаннан ақыл сұраудың қажеті жоқ, бәрі атадан келе жатқан дәстүр мен салт. Тәрбие бар. Тектілік деген сөздің мәні де осында жатыр. Саналы ұрпақтың болашағы бүгіннен басталуы тиіс.