Weekend

Абай бата сұраған жетінші әулие кім?

Сәйхали туралы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сәйхали туралы деректер «Абай энциклопедиясы» мен Мекемтас Мырзахметұлының «Абай лұғаты» атты еңбегінде келген. Бұл басылымдарда Сәйхалиді XV ғасырда өрім сүрген шығыс ақыны ретінде таныстырып, оның дүниенің жаралуынан бастап, Құсайын имамның 680 жылы Көрбала шелінде өлген уақытына дейінгі ұзақ дәуірдің тарихын баяндайтын «Диуана Сәйхали» деген тарихи жыр жазғанын тілге тиек етеді. Сонымен қатар бұл жырдың 1332 жылы Ташкентте, кейін Қазанда, Стамбулда баспадан шыққандығы айтылады.

Дегенмен, біздің қолдағы деректер, жоғарыда келген мағлұматтардың қате екендігін дәлелдеп отыр. Мәселен, Сәйхали туралы «Өзбек ұлттық энциклопедиясында» мынадай тың деректерді кезіктіруге болады:

«Сайқалий (Сәйхали) – (тахаллустері – Хисари, Сабири; есімі – Сабыр) 1730-1798 жылдар аралығында өмір сүрген, ақын. Оның «Қисса-и Ибраһим», «Рангнама-и имам Мұхаммед Ханафия», «Ахтамнама», «Равзат ушшухода» сынды діни-дидактикалық дастандары бар. Ол ғазал, мұхаммас, мұсаддас, мұсамман және мәснауи жанрларында шығармалар жазған. Сайқалидың шығармаларындағы ғашықтық тақырыбындағы «Бахрам мен Гүландам» дастаны ерекше маңызға ие. Сайқали шығармалары Орта Азия, Қазақстан, Татарстанда басылған. Қолжабалары Санк-Петербург, Ташкент, Ашхабад, Душанбе, Самарқанд қалаларындағы қолжазбалар қорында сақтаулы».  

Бұдан бөлек өзбек тілінде жарық көрген «Камолат сари» еңбегінінің 4-бетінде Сәйхалидің өмір сүрген ғасырын нақтылай түсетін дерекке орын берілген:

«ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Сабыр Сайқалидің өзбек әдебиетіндегі орны ерекше. Ол өзіне дейінгі дантаншылық-қиссашылық дәстүрді дамытқан. Оның шығармалары терең пәлсапалық ойлар мен рухани тәлім-тәрбиеге құрылған».

Бұдан шығатын қорытынды, Абай жыр-атын ерттеп мінерде пір тұтып бата сұраған 7 шайырдың бірі – Сабыр Сәйхали туралы деректер қазақ тілді басылымдарда қате берілген, сондай-ақ бұл олқылықтар әманда қайта толықтыру мен түзетуді қажет етпек. 

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ

abaialemi.kz