Travel

Қазақстан туристерді бір түнге ақша төлеуге міндеттемек

2-4 доллар арасында

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәдениет және спорт министрлігі шетелдік туристерді бір түнге 2-4 доллар шамасында жарна төлеуге міндеттеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.


Үкіметте "Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" жобасын таныстырған Мұхамедиұлы туристерге арналған жарна енгізуді ұсынды. Бұл үшін Грузия, Чехия және Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі негізге алынып отыр.

"Бюджеттік жүктемені төмендету үшін тек шетелдік азаматтардан бір түнге 2-4 доллар мөлшерінде "Bed Tax" ұқсас туристік жарна алу тәжірибесі енгізіледі. Шара мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша әрекет ететін болады", - деді министр.

Оның айтуынша, алымдар "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ жанынан ашылған бюджеттен тыс шотқа түседі. Бұл кейіннен компанияның өзін-өзі ақтап шығуына және елдің туризм саласын ілгерілетуге, бюджеттік жүктемені төмендетуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап еліміздің әуежайларында "Tax Free" енгізіледі. Айта кетсек, Tax Free –  саты алынған тауарға қосылған құн салығын қайтару жүйесі.

Министрлік бұл жүйені енгізу үшін Еуропа одағы, Австралия, Таиланд, Сингапур, Ресей, Беларусь, Грузия секілді елдердің тәжірибесін зерттепті.

"Осындай шараның арқасында көптеген дамыған ел сауда айналымын ғана емес, шопинг-туристердің ағынын да ұлғайтып отыр", - деді Мұхамедиұлы.

Қосылған құн салығы республикалық бюджеттен өтеледі, жоба Қазақстанның ірі қалаларында – Астана, Алматы және Шымкент әуежайларында ғана жүзеге асырылады.

sputniknews.kz