Weekend

Қазақ жастары қай елде білім алғысы келеді?

Жігері тасып тұрған жастар мотивацияны әртүрлі ортадан іздейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әдетте, "шетелге құмартқан жастардың білім алуға бел шешкендерінің бәрі бірдей байдың балалары, аға-көкелерінің арқасында шалқып жүр" деген біржақты ойлар аз емес қоғамда. Әсіресе, мемлекеттік "Болашақ" бағдарламасы арқылы оқуға аттанған қазақ жастарына деген бастапқы көзқарас осы бағытта өрбігені жасырын емес. Дегенмен, қарапайым отбасынан шығып, тілдік білімі мен мол ізденісі арқылы Америка асып, Еуропа жағалаған жастардың әлем елдеріне оқуға түсуінің өзіндік себептері бар.

Жырақта жүрген жастардың беймәлім ортаға бейімделуі, тілдік базасының толыққанды болмауы жат жерге табаны тиген қазақ жастарын тығырыққа тірейтіні рас. Осы себепті де www.zhasorken.kz сайты бірнеше жылдан бері жырақта жүрген жастардың оқуға деген талпынысы мен қиындықтарын жазып келеді. Байқағанымыз, әрбір жастың игі-мақсаты оқуға бел шешкен бойдағы шешімдерінің өз қызықтары бар. Соның бірнешеуіне тоқталғанды жөн көрдік.

Алуан түрлі маман иесі атанғанымен қазақ жастарын бір ортақ мүдде байланыстырады. Ол – Отанына оралып, еліне қызмет қылу.  Бұл жолда шетел асқан жастар бірнеше жыл ішінде білім алып, өз саласында толайым тәжірибе жинап қайтады. Білімін әлі де жетілдіруді көздейтіндері қа­лаған оқу орнында білімін толықтырып, магистр не доктор атанады. Ол да келешек­тің кадр саясатына салмақты үлес қосады. Жалпы, әлем елдеріне оқуға аттанған жастар ең бірінші өзіне қолайлы елді іздейді. Дені - білім мен менеджменттің ордасына балан­ған Ұлыбританияны таңдайды. Оның әртүрлі себептері бар. Мәселен, Ұлыбритания - ағылшын тілін меңгеруге әрі қауіпсіздік жағынан тыныш ел. Ағылшындардың тілдік ор­тасы тоғысқан жер. Екінші­ден, енді ғана баратындар үшін тұманды Альбионда ілім іздеген жастар көп. Соның бі­рі әлемнің алты оқу орнынан шақырту алған Нұржан Сейіл­хан.

Талапты жас Ұлыбрита­ния­ның Бирмингем университетінің студенті болуды қа­лапты. Жоба менеджменті ма­мандығында білім алуды көздеген Нұржан "Болашақ" бағдарламасымен Америкаға ат­танамын деп ойламаған екен. Өз қатарластарының қыр асып, маңдайалды оқу орындарына түсуі оның мақсатын айқын ете түскен.

– "Болашақ" бағдарламасы маған қол жетпейтін армандай болып көрінетін. Шетелден білім алып келіп жатқан таныстарым мен достарымды көре бастағанда алдыма мақсат қойдым. Біз тапсырған жы­лы "екі жыл еңбек өтілің болуы керек" деген талап болды. Университетті бітіріп, екі жыл Атырау қаласындағы "Қа­шаған" компаниясына жұ­мыс­қа тұрдым. Екі жыл дайындалдым десем өтірік емес. Әр нәрсенің өз қиындығы бар. Стипендия иегері болу оңай емес. Елімізге қажетті мамандықтардың бірі бойынша оқып жатырмын. Шетелде білім алудың мүмкіндігі жалғыз "Болашақ" бағдарламасы емес. Елден жырақта білімім­ді жетілдіремін десең, түрлі білім бағдарламалары бар. Тек ағылшын тілін жақсы білуің керек, - дейді Нұржан.

Ұлыбританияға аялдаған Нұржан шетелде жүріп тек білім ғана емес, ішкі мәдениетті де меңгеруге мүмкіндік болатынын жасырмапты. Әрі көңілі қалаған елдің тарихы мен тұрмысын біздің елмен са­лыстырып, анализ жасаған.

– Тұманды Альбион – кез келген жағынан дамып жат­қан жер. Ертеректегі империя бол­ғандықтан, ғылым мен білім са­ласы, мәдениет пен тұрмыс деңгейі, денсаулық ахуалы бізден әлдеқайда жоғары. Күн сайын дамып жатқанының құпиясы халықтың бір-біріне деген ілтипатынан да болуы мүмкін. Сенесіз бе, олар кү­ні­не мың рет "рахмет" пен "ке­ші­ріңізді" айтады. Халқының ішкі мәдениеті өте жоғары. Бізге үлгі болар тұстары көп. Адал еңбекпен нан тапсақ игі еді. "Әке, көкеміз" азайса екен деймін. Сонда ғана дамитын боламыз. Экономика әлсіреп тұр. Оның да еліміздің дамуы­на зияны бар, - деп қынжылыс білдірген.

Келешекке көз салған тағы бір топ жастардың таңдауы сөзсіз Америкаға ағылады. Барлық ұлтты бір арнаға бі­ріктіріп тұрған Америка Құ­рама Штаттарында білім алу кез келгеннің арманы. Білімге басымдық беріп, нәтижеге ден қоятын ағылшындардың талапты жасты қолдауының айрықша болуы қазақ жастарын өзіне тартып тұрады. Оңтүстік Калифорнияда білім алған Талшын Тоқыжанованың шетелге баруы кездейсоқ болған.Тілді меңгеруге деген талпынысына халықаралық конференция себепші болған.

– Германияда студенттерге арналған "World Business Dialogue" атты бизнес саласы бойынша студенттерге арналған ең жақсы конференцияға өтініш бердім. Он күннен соң: "Сіз өтініш білдірген 2500 студенттің ішінен іріктеуден өткен 300 адамның бірісіз, сондай-ақ, баяндама жасайтын үздік 30-дың қатарына ен­діңіз" деген хабарлама алдым. Ең қызығы, ол 30 студент жеке-жеке баяндама жасамайды екен. Дүниежүзінің 30 елі­нің 30 студентін 5 адамнан 6 топқа бөліпті. Мен Дания, Иордания, Үндістан, Қытай елінің студенттерімен бірге бір тақырыпқа дайындалып баруым керек болды. Қалған 300 қатысушыдан 30 студент Кельн қаласына сәл ертерек бардық. Бастысы - тәжірибе, шетелдік әріптестермен бір топта жұмыс жасай білу. Бұл 2013 жылы 4-курста оқып жүр­ген кезім болатын. Шын мә­нін­де, ол кезде ағылшын тілін аса жақсы білмейтінмін. Ағыл­­шынша сөйлегендердің бір сөзін түсінсем, бір сөзін ұқпайтынмын. Конференцияға барып келген соң, "мен ағылшын тілін жетік меңгеріп, шетелдіктермен тең дә­режеде жұмыс жасай алуым керек" деген мақсат пайда болды, - дейді Талшын.

Американың оқу жүйесіне қызыққан Талшынмен қатар Бақытжан Әлжанұлы да Нью-Йорк университетінің түлегі атанып, мақсатына жеткен. Оқи жүріп, өндірісте қызмет еткен Бақытжан шетелге бел буған адам алдымен тілдік базасына мән беру керек дегенді алға тартады.

– Әрине, шетелге шыққысы келетін азамат, біріншіден, коммуникациялық тілді білу ке­рек. Ағылшын тілін үйренуді қазірден бастап ойланбай қолға алған жөн. Екінші мәселе, өзіңнің мамандығыңды жақ­сы білу қажет. Біздің елде қандай мәселе бар, мен оған қа­лай көмек бере аламын деп алдын ала зерделеген дұрыс. Бағыт айқын болу керек. Осы екі мәселені негізгі деп айтар ем. Қазір интернеттің арқасында үйде отырып-ақ әлеммен байланыс орнатуға болады. Сол мүмкіндікті іні-қа­рындастарым толық пайдаланса екен деймін. Жобалар өте көп. Неше түрлі оқу орындары, грант алмасулар… Дамыған елдер дамушы елдерге 50 пайыздық жеңілдіктер беріп жатыр. Соларды игеру керек, - дейді  Бақытжан Әлжанұлы.

Шетелге шығуды тек қыдырып қайту үшін емес, ілім іздеу деп түсінетін жастар баршылық. Өз елінде оқи жүріп, студенттерге арналған арнайы марапат арқылы шетелге жолдама алған Адина Хамитова іздене жүріп, Дания астанасы Копенгагенде қызметте тәжірибе алмасуға барған. Алайда, ол мамандығын өзге салада жал­ғас­тырамын деп ойламаған.

– Банк саласында жұмыс іс­тейтін шығармын деуші едім. Бірақ, мүлдем басқа жаққа, денсаулық сақтау саласының экономика, жоспарлау, инвестицияның маманы болып шық­­тым. Таңдауыма өкін­бей­мін. Англияға келгенде ағылшын тілін акцентпен сөйлей­тінмін. Аздап ұялатынмын. Өзімді қолға алуға кірістім. Мәдени жаңалық тарататын BBC Word арнасын үзбей көр­дім. Сосын ағылшындардың сөйлегеніне қарап, сөздің мә­нерін бақылайтынмын. Ден­сау­лық сақтау саласында зерттеу жұмысына қызығатын жастарға кітап оқуға кеңес бере­мін. Экономиканың беталысын білу үшін Harvard Busness Review және The Economic жур­налын жиі оқыған жақсы. Сараптама мақалаларды оқы­ған дұрыс. Жалқаулыққа жол бермеңдер, ұйқыға уақыт табылады. Испан тілін Англияда жүргенде оқыдым. Ал швед тілін магистратураға түскен  уа­қытта арнайы курстан оқы­дым, - дейді Адина.

"Денсаулық сақтау саласының менеджері" мамандығына магистратураға оқуға қабыл­дан­ған Адина Хамитова зерттеу ісіне мойын бұрып, соның қы­зығына түскен. Ауыз судың сапасына қатысты іргелі зерттеу жүргізген. Тіпті елге келген сәт­те Қазақстанның бірнеше қалаларының ауыз суының бүгінгі жағдайын бақылап, зерттеу жасаған.

– Астана, Алматы, Атырау қалаларының ауыз суына зерт­теу жасадық. Өкініштісі, біз­дің су лас әрі сілтілі. Судың са­пасын жақсарту үшін инновациялық технологияны көп­теп енгізу керек. Бірнеше жоспарым бар. Қазір швед компа­ния­сымен бірге жұмыс істеп жатырмын. Жылдың соңында суды тазартуға арналған арна­йы сүзгілер мен басқа да қа­жетті қондырғыларды елге апарып, орнатпақпыз. Отанымды жақсы көремін. Сезімімді сөзбен емес, іспен дәлелдегім ке­ле­ді, - деп ағынан жарылды Адина.

Мән беріп қарасаңыз, Болашақ бағдарламасы болсын, жекеленген оқу орындарының гранттарына талабына сай бол­ған студенттер болашақ мамандығын көбіне техникалық әрі менеджмент саласынан кө­реді. Дегенмен, құрлық асып, жиһан елдерінде білім алған жас­тардың арасында жұрт көп бара бермейтін мамандықты таңдаған жандар да табылады. Сән әлемінің жанданған Еуропада білім алып, отандық сән әлемін биікке жеткіземін деген үлкен арманға қадам басып, оған қолы жеткен санаулы жастың бірі – Айнұр Ерімбет.

Нарықтың талабына сай қа­жеттілігін жоймайтын мамандық түріне бейімделген уақытта Айнұрдың дизайн саласын таңдауының өзіндік себебі бар. Өнерлі дизайнер мұ­ны былайша түсіндіруге тырысыпты.

– Біздің елімізде экономика мен саясат саласына білім гранттары көп бөлінеді. Ал сән индустриясы, дизайнға көп көңіл бөлінбейді. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ешқашан өлмейтін төрт мамандық бар. Бірінші – дә­рігерлер. Адам өмірі, адамның денсаулығы – ең басты құн­дылық. Демек, ақ халатты абзал жандарға деген сұраныс төмендемейді. Екінші – тамақ өндірісі. Мейлі, соғыс болсын, бейбітшілік болсын, адамдар тамақтан бас тарта алмайды. Ал, саясат пен экономиканың аш адамға қажеті шамалы. Үшінші – құрылыс саласы. Адамдар, тіпті, жабайы өмір сүрген күннің өзінде баспананы басты назарда ұстаған. Жайлы өмір сүру үшін тамақтанып, жұ­мыс істеп, баспаналы болуы ке­рек. Демек, құрылысшы­лар­ға деген сұраныс та кемімейді. Төртінші – киім. Сән индустриясын былай қой­ғанда, киім өндірісінің тұтынушылары ешқашан азайған емес. Жұмысқа да, тұрмысқа да, тіпті, соғысқа да киім керек. Сондықтан дизайн мен тігін саласына мемлекет көп көңіл бөлуі тиіс. Аталған төрт саласы дамымаған елдің саясаты да, экономикасы да алға баспайды. Демек, дизайн ма­мандығы керек бағыт, - дейді Айнұр Ерімбет.

Қалай десек те, шетелден келген жастарға ел-жұрттың көзқарасы екіге жарылады. Бі­рі қолдайды, ендігі бірі дат­тайды. Пікірлер арасында шетелден келетін жастар елдегі жұмысты менсінбейді, оларға жоғары айлық керек" деген ойлар ішінара айтылып та жүр. Бірақ ол ойды Италияда білім жиып келген Айнұр Ерімбет қолдамайды. Дизайнер Қазақстанға қайтқаннан кейін елдегі жүйемен жұмыс істеудің қиындық кел­тіргенін жасырмайды.

– Оқуымды аяқтап Қа­зақс­танға келген соң Құралай Нұрқаділовамен, AB Restaurants және басқа да компаниялармен жұмыс іс­те­дім. "Астана Операға" арналған киім үлгілерін жасағанда ғана мені қуаныш се­зімі биледі. Бірақ, біреудің қо­ластында жұмыс істей алмадым. Себебі, олар сенің идеяңды, сенің ойыңды өз­гертуге тырысады. Сондықтан жұмыс мансабым үнемі сәтсіз аяқталып отырды. Ата-анам мен туыстарым да менің болашағыма алаңдаушылық таныта бастады, - дейді дизайнер.

P.S. Арман жолында әркім әрқалай биікке көтеріледі. "Оқу инемен құдық қазғандай" деген тіркес шетелде білім алып келген жастарға бағытталғандай. Бір анығы, мақсаты айқын жас буын бір сәтте алыс-жақын шетелге топ ете түсе салмағаны анық. Бәрінің де талабына жол ашып тұрған - тілдік білім. Демек, бүгін қиын болған іс ертең күрделене беретінін ескерсек, тілді білудің сән емес, қажеттілік екенін түсінетін уақыт жетті.


Абай ТАҒЫБЕРГЕН